https://electroinfo.net

girniy.ru   1 ... 12 13 14 15

Республикалық индустрияландыру картасы

Республикалық индустрияландыру картасы салалық бағдарламалар мен мастер-жоспарларда көзделген инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы болып табылады.

Қазақстанды индустрияландырудың республикалық картасына жобаларды іріктеу процесі итерациялық болып табылады, яғни, Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар тізбесі өтінімдердің түсуіне және тиісінше олардың мақұлдануына қарай тоқсан сайын жаңа жобалармен толықтырылуы мүмкін.

Республикалық маңызы бар жобаларды іріктеу мынадай сипатта жүзеге асырылатын болады:

1. Инвестициялық жобаларға өтінім берушілердің Салалық жұмыс топтарына өтінім беруі.

2. Жұмыс топтарының салалық талдау және мынадай өлшемдерге сәйкес бастапқы іріктеу жүргізуі:

1) жобаның стратегиялық мәні;

2) салалық тиістілігі — жобаның Бағдарламаның басым бағыттарына сәйкестігі;

4) инновациялылығы, яғни бұл жоғары технологиялы өндірістерді қалыптастыруды көздейтін жобалар;

5) экспортқа бағдарлануы - бұл өнімдерді әртараптандыру және технологиялық тізбекті жалғастыра отырып, дәстүрлі экспорттық секторларды дамыту;

6) экономикалық көрсеткіштері: қосылған құнның, еңбек өнімділігінің, қаржы-экономикалық көрсеткіштерінің (IRR, EBITDA) деңгейі орташа салалық әлемдік көрсеткіштерден жоғары болуы тиіс.

3. Проблемалы мәселелерді жинау және талап етілетін қолдау шараларын айқындау:

1) мемлекеттік қолдау (сауда, инвестициялық преференциялар, мемлекеттік кепілдіктер мен кепілдемелер беру, даму институттарының кепілдіктері);

2) ресурстық қолдау (еңбек ресурстарымен, электрмен, минералдық шикізатпен, көліктік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету);

3) қаржылық қолдау (даму институттарының, екінші деңгейдегі банктердің, республикалық бюджеттің қаражаты, ұлттық компаниялардың қатысуы, ставкаларды субсидиялау).

4. Үйлестіру кеңесінің отырысында дайындық дәрежесі бойынша үш топқа бөле отырып мақұлдау:


бірінші топқа іске асырылуында проблемалары жоқ жобалар жатқызылатын болады (ЖСҚ бар, қаржыландыру, инфрақұрылым және өткізу мәселелері шешілген);

екінші топқа кейінге қалдырылған шарттары бар жобалар жатқызылады - ЖСҚ (ТЭН) бар жеке проблемалар, өткізу мәселелері пысықталған, қаржыландыру мәселелері пысықталуда;

үшінші топ - әзірлеу сатысындағы жобалар (ЖСҚ/ТЭН әзірлеу сатысында, жобаны іске асырудың түйінді мәселелері шешілмеген).

5. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында жобаны мақұлдау.

6. Базалық Индустрияландыру картасын тиісті санатқа енгізу және жобаларды іске асырудың кестесі мен іс-шаралар жоспарын бекіту.

Жобаларды іске асыру кестесі жобаны іске асыру кезеңдерін сипаттауға арналған және жауапты орындаушыларды, іске асыру мерзімдерін және қажетті ресурстарды көрсетуді көздейтін болады.

Жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жауапты орындаушыларды, іске асыру мерзімдерін және болжамды шығындарды қамтитын, бизнестің жобалары мен міндеттемелері бойынша мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталады.

Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемалы мәселелерді шешу мақсатында тиісінше Премьер-Министр және өңірлер әкімдері басқаратын үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі республикалық және өңірлік басқару орталықтары құралатын болады.

Бағдарламаны іске асырудың осы құралдарын пайдалану мемлекеттің жобаларға қолдау көрсетуі және бизнес-қоғамдастықтардың өздері қабылдаған міндеттемелерді орындауы арқылы жобаларды іске асыру жөніндегі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.

Шағын және орта бизнес мемлекет пен ірі инвесторлардың экономиканың секторларын және инфрақұрылымды ұзақ мерзімді дамыту жөніндегі ниеті туралы ақпарат негізінде төлемге қабілетті сұранысты бағалап, инвестицияларды жоспарлай алады.


Маңызы бар жобалардың мониторингін Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесі базасында Үйлестіру кеңесімен бірлесіп, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ай сайынғы негізде жүзеге асыратын болады.

Ақпараттық жүйе қазіргі заманғы ІТ-технологияларды пайдалана отырып, ақпарат жинау, өңдеу және олар бойынша шешімдерді келісудің интерактивті үдерісін қамтамасыз етеді.

 

 

4.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру схемасы мен құралдары

 

4.2.1 Даму институттарының, ұлттық компаниялардың бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асырудағы рөлі

 

Бизнестің, даму институттарының ұлттық компаниялар мен қаржылық құрылымдардың қызметін ықпалдастыратын өңірлер әкімдіктері жергілікті деңгейде индустрияландыру саласындағы шағын және орта бизнестің бастамаларын ілгерілетуге жауапты болады.

Өңірдің әкімі:

үдемелі индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі ұсынымдарды, өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілетін бизнес жобаларын мемлекеттік қолдау шараларын іріктеу және айқындау бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылған және мемлекеттік органдар, даму институттарының, ұлттық компаниялардың, кәсіпкерлік құрылымдардың, екінші деңгейдегі банктердің өкілдерінен және тәуелсіз сарапшылардан құралған Үйлестіру кеңесін;

өңірлік индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемаларды шешу мақсатында құрылатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік басқару орталығын басқаратын болады.

Әкімдік құрылымында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберлерінде индустрияландыру саясатын іске асыру мәселелеріне жауапты өңір әкімінің бірінші орынбасары лауазымы енгізілетін болады.

Бизнес-белсенділікті кіріктіру және кәсіпкерлікті қолдаудың инфрақұрылымын құру құралдары Аумақтарды дамыту бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы — 2020» бюджеттік бағдарламасы болады, мұның аясында әрбір даму институтының рөлі, олардың жергілікті атқарушы органдармен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасасу тетіктері, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау шараларын қаржыландыру көздері нақты айқындалатын болады.


Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі - ӘКК) инвестициялық жобаларды іске асыруға бизнеспен бірлесіп қатысу, шетелдік инвесторларды тарту, индустриялық аймақтарды, технопарктерді, бизнес-инкубаторларды дамытуды үйлестіру, жеке бизнес үшін тартымды болып табылмайтын, бірақ маңызды әлеуметтік мәнге ие желілік жобаларды дамыту және көбейту (мысалы, сервистік-дайындау орталықтарын құру және басқалары), кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету жолымен өңірлік даму институтының рөлін атқарады.

ӘКК және «Қазагро» ҰБК» АҚ құрылымдары мыналарға шоғырландырылатын болады:

өткізу және дайындау кооперациясын ұйымдастыру;

шикізат, азық-түлік сатып алу жолымен нарықты және тауар өндірушілерді қолдау;

ұсақ лектерді шоғырландыру, сертификаттау және басқа операцияларды қоса алғанда, «шатырлық» брендтермен қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сыртқы нарықтарға экспорттау және ілгерілету.

«ДАМУ КДҚ» АҚ-ның қызметі кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қызметтердің кең спектрін ұсынуға шоғырланады:

екінші деңгейдегі банктер арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы қаражатын шартты орналастыру арқылы кредит беру;

«Даму-Қолдау» бағдарламасы шеңберінде тікелей кредит беру;

лизингтік мәмілелерді жеңілдікті қаржыландыру және лизингтік компаниялардағы қаржы қаражатын шартты орналастыру;

жергілікті атқарушы органдардың қаржы агенттерінің кредиттердің пайыздық ставкаларын субсидиялау жөніндегі функцияларды орындауы;

екінші деңгейдегі банктер алдында кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша кепілдік беру және кепілгерлік жүйесін қалыптастыру;

«ДАМУ» КДҚ мен басқа қаржы институттарының кепілдігімен кәсіпкерлік кредиттерінің портфелін секьюритилендіру;

франчайзингті дамыту;

консультативтік-тренингтік орталықтар желісін құру, кәсіпкерлік жөнінде мамандандырылған басылымдар шығару және тарату жолымен кәсіпкерлік қызметіне ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсету.


Мамандандырылған қаржы институттарын, оның ішінде, шағын қаржы ұйымдарын, кредиттік және ауылдық кооперативтерді дамытуға жәрдемдесуді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрылымдары жүзеге асыратын болады.

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ және «Парасат» ұлттық холдингі мыналар арқылы инновацияларды қолдауға және ілгерілетуге шоғырланатын болады:

технологиялар трансфертін, білім беруді, лицензиялар сатып алуды және беруді, start-up&spin-off жобаларды іске қосуды және шығаруды қамтамасыз ету;

инновациялық жобаларды гранттық қаржыландырумен қамтамасыз ету;

венчурлік қаржыландыруды дамыту;

ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту;

ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету және оның ішінде шетел сарапшыларын тарта отырып, инновациялық процестерді сүйемелдеу жүйесін құру;

жаңашылдықты және ұтымгерлікті насихаттаудың кешенді бағдарламасын іске асыру.

Бизнес-процестерді қолдау мамандандырылған сервистік ұйымдардың қызметі шеңберінде мыналар арқылы жүзеге асырылатын болады:

технопарктер мен бизнес-инкубаторлардың қызметтерін ұсыну;

бизнесті басқару, дамыту саласындағы консалтингтік қызметтерді консультативтік-тренингтік орталықтары желісін құру жолымен ұсыну;

жобаларды әзірлеу, негіздеу және іске асыру саласында инжинирингтік қызметтер көрсету, оқыту қызметтерін ұсыну;

маркетингтік зерттеулер жүргізу;

жобаларға технологиялық сараптама жүргізу;

шетелдік нарықтарға шығуға жәрдемдесу.

 

 

4.2.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру тетіктері

(Бизнестің жол картасы - 2020)

 

«Бизнестің жол картасы - 2020» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кәсіпкерлікті, бірінші кезекте, шағын және орта бизнесті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталатын болады. Бұл бағдарламаны қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша мемлекет бюджетінен жүзеге асырылады:


кәсіпкерлік секторды сауықтыру;

кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;

кредиттерге кепілдік беру;

индустриялық инфрақұрылымды дамыту;

бизнес жүргізуді сервистік қолдау;

кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлау.

Кәсіпкер осы бағдарламада, сондай-ақ Бағдарламада көзделген басқа да бюджеттік бағдарламаларда көзделген мемлекеттік қолдаудың аралас пакетіне үміттене алады.

Қолдаудың негізгі өлшемдері:

экспортқа бағдарлану және/немесе кейіннен сыртқы нарыққа шығумен қазақстандық қамтуды арттыру;

жаңа жұмыс орындарын құру.

Әрбір өңір үшін Үкімет айқындаған орталық атқарушы орган әзірленген әдістеме негізінде өңірдің экономикалық әлеуетін ескере отырып есептелетін қаржыландырудың жалпы лимитін белгілейтін болады.

Әкімдіктер осы бағдарламаның бағыттары бойынша қаржыландырудың жалпы лимитін дербес бөледі.

Операторлар рөлін ӘКК-ларға жүктеу жоспарлануда, олар өңірлік Үйлестіру кеңесінің жұмыс органының функцияларын, субсидиялау және кепілдік беру үшін жобаларды іріктеуді және қарауды жүзеге асырады, индустриялық инфрақұрылымды дамытуды үйлестіруді, сервистік қолдау мен кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін болады.

Кәсіпкерлік секторды сауықтыру шеңберінде мынадай қолдаулар көрсетіледі: берешек кәсіпорынды Банктердің қазірдің өзінде бар кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау және берешек кәсіпорынның салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдерін өтеуін өсімпұлдар мен айыппұлдар салмастан 1 жылға кейінге қалдыру.

Кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау экономиканың басым секторларындағы қосылған құны жоғары жаңа өндірістерді жаңғыртуға, кеңейтуге және ұйымдастыруға бағытталған жобалар бойынша жүзеге асырылады.

Ең жоғары субсидиялау мерзімі 3 жыл болып, ол мерзімді 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен іске асырылып отырған жобалар бойынша жаңа және бұдан бұрын берілген кредиттер субсидияланады.


Өтінім берушінің жобаға кемінде 15 % мөлшеріндегі өз қаражатымен қатысуы қолдаудың міндетті шарты болып табылады.

Кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау ӘКК мен екінші деңгейдегі банктердің оң қорытындылары негізінде өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес жүргізіледі.

мониторинг жүргізуді әкімдіктер, екінші деңгейдегі банктер мен қаржы агенті арасында жасалатын Бас келісім шеңберіндегі тиісті рәсімдерді орындай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қаржы агенті жүргізеді.

Агенттік қызметтерінің құны бюджеттен өтеледі.

Сыйақы ставкаларын субсидиялау тетігін, тәртібі мен шарттарын Үкімет айқындайды.

Ең көп мөлшері кредит сомасының 50 %-і болатын және кепілдік беру мерзімі кредит шартының әрекет ету кезеңінен аспайтын жаңа өндірістерді ұйымдастыруға бағытталған кәсіпкерліктің кредиттеріне кепілдік беруді ӘКК мен екінші деңгейдегі банктердің оң қорытындылары негізінде өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қаржы агенті жүзеге асырады.

Өтінім берушінің жобаға кемінде 15 % мөлшеріндегі өз қаражатымен қатысуы қолдаудың міндетті шарты болып табылады.

Қаржы агентінің шығындарын жабуға арналған резерв осы бағдарламаның қаражаты есебінен қалыптасады.

Кредиттерді кепілдендіру тетігін, тәртібі мен шарттарын Үкімет айқындайды.

Индустриялық инфрақұрылым осы бағдарламаға енгізілген жобаларды іске асыруды қолдау, сондай-ақ өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде перспективалы әлеуетті жобаларды іске асыру үшін берілетін болады.

Кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлау, оның ішінде, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелер мен өлшемдер негізінде әкімдіктердің қаражат бөлуі жолымен қаржыландырылатын болады.

Бұл бағдарламаның мониторингі «Атамекен» ҮӘК-мен және бизнестің басқа да қоғамдық ұйымдарымен бірге жүргізіледі.

 

 

4.3 Бизнес бірлестіктерінің рөлін арттыру

 

Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын дамыту шеңберінде мыналар қамтамасыз етілетін болады:

орталық және жергілікті атқарушы органдарда, Қазақстан Республикасының Парламентінде және халықаралық ұйымдарда бизнес бірлестіктері мүшелерінің мүдделерін білдіру және қорғау;

экономикадағы төрешілдікті жою, артық әкімшілік кедергілерді алып тастау, мемлекеттік органдардың лицензия-рұқсат беру және бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру жөніндегі кәсіпкерлік саласындағы нормативтік құқықтық базаны дамыту үшін кәсіпкерлер бірлестіктерінің сараптау-консультативтік функцияларын орындау;

мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге қатысу.

бизнесті «көгалдандыру».

Бизнес-ортаны шоғырландыру үшін мыналар ынталандырылатын болады:

кәсіпкерлер бірлестіктерінің мүшелік базасын өсіру;

ірі корпорациялардың шағын бизнес кәсіпорындарын бизнес-бірлестіктердің институционалдық тетіктері арқылы қолдауы;

кәсіпкерлердің салалық, өңірлік қауымдастықтары мен олардың бірлестіктері арасындағы қызметті үйлестіру.

Үкімет, кәсіподақ және жұмыс берушілер арасындағы үш жақты ынтымақтастық шеңберінде әлеуметтік әріптестікті дамыту жалғасады.

Экономикалық агенттер арасында шаруашылық дауларды шешу кезінде трансакциялық шығындарды төмендету үшін мыналар қолдау табатын болады:

аралық және төрелік соттардың, оның ішінде, Сауда-өнеркәсіп палаталарының жанындағы қызметі;

соттан тыс қарау тетіктері.

Кәсіпкерлер бірлестіктерінің бизнес-интеграторлары ретінде бірлестіктер қатысушыларды қолдау бойынша әртүрлі функциялар жүзеге асырылатын болады:

экспортты бірлесіп жылжыту;

кооперациялардың әртүрлі нысандарын дамыту;

сервистік қызмет көрсету;

нарықтарды қолдау және басқа да функциялар.

 

 

5. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету


 

Бағдарламаны табысты іске асыру үшін мемлекеттің және жеке меншік сектордың қаржы ресурстары шоғырландырылатын болады, бұл ретте мемлекет жүйелі және секторалдық қолдау шараларын, инфрақұрылымды дамытуды қаржылық қамтамасыз етуге, ал жеке меншік сектор мен ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар жобалық қаржыландыруға шоғырланатын болады.

Бағдарламаның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалатын тікелей шығынның болжамды көлемі шамамен 6,5 трлн. теңгені құрайды және мынадай көздерден қамтамасыз етілетін болады:

жеке меншік ішкі және сыртқы инвесторлардың қаражаты;

ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын өзге де ұйымдардың қаражаты;

инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ индустрияландыруды мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жалпы жүйелік шараларын қаржыландыруға арналған мемлекеттік бюджет.

 

 

6. Бағдарламаның нәтижелері

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаны табысты іске асыру оны әртараптандыру және ұзақ мерзімді кезеңде бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуді қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі, ұлттық инновациялық жүйенің дамуы және нығаюы, экономиканың шоғырлану деңгейінің төмендеуі, индустрияландыру үдерісінде шағын және орта бизнес рөлінің күшеюі, индустриялық сектордың өндіргіш күштерін ұтымды ұйымдастыру, адами капитал сапасының өсуі Бағдарламаның негізі сапалы нәтижелері болады.

Индустрияның экспортқа бағдарланған дәстүрлі секторлары кейінгі бөліністі өндірістерді дамыту және экономиканың салалас секторларына оларды дамытудың мультипликативтік кең ауқымды әсерін қамтамасыз ету есебінен индустрияландырудың локомотиві рөлін атқарады.

Өнеркәсіптік өндірістің жаңа кіші салаларының кәсіпорындары - мұнай-химия, ғарыш өнеркәсібі, инфокоммуникация, тыңайтқыштар, фармацевтика, мамандандырылған машина жасау, керамика өндірістері, шыны өндірісі орнықты дамиды.


Агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті инновациялар енгізу негізінде үдемелі дамыту тұтыну сұранысы тауарларының импортына экономиканың тәуелділігін азайтады және сыйымдылығы 170 млн. адам болатын Кеден одағының нарығын ескере отырып, олардың экспорттық әлеуетін кеңейтеді.

«Болашақтың экономикасы» секторларының ғылымды қажетсінетін технологиялары мен бәсекеге қабілетті өнімін жасау және енгізу Қазақстанға постиндустриялық экономиканың негізін құруға мүмкіндік береді.

Шикізат емес экспорттың үлесі экспорттың жалпы көлемінің кемінде 40 %-ы деңгейіне дейін өсуімен экономиканың құрылымында шикізат емес секторлардың үлес салмағы ұлғаяды.

Энергетикалық, көлік, инфокоммуникациялық инфрақұрылымның басып оза дамуына қол жеткізіледі.

Әкімшілік кедергілерді азайту, еркін бәсекелестіктің дамуы үшін жағдай жасау, қазақстандық қамтуды ұлғайту, тиімді тариф саясатын жүргізу, ірі өнеркәсіптік өндірушілердің маңында шағын және орта бизнес кәсіпорындары желісін мақсатты түрде құру есебінен отандық кәсіпкерліктің дамуында шешуші бетбұрыс болады.

Инновациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, сапа инфрақұрылымын құру, энергия үнемдеу саласында нормативтік құқықтық база қалыптастыру, экономиканың басым салаларына ҒЗТКЖ нәтижелерін енгізу есебінен стандартты технологиялар трансферті және отандық өнеркәсіптік инновациялық әзірлемелерді игеру үшін жүйелі жағдайлар жасалатын болады.

Теңгерімді фискалдық жүктеме есебінен Қазақстанның экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялы шикізат емес өндірістегі инвестициялық тартымдылығының деңгейі жоғарылайтын болады.

Арнайы бюджеттік бағдарламаларды қамтитын мемлекеттік қолдау құралдары мен шараларының қалыптастырылған бірыңғай жүйесі мемлекет пен бизнестің күш-жігерін үйлестіріп, шоғырландыруға мүмкіндік береді  және елді индустрияландыруда синергетикалық тиімділікке алып келеді әрі Бағдарламада қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық саясатты белсенді жүргізу отандық экономиканың тізбекті дағдарыстарға қатысты орнықтылығын жоғарытылады және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырады.

 


<< предыдущая страница