https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Қаздауысты Қазыбек Қарағандының қақ төріне орнықты


Қаздауысты Қазыбек Қарағандының қақ төріне орнықты
Ұлы би туралы толғауының бірін­де қазақ ауыз әдебиетінің ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жасаған аса ірі өкілі Ақтанберді жырау:

–Уай, Қазыбек, Қазыбек,

Ел сыйлаған ағасың.

Қызыл тілмен келтірдің,

Ойрат-қалмақ тәубасын.

Басын қостың қазақтың,

Болсын деп әр кез азат күн! – деп тө­гілген екен. Тағы бір замандасы Бұ­қар жырау:

– Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек –

Орманнан көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек, – дейді.

Ат жалын тартып мінген шағынан Алланың аманатын тапсырғанға де­йінгі ғасырлық ғұмырын, Ақ­тан­берді мен Бұқар жырау тол­ғағандай, алаш ұранды халқының азат­тығы жолындағы күреске ар­наған Қаздауысты Қазыбекке Қара­ғандының қақ ортасында, облыс әкімшілігі алдындағы айналма жол­дың ортасындағы алаңға қойылған ескерткіштің тұсаукесер рәсімі кеше тал түсте өтті.

Салтанатты жиынды ашқан об­лыс әкімі С.Ахметов мырза:

– Өзінің тәуелсіз дамуының 20 жылдығына Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев бастаған Қазақстан толағай табыстармен келіп отыр. Азаттық жо­лындағы күресте миллиондаған арыстардың қаны төгілді. Ұлы мұ­раттар көксеген халықтың алдында ел бірлігін ту етіп ұстаған Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қарасай батырлар, Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке би сияқты көсемдер жүрді. Елдің атын шығарып, абы­ройын асқақтататын – қайраткер тұлғалары. Қарағанды облысының өңірі де жердің тұтастығын, елдің береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғадан кенде емес. Солардың бірегейі – атағы алты алашқа тараған Қаздауысты Қазыбек, – дей келіп, Ол қара қылды қақ жарған әділ билігімен ел есінде сақталған мемлекет және қоғам қайраткері болғанын айтты.

– Қаздауысты Қазыбек – сали­қалы сөз, салмақты мінезімен, ақыл-парасатымен, тапқырлығымен та­ныл­ған ұшқыр ойлы кемеңгер, – деді Серік Нығметұлы.
– Соңында шешусіз дау қалдыр­маған, ел тағдыры көкпарға түскен тартыста әманда қарсыласын жеңіп шыққан жүйелі сөздің жүйрігі, қы­зыл тілдің шебері. Ел басына күн туған қиын шақта тайынбай дауға түскен, тайсалмай жауға түскен, әділ­дікті, шындықты жақтаған аб­зал азамат. Елінің бостандығы үшін аянбай күрескен осындай би, батыр, дипломат, асқан ақыл иесіне ескерткіш ашылуы – зор қуаныш. Бұл – тек облысымыз ғана емес, бү­кіл Қазақстанның тарихи, мәдени өміріндегі маңызы орасан оқиға. Ескерткіштің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, тарихымызға, ата-баба өсиетіне адалдығымыздың белгісі, Отанымыздың қуатының, ұрпақтар сабақтастығының, рухани бірлігіміздің көрсеткіші. Өткенге – құрмет, аруақты аталарға – тағ­зым. Елдің, аймақтың рухани өмі­рінде болып жатқан жаңалықтар жақ­сылықтың нышаны. Биылғы мерейлі, мерекелі жылы көптеген әлеуметтік, мәдени нысандар ашылып, шат­тығымыз жалғаса береді.
Облыс әкімінен кейін мінбеге кө­терілген ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров Қара­ғанды еліміздің саяси, экономикалық һәм әлеуметтік дамуында ерекше орны бар облыс екенін айта келіп, Қаздауысты Қазыбек әрдайым қара қылды қақ жарған әділдіктің эталоны болып қала беретінін білдірді.

ҚР Парламенті Сенатының де­путаты, академик Ғарифолла Есім Қазақстанның қазіргі жеті облысы орналасқан өңірге, оны қоныстанған жұртқа билігі жүрген Қаздауысты Қазыбектің қазақ мемлекеттігін қа­лып­тастырудағы, жері бостан, халқы азат болуы жолындағы еңбегіне тоқ­талды.

Еңселі ескерткіштің тәуелсіз ел тарихында, өңірдің мәдени дамуында алатын орны жайлы Қарағандының «Болашақ» университетінің рек­то­ры, заң ғылымдарының док­торы, «Қаздауысты Қазыбек» энцик­лопедиясын құрастырушы топтың жетекшісі Нұрлан Дулатбеков, Ұлы бидің мүрдесі қойылған Түр­кістандағы «Әзірет Сұлтан» мұражай қорығының директоры Мәулен Сәдібеков көсіле толғанса, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман сиясы кеппеген керемет өлеңін оқып берді.

Ұлы бидің ұрпақтары қоныс­танған Қарқаралы ауданы халқы­ның ыстық сәлемін жеткізген Со­циалистік Еңбек Ері Cайлау Біләлов, ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына жасалған тамаша тарту елімізді өркенді өзгерістерге бастай­тынына сенім білдірсе, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақ­сұңқарұлы оқиғаға орай жазылған ой-пікірін оқып, тебіренді.
Қаздауысты Қазыбек ескерткі­шінің ашылу салтанатындағы шағын ғана театрлық көріністен кейін облыс әкімі Серік Ахметов пен ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров мүсіннің тұғыртасының түбіне гүл шоқтарын қойды.
Ресми салтанат аяқталып, салтанатты рәсімге жиналған жұрт ескерткішке тәу етіп, жапа тармағай суретке түсуге кіріскенде осынау тұсаукесер үшін Астанадан арнайы келген қаһарман ағамыз, еліміздің еңсегей тұлғасы Тоқтар Әубәкіров ағамыздан бір ауыз пікір сұрадық.
– Қаздауысты Қазыбекке ескерт­кіш қойылуы – тарлан тарихтың бетінде таңбалануға тиісті зор оқиға. Қарағандыға сан басшы келіп, кетті. Бірақ, мынандай ескерткіш қою осы әкімнің тұсында ғана мүмкін болды. Сол үшін оған бүкіл халық атынан алғыс айту керек. Мені ерекше қуантқан тағы бір жай: Ұлы бидің ескерткіші облыс әкімдігінің алдында тұрса да бетін билікке бұрмай, қабырғалы халқына қарап тұр екен. Бұл – үлгі алатын нышан, – деді қазақтың тұңғыш ғарышкері.


Ермек БАЛТАШҰЛЫ.


P.S. Қаздауысты Қазыбектің қола­дан құйылған ескерткішінің биіктігі 6, тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі 14 метр. Мүсін орнатылған тұғыр гранитпен қапталған. Ескерт­кіштің авторы – Астанада тұратын қа­рағандылық мүсінші Мұрат Мансұров. Ол:

– Қаздауысты Қазыбектің жоғары көтерілген оң қолы халқына тура бағыт сілтеп, жөн көрсетсе, сол қолына заңдар жинағын ұстап тұр, – деп анықтама берді.
Ескерткіш облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған, өзара ынтымақтастық ту­ралы меморандум шеңберінде бө­лінген 33 миллион теңгеге тұр­ғызылды.

СУРЕТТЕРДЕ: Қаздауысты Қа­зы­бекке қойылған ескерткіштің тұ­сау­кесер рәсімінен көріністер.

Суреттерді түсірген Ж.Иманәлі­ұлы мен Д.Кузмичев.


Орталық Қазақстан. - 2011. - 11 қазан (№ 168). - 1 б.