https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы

Шоқан Шығысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, фольклорист, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде 1835 жылы туған. Балалық шағы ата қонысы Сырымбет тауының (Кқкшетай облысы) баурында өткен. Өз әкесі – Шыңғыс, ұлы атасы Уәлихан. Арғы атасы Абылай.

Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлен, жыр, аңыз, әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен. Тіпті Құсмұрындағы шағының өзінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын жазып алыпты. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған. Шоқан табиғатынан зерек, алғыр болған. Ш.Уәлиханов әуелі Құсмұрында қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Дәстүр бойынша «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, парсы, шағатай тілін жасынан жақсы үйренген; кейін Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.

1847 жылы ол Омбыдағы кадет корпусына оқуға түседі. Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны болып есептплптін бұл корпус, декабрист А.Завалишиннің сөзімен айтқанда, «ағартушылық пен патриотизмнің өркен жайған жері» болатын.

Корпутса ой-өрісі, білімі жағынан «Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Екі-үш жылдан кейін-ақ Шокан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да идея жағынан басып озды», - дейді бірге оқыған досы Г.Н.Потанин.

Шоқанның рухани өсуіне орыс әдебиетінің мұғалімі ориенталист Н.Ф.Костылецкий, мәдениет тарихы курсын жүргізген айдаудағы ғалым Гонсевский, әдебиетші В.Т.Лободовский (Н.Г.Чернышевскийдің жас кезіндегі досы, кейін идеялас әріптесі) елеулі ықпал еткен.

Костылецкий арқалы 1852 жылы Шоқан мен И.Н.Березин арасындағы тікелей достық қатынас басталады. Березиннің тапсырмасы бойынша Шоқан Тоқтамыстың «Хан жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми жұмысы. 14-15 жасар Шоқанға мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші деп қарайтын еді дейді Потанин.

Жас Шоқанның білімдарлығын, әсіресе Шығыс әдебиетін жақсы білетіндігін С.Ф.Дуров, Семенов-Тян-Шанский, Потанин; Н.М.Ядринцев жоғары бағалаған. «...жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз, «Европаға ашқан терезе сықылды болды», - дейді Г.Н.Потанин.

1853 жылы Уәлиханов кадет корпусын 18 жасында бітіреді. Ол Омбыда әскери қызметқе қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқаратын генерал-губернатор Г.Х.Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Екінші жағынан Батыс-Сібір өлкесінің Бас басқармасы оны айрықша тапсырмаларды орындайтын офицер етіп ұстайды. Қызметте Шоқан бюрократтық...мансапқор чиновниктері мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздікке қарсы күресіп, олардан қысым көреді. Бұл туралы достарына – М.Ф.Достоевский, А.Н.Майков, В.Курочкин, К.К.Гутковскийге жазған хаттарында Омбыдан кетуді, тұған халқына пайдасы тиетін қызмет істеуді армандайтыны айтылған.

Ш.Уәлиханов адъютанттық қызмет атқара жүріп Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады.

1856 жылы Шоқан қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, фольклор нұсқаларын жазып алады. Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады.

1857 жылы тағы қырғыз еліне барады. Осы сапарында жинаған материалдарын ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстыққөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс империясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерінде пайдаланады. Бұл еңбектерді орыс ғалымдары аса зор бағалаған. Оларда жергілікті халықтардың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, әдет-ғұрпы зерттеледі. Шоқан табиғатты және ел тұрмысын жазушылық шеберлікпен суреттеген. Орыс достары оны «Қазақтар туралы жазатын орыс әдебиетшісі» деп атаған.


Шоқан қырғыз халқының «Манас», «Семетей» туралы дастандарын аса құнды туындылар ретінде бағалаған. Шоқан «Манасты» даланың «Иллиадасы» тәрізді десе, «Семетей» жырын «Манастың» жалғасы. Бұл – қырғыздың «Одиссеясы» деген. «Манасты» бірінші рет баспаға ұсынып, орыс ғалымдарына таныстырған да Шоқан.

П.П.Семенов-Тян-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізгенде Шоқанмен ақылдасып отырған. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы Шоқан орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайланды.

1858-1859 жылдары Шоқан өзінің Қашқарияға барған атақты саяхатын жасайды. Қашқария мәліметтері Шоқанның дүние жүзілік география ғылымына қосқан зор жаңалығы болды.

Шоқан өмірімен ғылыми творчестволық қызметінің аса елеулі кезеңі – оның 1859 жылдың аяғында Петербургте болуы еді. Петербургте ол идеялық жағынан көп өсіп, әлеуметтік жағынан толысып қайтты. Денсаулығы нашарлап ол еліне қайтады. Шоқан 1865 жылы қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Қөшен – Тоған деген жерге қойылады.

Шоқан өлімі оның сүйген қазақ халқына және орыс достарына өте ауыр тиді. Шоқан басына ескерткіш орнатуды ұйымдастыруда және оның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі зор. Орыстың географиялық қоғамы басып шағарған (1904) Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстын шығысты зерттеуші ғалымдары оны таңғажайып құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті», - деп жазды.

1958 жылы Уәлихановтың Алтынмелдегі қабірі басына биік обелиск орнатылады. Кауфман қойғызған мәрмәр тас соның қабырғасына өріліп жымдастырылады.