https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Тәуелсіздік тағдыры
Смағұл Елубай
жазушы


Источник:  http://www.egemen.kz


Кеше немесе біз қайдан шықтық?

Күні кеше социализм шекпенінен шықтық. Бүгінгі көптеген тауқыметтеріміздің тамыры сонда жатыр. Сонымен, біз кешегі әлемдегі «ең әділетті», «ең бақытты» делінген елден шықтық. Бала күнімізде «тым жақын, әне бір қыр астында тұрған коммунизмді» көргіміз келіп көкжиекке мойын созатынбыз. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп ұрандататынбыз. Есейе келе сол ұрандардың бәріне күмәнмен қарадық. Бұл ұрандардың қиялға құрылғанын аңғара бастадық. Біз табынып жүрген көсемдер, партия халық қанын кешкен қылмыскерлер екенін естіп білдік. Уәде еткен ұжмағы қайдам, бірақ олар өз заманында жер бетінде дозақты орната біліпті. «Байлардың қанауынан құтқарамыз» деп халықты өзара қырылыстырып қойып, одан кейін аман қалғанын мемлекеттің өзі қанапты. Күллі Кеңес елі үлкен бір еңбек лагеріне айналыпты. Большевиктер онымен тынышталмапты. Халықты байдан ғана емес, Құдайдан да азат етеміз деп лепіріпті. Адам жанына қол салыпты. Қолдан Құранды түсіріп, жүректен иманды ұшырыпты. «Құдайсыздар қоғамын» құруға кірісіпті. «Бұлардың Құдайда әкесінің құны бар ма?» деуіңіз мүмкін. Орынды сауал. Жауабы: «Қызыл көсемдер халық жүрегіндегі Құдайдың орнын өздері иеленгісі келген».

Қызылдар төңкерістің елең-алаңында «Теңдік!» «Бостандық!» деп айқай салыпты. Қандай ұран! Оған кім қуанбасын! Барлық халықтар қуаныпты. Патшалық құлдықтан құтылдық деп. Қайран аңқау халық! Теңдік тиді деп қол соғыпты. Республика теңдік кепілі деп біліпті. Бірақ, қызылдар көп ұзамай көрсетіпті «теңдікті». «Теңдік» сұрағандардың көзіне көк шыбын үймелетіпті. Республикалар Орталық езгісіне түсіпті. Қуыршақ республикалар, басқасын былай қойғанда, өз елінің тілін де қорғай алмапты. Төңкеріс әкелген «теңдік» осымен бітіпті. Орталыққа «теңдік» емес, қол қусырып тұратын «құлдық» керек екен. Республика басшылары соны ұғыпты. Дәл солай жасапты. Бірақ, іште тұншығып наразылық қалыпты. Бұл ішке бұқтырылған наразылық баяу жарылатын бомба еді. КСРО, сөйтіп, республикалардағы «теңдікті» тұқыртамын деп өз көрін өзі қазыпты. Егер, КСРО конституциясында жарияланған «ұлттар теңдігі» іс жүзінде жүзеге асқан болса, кім біледі, Кеңес Одағы 90-шы жылдардағы күйреуден аман қалып, конфедерациялық қалыпта өмір сүре беруі де мүмкін еді. Бірақ, қызыл Кремль көсемдері 17 жылы ақ патшадан құтыла алса да, кеңес заманында ұрда-жық империяшыл кеселден құтыла алмапты. Бұл империяшыл кесел, әлемдегі екі алыптың бірі болған Кеңес Одағының ажалына көрініпті. Сырттан бір оқ атылмай бұл Одақ іштен жарылған бомбадан күлі көкке ұшыпты.


КСРО ажалының тағы бір себебі – қарғыстан. Халық қарғысынан. Қызылдар 20-шы, 30-шы, 40-шы жылдар миллиондардың қарғысына ұшырады. Қарғыс жібермеді. Адресін тапты. 20-шы, 30-шы жылдар Құдайды мансұқ еткен қызылдар кеңестік кеңістікте сайтанның салтанат құруына жол берді. Жалшы байға қарсы шықты. Бала әкеге қарсы шықты. Дос досты сатты. Мұндай сайтанның салтанат құруына жол берген жүйе күйремеуі мүмкін емес еді. Нәтижесінде қанша қару жинаса да бұл өкімет Құдайдың қарғысына ұшырап жау шаппай жайрады. Бірақ, біз бір нәрседен аулақпыз. Социализм заманында бәрі жаман болды деуден аулақпыз.

Бір жақсысы – социализм ешкімді жұмыссыз қалдырмады. Бір жаманы – жақсы істесең де, жаман істегенмен теңестірілдің. Содан жұрт жұмысқа құлықсыз, жанаяр болды. Өйткені, еңбек мәжбүрлі еді. Ел бір алып еңбек лагеріне ұқсады. Оның салдары, ақыры, тоқырауға тірелді. Қадыр ағамызша талдап көрейікші. Бір жақсысы – оқу, медицина тегін болды. Бір жаманы – қызмет көрсету сапасы нашар болды. Бір жақсысы – кезекпен болса да жұрт баспана ала алатын. Бір жаманы – кең үйде тұруға құқың болмады. Бір жақсысы – барлық республикалар Кеңес Одағының қауіпсіздік шатыры астында болды. Бір жаманы – әлем қақ жарылып текетірес жағдайында тұрды. Бір жақсысы – кеңес халықтарының ортақ тарихы, ортақ менталитеті қалыптасты. Бір жаманы – әр халықтың өз тарихы, өз менталитеті қағажу көрді. Бір жақсысы – кеңестік интернационализм қалыптасты. Бір жаманы – ол интернационализм ұлтжандылыққа қарсы ұртоқпаққа айналды. Бір жақсысы – кіші ұлттар жаппай орыс тілін үйренді. Бір жаманы – өз тілін ұмыта бастады. Бір жақсысы – орыс тілі арқылы әлем мәдениетінен, әдебиетінен сусындады. Бір жаманы – сол әдебиетті өз ана тілінде оқитындар саны миллиондап кеміді. Өйткені, бір тілде – орыс тілінде сөйлейтін кеңес халқын қалыптастыру КОКП ұраны еді. Қазақстан коммунистері бұл ұранды орындауда алдына жан салмады. Қазақ КСР-інің астанасы – Алматыда жалғыз Жазушылар одағы мен кейбір қазақ тілді ақпарат құралдарының редакциялары ғана қазақша сөйлейтін. Мемлекеттік мекемелер болса түгелдей бұл тілдің жаназасын шығарып қойғандай еді. Яғни, өз тілімен іштей қоштасып, КОКП бағдарламасына сәйкес болашағы зор кеңес халқының тілінде сөйлейтін. Тәуелсіздік туралы әңгіме атымен өшкен еді. Немесе өшірілді. Тәуелсіздік туралы әнгіме сонау 37 жылы атылған ұлтшылдармен бірге оққа ұшты. Қазақ халқы 90-шы жылдарға осындай күйде келді. Тоталитарлық жүйе осы тұста құлады. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Ең қызығы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Тәуелсіздік туралы мәселені күн тәртібіне қойғанда: «Осы біз кімнен Тәуелсіздік жариялаймыз?» деп мәлімдегені бар. Бұ нені көрсетті? Бұл – қазақ саяси элитасының аспаннан түскендей болған азаттыққа дайын болмағанын көрсетті. Біз де сондай күйде болдық. «Бұл… рас па, өтірік пе?!» деп сенер-сенбесімізді білмедік. Үміт пен күдік құшағында тұрдық. Бұ жолы, бірақ, бұйрық тікелей Жаратушының өзінен келсе керек. Сондықтан, оған ешкім қарсы тұра алмады. Горбачев бастап, коммунистік элита қанша шыр-пыр болғанымен, Жаратушы бұйрығын өзгерте алмады. Тарих доңғалағы алға басты. КСРО атты алып кеме бір күнде құрдымға кетті.

Бүгін немесе біз қайда келдік?

70 жыл ұдайы қызыл идеология табанында тапталып өшуге айналған ұлт азаттық үмітіміз қайта тұтанды. 1991 жыл. Көп ұзамай ол жалпы алаш жүрегін шарпыған шаттық алауға айналды. Азаттық!!! Ғасырлар бойы алаш жүрегінде маздаған арман алау! Көп ұзамай көктемде Ордабасыда ұлан-асыр той өтті. Азаттық алған халықтың алғашқы ұлы жиыны. Ордабасы – табиғаттың өзі тұрғызған жасыл пирамида тәрізді. Ұшар басында көкпен тілдесіп көк ту желбірейді. Тәуелсіздік туы. Алып төбе етегіндегі жасыл жазықта иін тірескен халық. Ине шаншар орын жоқ. Өйткені, аспанмен таласқан Ордабасы төбесіне қазір Қазақстанның тұңғыш Президенті көтеріледі. Арғы ғасырларда ел басына күн туғанда қазақ хандары осы қасиетті төбеге жиналыпты. Тығырыққа тірелген халыққа қаратып үн қатыпты. Отан қорғау жолында ата-бабаларымыз анттасыпты, баталасыпты. Енді осынау тарихи төбенің ұшар басына тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті көтерілмек. Араға бірнеше ғасыр салып азаттық алған алаш жұртына арнап тіл қатпақ. Бейнебір Жаратқанның жердегі елшісін күткендей біз тағатсыздана толқып тұрмыз. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге көршілес өзбек елінің президенті Ислам Каримов, қырғыз елінің президенті Асқар Ақаев келе жатты. Ордабасыға жиналған халық теңіздей толқып кетті. Президенттер жолақ кілеммен өтіп, Ордабасы етегіне қойылған мінберге көтерілді. Сөз сөйледі. Содан кейін олар қасиетті төбеге көтеріле бастады. Алда – Қазақстан Президенті. Биіктеп барады. Ғасырлар бойы табанға түсіп тапталған алаш арманы да онымен бірге биіктеп бара жатқандай. Осы бір көрініс… тайға таңба басқандай есте қалыпты. Ғасырлар бойы езгіге түскен қазақ арманын, алаш аманатын арқалаған Назарбаев текшемен көтеріліп барады. Етекте жүріп езіліп осынау киелі биікке Тәуелсіздік тұғырына алаш жұрты көтеріліп бара жатқандай…Әне оның, немесе, халқымыздың әрбір басқан қадамы астарында қаншама қасіретті жылдар, оқиғалар жатыр! Осы тұғырға жеткенше… замана баспалдақтарында қаншама боздақтар қалмады!? Әр текшесі қанмен жуылған… тарих баспалдақтары!!! Енді, міне… осы баспалдақтардың соңғы текшесі… Тәуелсіздік текшесіне айналыпты. Біз соның куәсіміз. Сол ең биік Тәуелсіздік текшесіне халқымен бірге шығуды Жаратқан Ие Әбіштің ұлы Нұрсұлтанның пешенесіне жазыпты. Ол сол биікке өзі ғана емес… өзімен бірге арғы-бергі ұрпақтың арманын да ала көтерілген еді…


Әне, Президент Ордабасы төбесіне шықты. Шықты да халыққа бұрылды. Бұрылды да қос қолын көтерді. Жұрт дүрілдеп кетті. Қол соғып жатыр. Көзге үйірілген жас. Теңіздей толқыған жұрт. Бақыт құшағында. Беу, дүние-ай! Сол бір азаттықтың алғашқы жылдарындағы көтеріңкі көңіл күй-ай!! Неткен ғажайып күндер еді!! Бүкіл халық бір атаның баласындай ұйысқан… бақыттан балқыған күндер!! Өйткені, ол Тәуелсіздіктің бозала таңы, балалық шағы еді. Сол сенім, сол көңіл күй, сол жүрекжарды қуаныш Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында… қазақ болмысында бұққан бір бұла күшті оятты. Бұл бұла күш миллиондар бойында бұққан сұрапыл пассионарлық қуат еді. Тау қопарып, тас жарар буырқанған алапат қуат еді. Кешегі 86 жылы Брежнев алаңында намысы тапталған халық елмін деп еңсе көтерген еді, Алла сыйы азаттық рухын аспандата көтерген еді. Ендігі жерде тарих жолында алаш алдында тұрған еш кедергі жоқтай. Бақытты қоғам, бақытты заман бүгіннен басталғандай. Тауқымет атаулы түгел Кеңес өкіметімен бірге кеткендей… келмеске. Сөйтсек, мұнымыз Тәуелсіздік таңында құс-қиял болып қанат қаққан бостандықтың «балалық сырқаты» екен.

Көп ұзамай азаттықтың алғашқы «қызық-шыжығы да» басталды. КСРО-дан қалған кеңістікте экономикалық, саяси аласапыран дауылы бас көтерді. Осы тұста Қазақстан Президенті кеңестік экономикалық кеңістікті сақтау туралы дабыл қақты. Бірақ, кеңестік жатақханадан жаңа шыққан жұрт, түйіншектерін көтеріп тым-тырақай тарап бара жатқан тәуелсіз елдер ол дабылға құлақ асар халде емес еді. Біз де сөйттік. Назарбаевтың бұл үндеуін кешегі коммунист басшының кешегі кеңестік жүйені көксеуі деп білдік. Ал, экономика болса ай санап емес, күн санап құлдырап бара жатты. Президент Қазақстан халқын бос жатқан жерді бөліп алып картоп егуге шақырды. Ең болмаса халықтың қарны ашпасын дегені болса керек. «Кассада есеп-шотымыз бар» деп қомпиып жүргендердің жиған-тергендері бір күнде желге ұшты. Оның есесіне социализмнің жиған-тергенін бір күнде пышақ үстінен бөліп алып, аяқты алшаң басқандар аз болмады. Зауыттар, фабрикалар тоқтап, жұмыс орындары жабыла бастады. Пенсия, айлық кешікті. Қарны ашқан халық көшеге шықты, митингілеп. Ауыл халқы қалаға шұбырды. Қала халқы қапшықтарын көтеріп шетел асты «челнокшылап». Базар жағалап алақанын жайғандар жүр. Той буы тез тарқап, біз көз ашып төңірегімізге қарадық. Сөйтсек, шындықтың сықпыты жаман. Түнде көшеге шықтың ба, соққыға жығыласың. Ең болмағанда құлақшыннан айырыласың. «Тәуелсіз Қазақстанның түрі мынау болса… жетіскен екенбіз!» деп түңілгендер түйіншектерін түйе бастады. Қазақстан болашағына қолды бір сілтеп миллиондап көше бастады. Қазақстан солтүстігінде орыс сепаратизмі бас көтерді. Приднестровье үлгісімен орыс автономиясын құрмақ ниеттері. Тәй-тәй басқан 2-3 жасар Тәуелсіздік экономикалық, саяси және этностық хаос алдында тұрды. Осы тұста Назарбаев Қазақстан халқының өзара түсіністік алаңы болуға тиіс Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Өйткені, ішкі тұрақтылықты Президент Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан үшін мемлекеттік қауіпсіздіктен кейінгі екінші басымдық деп білді.


1991 жылғы желтоқсанның 16-сында өмірге келген күннен бастап Тәуелсіз Қазақстан үшін бірінші басымдық мемлекеттік қауіпсіздік болды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған бетте араға 18 минут салып Қазақстан Тәуелсіздігін бірінші болып Түркия таныды. «Қазақстан Тәуелсіздігін тану үшін ертеңгі таңның атуын күтіп тұра алмадық», деп жүрекжарды қуанышын айдай әлемге жайып салған Түркия президенті Тұрғыт Өзалды Нұрсұлтан Назарбаев сол үшін айрықша құрмет тұтты, дос тұтты. Тарих табалдырығынан тәй-тәй аттаған нәресте елдің Тәуелсіздігін тану – ересек жанның жас балаға қолұшын беруімен бірдей еді. Әлі шекарасы толық белгіленіп бітпеген, әскері құрылмаған жас Қазақстанға достық қолын алғашқы екі аптада 18 ел ұсынды. Бір жылда Қазақстан Тәуелсіздігін 108 мемлекет таныды. Тәуелсіздігіне 3 ай толған кезде Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды. Көк туы әлемнің 180-нен астам елдерінің тулары қатарында желбіреп тұрды. Бірақ бұл сол 180 елмен тереземіз тең болды деген сөз емес еді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың сені тек егемен ел деп қана танығаны еді. Ал, жарияланған Тәуелсіздік тағдыры қаншалықты баянды болады? Бұл осы әлем картасында жаңадан пайда болған елдің өз бас ауруы еді. Бұл, яғни, тәуелсіздік тағдыры, әсіресе, осынау өтпелі кезеңде ел тізгінін қолға алған басшының бас ауруы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Президент Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі бағытын белгіледі. Әлем картасында жаңадан пайда болған Қазақстан Республикасы Еуразиядағы екі алып – Ресей мен Қытай арасында орналасқан. Түстігінде – Орта Азия республикалары. Пешенесіне жазылған осынау географиялық орын Қазақстанның геосаяси да орнын белгіледі. Сондықтан да, Қазақстан өз болашағын «Азия арыстаны» деп те емес, «Азия жолбарысы» деп те емес, Алатау шыңдарын мекен еткен шапшаң да шалт қимылды барыс бейнесінде елестетті. Арыстанның аузында, жолбарыстың жұмырында кетпес үшін барысқа шапшаң да шалт қимыл, сауысқандай сақтық керек.

Осыны ойлаған Елбасы Кеңес Одағы ыдырай салысымен араға екі апта салып Алматыға кешегі кеңестік республикалардың басшыларын жинады. Алматыда ТМД қауымдастығы құрылды. КСРО-ның қауіпсіздік шатырынсыз қалған ел басшыларын Алматыда тағы жинап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын құруды жеделдетті. Бұл Ұйым мүшелері сырттан басқыншылық болған жағдайда бірін-бірі қорғауға міндеттенді. Сонымен, әрбір тәуелсіз ел тағдырындағы бірінші басымдылық – мемлекеттік қауіпсіздік болса, ТМД басшылары қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік шарты осы жолдағы алғашқы қадам еді. Алайда, жалғыз Шартпен қауіпсіздікті біржола қамтамасыз ету қиын. Президентке Қазақстан қауіпсіздігін баянды етудің өзге де жолдарын іздеу керек болды. ТМД аймағында аласапыран бас көтерген экономикалық дауыл. Үзілген байланыстар. Тоқтаған зауыттар. Жалақысыз жұмысшылар. Митингілеген халық. Экономикалық бұл аласапыранның емі не? Бұл ем табылмаса Тәуелсіздікке тікелей қатер ғой! Сондықтан да, ел Президенті Тәуелсіз Қазақстан үшін үшінші басымдық – экономикалық өрлеу деп белгіледі. Егер, бұл үшінші басымдық тауқыметі тез арада шешілмесе онда ол бірінші және екінші басымдықты бордай тоздырары анық еді. Президенттің: «алдымен – экономика» деуі содан. Бірақ, экономиканы бір күнде, бір бұйрықпен көтере алмайсың. Жұрт 70 жыл дағдыланған жоспарлы экономиканы бір күнде сыпырып тастап, орнына табиғаты мүлдем бөлек нарықтық экономика орната алмайсың. Осыдан келіп қоғамдық психологиядан бастап еңбек қарым-қатынасын түбегейлі өзгертетін тарихи реформаны бастау қажеттігі туындады. Өйткені, Қазақстан бодандықтан бостандыққа ғана емес, бір тарихи формациядан екінші тарихи формацияға өтер табалдырық алдында тұрды. Алда 70 жыл қалыптасқан социалистік формацияның экономикалық, саяси, заңдық, әлеуметтік базаларын ысырып тастап, оның орнына жаңа нарықтық капиталистік институттар орнату тәрізді таудай тауқыметтер тұрды.


Сол тұста Қазақстан алдында бұдан өзге жол, бұдан өзге таңдау жоқ болды. Оны неден, қалай бастау керек? Қызығы сол, капиталистік формация құру жөніндегі маман Қазақстанда болмай шықты. Ондай тәжірибе Президенттің өзінде де жоқ еді. Президент дамыған капиталистік елдерден тәжірибелі экономист шақыруға мәжбүр болды. Экономикасы жамбастап жатқан Қазақстанды емдеудің жалғыз жолы «шошу терапиясы» еді. Ол деген сөз – бұрынғы социалистік қоғамдық меншік нысаналарын қысқа мерзімде капиталистік жекеменшікке айналдыру. Яғни, жекешелендіру. Яғни, бұрынғы қоғамдық меншікті жекеменшікке беру. Бұл бөлісте қазан жағалағандар қарық болды да, былайғы жұрт ерін жалады. Сонымен, Карл қарғаған (Марксты айтып отырмыз) капитал қоғамының ағысты суына Қазақстан өз еркімен құлаштап қойып кетті. Сол тұста бір кило ет алу үшін бір сағат кезекте тұрудан, бір етік алу үшін бір түн қатудан ығыр болған халыққа дүкендері тауарға толы капитализмнен өткен жұмақ жоқтай көрінгені рас еді. Карл байғұс «Капиталында» капитализмді қанша қарғаса да, кеңес халқының түсіне бәрібір сол байлыққа батқан Батыс кіретін. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстан бақуатты Батыс жолын таңдады. Жасыратыны жоқ, Батыс тәрізді бақуатты болашақ бәріміздің арманымыз болды.

Алайда, біз армандаған капитализмнің ауылы әлі алыс еді. Біз турист болып барып сырттай шолып қайтатын сырты жылтыраған капитализм бір жылдың емес, бірнеше ғасырдың жемісі екен. Бірақ, бізде бірнеше ғасыр күтуге уақыт жоқ еді. Біз асықтық. Бізге бүгін өркениетті өмір сүру керек болды. Нарық атты ағысы қатты асау өзенге, сондықтан да, жүзу білмей тұрып қойып кеттік. «Шошу терапиясы» осы екен. Нарық дариясында жүзу білмейтіндер батып-шығып жан дауысы шыға бастады. Ал, капитализм керек болса! Нарық өзенінде батып-шығып малтыққандар Құдайдан бастап бастық біткеннің бәрін сыбап жатты. Жабайы капитализмнің мына түрін көрген жұрт социализммен жылап көрісетіндей жағдайда.

Өтпелі кезеңнің алғашқы 10 жылы Тәуелсіздіктің ең қиын қылкөпір кезеңі болды. Халық қиналды. Бұл Президентке де ауыр тиді. Тәуелсіздік тағдыры реформаға тірелгендей. Іште митингілеген халық. Сырттың түрі одан да жаман. Мына, көрші Қырғызстанға баса-көктеп ауған террористері кірді. Олар атқан мылтықтың дауысы Алматыға естіле бастады. Батыс сарапшылары: «Орта Азия – болашақ Балкан. Онда тәуелсіздік жариялаған кешегі кеңестік республикалардың келешегі жоқ», деп кесіп-пішіп жатыр. Яғни, Орта Азия өртке оранғалы тұр. Кейбір сыртқы күштерге Орта Азияның өртке оранғаны керек те сияқты. Өйткені, бұл – мұнайлы, минералды өлке. Бұл байлықта алыстағы Американың да, жақындағы Ресей, Қытайдың да мүддесі бар.


Сонымен, Орта Азияда аз ғана уақыт ішінде алып елдердің мүдделері тоғысты. Бұл тоғысудың Тәуелсіздік тағдыры үшін тағдыр шешті салдары бар еді. Орта Азия үстінде геосаяси ойын басталды. Бұл ойында ешкім ешкімге ұтылғысы жоқ. Әсіресе, Қазақстан. КСРО құлар кезде мұндай ойындардың көкесін көрген Нұрсұлтан Назарбаев мұнайға мұрын созған алыптарды Қазақстан аумағында паритеттік тепе-теңдікте ұстауға күш салды. Ол тепе-теңдік Қазақстан үшін қауіпсіздік кепілі – Тәуелсіздік тағдыры еді. Тәуелсіздік – қазақ тәрізді кіші халықтар маңдайына бірнеше ғасырда бір жазылатын тарихи мүмкіндік, тарихи бақ. Осы бақты Алла тағала 20 ғасыр аяғында алаш пешенесіне жазды. Ендеше, басты парыз – сол бақтан айырылып қалмау. Баянды ету. Аймақ төңірегінде астыртын жүріп жатқан геосаяси ойындарда ұтылмау. Президент басындағы ең ауыр жүк, өтпелі кезеңдегі ең ауыр жүк осы болды. Осылай болар деп біз де топшылайтынбыз. Бірақ, көзбен көрмеп едік.

Осы өткен сәуірдің 30-ы күні Алматы резиденциясында бізді жеке қабылдау барысында Президент иығына түскен сол бір зілді көзбен көргендей болдық. Біз кіріп келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы кең кабинетінің ортасында… ауыр ой үстінде тұр екен. Дәлірегі, санаға түскен… бір таудай салмақ астында тұр. Әдетте ел алдына шыққанда жүзі жарқырап, төңірегіне абзал аура тарататын Президенттің мынадай тұнжыр кейпін тұңғыш көруіміз еді. Сәлемдесіп үстел басына отырғаннан кейін ғана Нұрсұлтан Әбішұлы әлгі бір бізге беймәлім санаға түскен салмақтан серпілгендей болды. Бірақ, біздің көз алдымызда сол бір бейне, кең кабинет ортасында жалғыз жабырқап тұрған Президент бейнесі бәрібір сақталып қалды.

Осы орайда президенттік билік туралы шетелдік сарапшылар арасында тараған мына бір теңеу еске оралды. Бүкіл билікті пирамида десек, Президент – соның ұшар басында отырған тұлға. Бірақ, биігінде Президент отырған алып пирамидаға жоғарыдан төңкерілген тағы бір алып пирамиданы елестетіңіз. Ол көзге көрінбейді. Бірақ, сол төңкерілген пирамиданың салмағы жалғыз Президентке түседі. Төңкерілген пирамида – Президентке жасалынатын қысымдар көлемі. Яғни, жауапкершілік жүгі. Мемлекет қауіпсіздігі, Тәуелсіздік тағдырына қатысты тарихи шешімдер жасау ауыртпалығы. Осынау саяси ойында басшыға тек шебер тактик болу аз, бұл ойында Президентке кемінде жүз жыл алдағыны болжайтын сайыпқыран стратег болу басты шарт. Онсыз бүгінгі бұл ойынның салдарын өзің көрмесең де, ертеңгі ұрпағың көреді. Басшысың, ендеше, жалғыз замандастарыңның алдында ғана емес, болашақ алдында да жауаптысың. Президенттің екі пирамида қыспағында болатын себебі осы. Жердің тітірегенін пирамида етегіндегі емес, пирамида басындағы сезеді, алдымен. Ендеше, ауған бүлікшілдері Қырғызстан шекарасын бұзғанда ұйқыдан айырылғандар алдымен Орта Азия басшылары болғаны хақ.

КСРО кезінде шекара маңына жолауды білмейтін қарулы топ Тәуелсіздік тұсында Орта Азия тауларында тайраңдап жүрді. Бұ нені көрсетті? Бұл Орта Азия шекаралары әлі қорғансыз екенін көрсетті. Қазақстан Президенті осы тұста Орта Азия одағы идеясын көтерді. Бірақ, аймақ басшылары бұл ұсынысқа дайын болмай шықты. Қазақстан Президенті көп ұзамай тағы да Түркі тілдес елдер одағы идеясын көтерді. Осы орайда сұрақ тууы мүмкін. «Сонда, одақсыз өмір сүруге болмай ма?» деген. Орынды сұрақ. Осы сұрақ бүгінде Еуразия одағы идеясына қатысты да қойылып отыр. Осы сұраққа орай біз Президент логикасын қалай түсінеміз? Жарайды, алғашқы екі одақ Тәуелсіздігімізді күшейтпесе, әлсіретпек емес. Мұстафа Шоқай күллі ғұмырын арнаған ұлы идея. Бірақ, мына Еуразиялық одақты қалай түсінуге болады? «Кеше құрығынан әрең құтылған отаршыл Кремльдің қолтығына қайта кіру емес пе бұл?!» деген айғайлар естіледі. Оған себеп: орыстың империяшыл идеясы әлі тірі. Әлі күшті. Назарбаев болса: «КСРО қайта тірілмейді!» деп сендірумен келеді. Еуразиялық одақ Еуроодақ тәрізді тәуелсіз елдер одағы болатынын айтумен келеді. Ендеше, Президент логикасын түсінуге тырысайық! Ол КСРО құлай салысымен Орта Азия одағы идеясын көтерді. Неге? Себебі, осы аймақ елдерінің күні кешегі хандықтар дәуіріндегі қанды тарихы есте еді. Орта Азияның «Алтын Ордадан» кейін бөліне-бөліне бір бөріге жем болған тарихы есте еді. Бұл тарих енді ешқашан қайталанбауға тиіс еді. Орта Азия елдерінен Тәуелсіздік теріс айналмауға тиіс. Орта Азия тағы да сыртқы күштер табанына түспеуге тиіс. Міне, осы тұрғыдан, Орта Азия үшін дамудың бауырластық, тату көршілік, одақтастықтан өзге баламасы жоқ еді. Сондықтан, Қазақстан Президенті дер кезінде Орта Азия одағы идеясын көтерді. Мұндай одақ бауырластық Тәуелсіздік кепілі еді. Түркі тілдес елдер одағы да сондай ұзақ мерзімді Тәуелсіздік кепілі болар ма деген арманнан туған. Бұл одақтар жүзеге асқан жағдайда Тәуелсіздігімізге берері: біріншіден, Орта Азия одағы Тәуелсіз шекарамыздың сыртынан тартылған бірінші бейбітшілік белдеуі болуға тиіс еді. Екіншіден, Түркі тілдес елдер одағы сол кіші шеңбердің сыртынан тартылған екінші үлкен шеңбер – бейбітшілік белдеуі болуға тиіс еді. Қазақстан Президенті ұсынған осынау екі тарихи жобаға, өкінішке қарай, аймақ елдерінің бәрі бірдей дайын болмай шықты. Бұл жоба белгілі бір уақытты қажет ететін жоба болып шықты. Бірақ, қол қусырып күтіп отыра беруге тағы болмайды.


Бүгінде Қазақстан Президенті осы екі шеңбер, екі одақ сыртынан тартылатын үшінші бейбітшілік белдеуі – Еуразиялық одақ құру жолында жүр. Бұл одақ та, Нұрсұлтан Назарбаев жобасы бойынша, Тәуелсіз Қазақстан шекарасының сыртынан тартылған үшінші бейбітшілік белдеуі болуға тиіс. Бұл – Қазақстан жағының көзқарасы. Бірақ, бұл одаққа Ресей жағы қалай қарайды? Ресейге бейбітшілік белдеуі керек пе? Әлде, Кремльге бағынышты «кіші інілер» керек пе? Кремльге «кіші іні» болудың «қызығын» кешегі кеңес республикалары көрудей-ақ көргені белгілі. Енді ешқашан көргісі келмейтіні де аян. Қазақстан да көргісі келмейді. Ал, Ресейдің кейбір белгілі сарапшылары болса, «тең одақтастық» дегенге тілдері келмей, баспасөз бетінде: «Біз біртұтас мемлекет құруымыз керек!» дегенді айта бастады. Теңдікке үйренбеген орыстың империялық пиғылы емей не бұл? Сонда кімге сенеміз? Бір нәрсе анық. Ондай «ойыншық» одақтастықтың қазаққа керек емес екені анық. Құрметті оқырман! Біз Тәуелсіз Қазақстан төңірегінде қалыптаса бастаған геосаяси ахуал жайында ой қозғадық. Енді Қазақстан болашағын қалай көргіміз келеді, сол турасында бірер ой.

Ертең, немесе қайда барамыз?

Біз Еуразиялық одаққа кірген Қазақстан тағдырын, дәлірек айтқанда, Тәуелсіздік тағдырын қалай елестетеміз? Елестетпей-ақ, көз алдымыздағы Еуроодаққа кірген елдерге қарауымыз керек екен. Еуразиялық одақ архитекторлары жаңалық ашып жатпай-ақ, дайын Еуроодақ жобасын алыпты. Ол қандай жобалар? Ол – Еуропарламент. Ортақ ақша – еуро. Ортақ сыртқы саясат. Ортақ қорғаныс. Ортақ виза. Демек, 2015 жылдан бастап бізді де осындай ортақ органдар, ортақ виза, ортақ ақша күтіп тұр деген сөз.

Сонымен, Тәуелсіздікке тарихи сын болғалы тұрған  Еуразиялық одақ бұрынғы КСРО-ны қайталамас үшін қандай болуы керек? Біріншіден, Еуропалық одақтан өз тәуелсіздігіне еш зиян келмейтініне еуропалықтар қандай сенімді болса, Қазақстан да Еуразиялық одақтан өз Тәуелсіздігіне еш зиян келмейтініне сондай сенімді болуы керек. Екіншіден, Тәуелсіздік тұсында басталған отарсыздану үдерісі бұл одаққа кірген күнде де тоқтап қалмауы керек. Бұл не деген сөз? Бұл – тоталитаризм тұсында зардап шеккен қазақтың тілі, діні, ділі, яғни ұлттық құндылықтары толық қалпына келуі керек деген сөз. Мемлекеттік тілді үйренуге деген ұмтылыс әлсіремеуі керек. Егер де, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілін үйренуге деген ынта-жігер Еуразиялық одақ аясында әлсірер болса, онда бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің тікелей зардап шеккені болмақ. Тіл – тәуелсіздік көрсеткіші. Тіл тағдыры – Тәуелсіздік тағдыры. Керек десеңіз, қазақ тілін үйренуге деген ынта-жігер Еуразиялық одақ аясында бұрынғыдан да күшеюі керек. Қазақтардың сонда ғана бұл одақтың шын мәніндегі терезесі тең елдер одағы екеніне көзі жетпек. Бұл одақ құрыла қалған жағдайда қатысушы елдердің өзара теңдігі басты мәселе екенін соңғы бір сөзінде Қазақстан Президенті де ескертті. Ол қазіргі экономикалық Кеден одағы туралы айта келіп: «Бұл үшеудің бірлігін асықпай-аптықпай бір жақсы деңгейге жеткізу керек. Бұл бірліктің шын мәніндегі терезесі тең елдер бірлігі екеніне жұрттың көзі сонда ғана жетеді», деген еді. Бұл мәлімдемеден не ұқтық? Екі нәрсе ұқтық. Бірінші ұққанымыз – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қай одаққа кірсе де өз елінің өзге елдермен терезесі тең болғанын қалайтынын басы ашық айтып отыр. Екінші ұққанымыз – Президент қазіргі экономикалық Кеден одағынан саяси одаққа өту үдерісін асықтырмай, алдағы одақта да шынайы теңдіктің болатынына жұрт көзін жеткізу керек деп отыр. Бұл мәлімдемеден Қазақстан үшін аса маңызды бір үшінші ой туындамақ. Ол ой – 2015 жылы құрылғалы отырған Еуразия одағы одан да арғы жылдарға шегерілуі мүмкін екендігі туралы ой. Саяси одаққа асықпау Қазақстан үшін тиімді болары сөзсіз. Ал, саяси одақты тезірек құру Ресей үшін қажет екені көрініп тұр. Өйткені, Путин өз елі алдында Кеңес Одағы құлағанда тарап кеткен империя жерін қайта жинаушы ретінде тезірек көрінгісі келеді. Ресейдің біраз сарапшылары саяси одақ дегеніміз кеше қолдан шығып кеткен империялық кеңістіктің қайта қалыпқа келуі деп түсінетінін жасырмай отыр.


Осы орайда көз алдымызға көлбеңдеп бір көрініс келеді. Дүбірлі аламан бәйге келеді. Әнеки, қиқулаған халық. Жайлауда дүбірлеп жосыған жүздеген жүйрік. Жарықтық әне бір тұлпар маңдайы жарқырап алда келеді. Қанат байлап ұшып келе жатыр дерсің. Шаң қауып, ұлы дүрмектің қалың ортасында келе жатқандар қаншама! Шабандоздар мәйкесі – әр елдің ұлттық туы. Егемен елдер қатысқан әлемдік аламан. Ат жалына жабысып тізгін ұстағандар… осынау әлемдік аламанда ел тізгінін ұстағандар деуге болады… Дүние дүбір… Жер тітірейді. Қиқулаған халық! Халық емес-ау, тарих! Жан алып, жан беріскен бұл аламанда бір нәрсеге анық еді. Тізгін ұстаған шабандоздардың ешқайсысының шаң қауып артта қалғысы келмейтіні анық еді. Шабандоздар мақсаты – қасқайып алда келу… Өйткені, бәйгеге түскенің –басыңның бәсекеге түскені. Соңғы 5 ғасырда Батыс өркениеті осындай бәсекелестікке құрылған әлемдік тәртіп қалыптастырды. Аса қатал, жан аямас жарысқа құрылған тәртіп. Бір жағынан бұл бәсекелестік Батысты дамытты. Алға шығарды. Екінші жағынан, баюдан басқаны білмейтін капитал жүйесі ашкөздікті тудырды. Ашкөздік әлемді алапат дағдарысқа әкелді. Бәсекелестікке құрылған капитал мақсаты қалай да баю болса, осы жолда адамды адам шаң қаптырады. Компанияны компания шаң қаптырады.Мемлекетті мемлекет шаң қаптырады. Бұл әлемдік тәртіп жүздің бірін ғана жарылқайды. Өйткені, бұл – жан аямас жарыс. Шаң қаптың ба, өзің кінәлісің. Батыста басталған дағдарыс – осынау жүгенсіз, ынсапсыз жүйе дағдарысы. Оның зардабын шегіп жатқандар алпауыттар емес. Оның зардабын шегіп жатқандар қалың халық.

Иоанн Павел ІІ Астанаға келген сапарында Қазақстан Президентінің қасында тұрып: «Батыс… жалаңаштанып алып Құдайды ұмытты…Ұятты ұмытты!!» деп мәлімдеген болатын. Марқұм Рим Папасының бұл сөзі астарынан біз Құдайға емес, капиталға табынған Батыс өркениетіне деген қарғысты естігендей болдық. Батыстың Бас дін иесі, байқасаңыз, құдайсыз қоғамнан әрнәрсені күтуге болатынын ескертіп тұр. Оған дәлел соңғы жылдары Рим клубы көтеріп жатқан идеялар. Ірікті әлем интеллектуалдары жиналатын бұл беделді клуб соңғы жылдары «Алтын миллиард» деген теория шығарып алды. Бұл не? Бұл – осы клубқа қатысушы әлем сарапшылардың пікірінше, Жер шары ендігі жерде тек 1 миллиард адамды ғана асырай алады-мыс деген тұжырым. Оны «Алтын миллиард» атап отыр. «Алтын миллиард» дегеніміз, дамыған елдер халықтарының саны екені айтпаса да түсінікті. Әлем интеллектуалдары бақытты миллиардқа тағы 1 миллиардты қосып отыр. Бұл екінші миллиард бақытты болуға мүмкіндігі бар халықтар екен. Сонымен, 2 миллиардты құтқардық. Ал, енді қалған 5 миллиардты қайтеміз? Сайыпқыран сарапшылардың пікірі бойынша, ол 5 миллиард болашағы жоқ масылдар-мыс. «Масылдар» құрдымға кетіп бара жатса, ендігі жерде оларды құтқарып жатудың қажеті жоқ көрінеді. Мінеки, адамзаттың «алдыңғы қатарлы» ақылгөйлерінің жеткен жері! Тура, Мальтус пен Гитлер тіріліп келгендей! Батыс сарапшылары мұнымен де тоқтамайды. Адамзат болашағына, Жер шары болашағына қатысты сәуегейліктерін одан да әрі тереңдете түседі. «Хардланд» деген теория шығарған («Хардланд» – су баспайтын құрылықты білдіреді). Бұл теория бойынша Еуразия құрлығында жатқан территорияның бел ортасы – «Хардланд». Яғни, Брест қаласынан бастап Қытайдың Сары өзеніне дейін тура сызық тартсаңыз, сол сызық өткен жердің белортасы «Хардланд» дейді.


Қарап отырсаңыз «Хардландқа» Қазақстанның солтүстігі еніп тұр. Батыс сарапшылары (әсіресе, АҚШ) «Кім осы «Хардландты» иеленсе, болашақта сол әлемді иеленеді» деп сәуегейлік шешім шығарып қойған. Ол – алыс болашақты ойлайтын Батыс назары Қазақстанның жеріне де түсіп отыр деген сөз. Адамзаттың бір-бірінің жеріне көз алартуының соңы қаншалықты қасіретке алып келгені 20 ғасыр сабағынан аян. Бірақ, Рим клубында жиналған «алдыңғы қатарлы» әлем сарапшыларының ауаны дүниені қайта бөлшектемей, адамзатты құтқару қиын екенін алға тартады. Осындай әлділердің айтқанымен жүретін ескі әлемдік тәртіптің заманы өтті деп біледі Қазақстан басшысы. Жаңа ғасырға жаңа әлемдік тәртіппен кіру керек деп біледі.

Өткен Астана Экономикалық форумында Назарбаев әлем сарапшылары назарына «G-глобал» немесе «Үлкен әлем» пішінін ұсынды. Бұдан біз Қазақстан Президентінің бүгінгі әлемді билеп отырған капитал жүйесіне деген үлкен алаңдаушылығын көреміз. Бұдан біз өзара тығыз байланыстағы әлем өзгермей, жекелеген елдің өз бетімен өзгере алмасына көзі жеткен көшбасшы үнін естігендейміз. «20 ғасырда соғыс пен революциялар мүмкіндігін түгесті. Адамзаттың бүгінгі даналығы, сондықтан, бейбіт эволюциялық даму болуға тиіс. Өйтпеген жағдайда, адамзат өзінің түбіне өзі жетеді», деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Кешегі КСРО құлағаннан кейін бұрынғы көп полярлы әлем АҚШ бастаған бір полярлы әлемге айнала бастағаны аян. Мұның зардабы сол экономикада да, саясатта да ендігі әлемнің бір орталықтан басқарылатын әлемге айналу қаупін тудырды. Бір орталықтан басқарылатын әлем кімдердің мүддесін қорғап, кімдердің мүддесін қорғамауы мүмкін екенін жоғарыда мысалға келтірілген Рим клубы сарапшыларының ауызынан естідік. Ендеше, ел мен елдер, ұлт пен ұлттар арасындағы тепе-теңдіктер сақталуы үшін Н.Назарбаев БҰҰ-ға, ЕО-ға және әлем сарапшылары назарына екіұдай стандарттан арылған, әділетке, ашықтыққа, теңдікке, консенсусқа негізделген «G-глобал» пішінін немесе жаңа ғасырға аяқ басқан адамзатқа жаңа әлемдік тәртіп ұсынады.


Әлемдік қоғамдастыққа бағытталған бұл үндеу неге бүгін туып отыр? Неге Қазақстанда туып отыр? Мұнда да заңдылық бар. Екі алып ел Ресей мен Қытай арасында Тәуелсіз мемлекет құру барысында Қазақстан және оның Елбасы халықаралық қоғамдастықпен қарым-қатынаста аса күрделі де күрмеуі қиын күндерді бастан кешті. Қабырға қаусатар қысымдар оңнан да, солдан да, төбеден де, төменнен де болды. «Былай тартсаң өгіз өліп, былай тартсаң арба сынар» сәттер болды. Және болып та жатыр. Бола да бермек. Әлемде, сондай-ақ, Қазақстан тәрізді шикізатқа бай жас елдердің жылы-жұмсағын жұтып семірген трансұлттық компаниялар (ТНК) дейтін аждаһалар тағы бар. Олар Қазақстан Тәуелсіздігін жариялай салысымен жан-жақтан айдаһардай жылжып жеткені есте. Төрт құрылықты түгел шарлап, минералды жердің бәрін барлап, жалмап келе жатқан бұл монстрлар қазақ мұнайына келе тұмсық тығып жатып алды. Оның біреуінің тұмсығына шертсең, ар жағында бір ұлы держава селк етеді. Сондықтан да, «G-глобал» пішінінде Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастыққа «Ұлттарды төмендететін, оның намысына тиетін екұдай стандарттан арылуды» ұсынды. «Екіұдай стандарттан арылудың жолы – көп полярлы әлем», деп кесіп айтты. Бұл, ашығын айтсақ, АҚШ бастаған Батыс әлеміне қарай айтылған ащы үндеу. Мықтылар монополиясына айнала бастаған әлем болашағына, оның қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық.

Бір нәрсе анық. Бүгінгі әлем бұрынғы әлем емес. Бұрынғы әлемде ел мен елдер бір-бірінен алыс, алшақ кеңістікте автономды түрде тірлік кеше беретін. Бүгінгі әлемде заманауи коммуникация елдер мен елдерді жақындастырып, мидай араластырып жіберді. Географиялық алшақтықтар адыра қалды. Адамзат әлемі тұтас бір ағзаға айналды. Сол ағзаның бір мүшесінің саулығы ендігі жерде тұтас ағза саулығына тіреліп тұр. Бәрін емдемей, бірін емдеу мүмкін емес. Осы қағидатты терең түсінген Қазақстан басшысының жалқыны өзгерту үшін жалпыны өзгерту қажет екендігіне көзі жеткен. Оның планетарлық идеялары осы сенімнен туған.

Соның тағы бір айғағы – Астанаға әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің шақырылуы. Күні кешегі Тәуелсіздік таңында Орта Азия тауларында төбе көрсеткен терроризм тамыры діни түсінік-сенімдерде жатты. Ал, діни сенімдер болса, әлемде әлі күнге қырғи-қабақ қырық ру, алтыбақан алауыз күйде еді. Батыс сарапшылары болса, сол қырғи-қабақ діни көзқарастарға негізделген «өркениеттер қақтығысы» басталды деп дабыл қақты. Ендеше, өркениеттерді қақтығыстырып қойып, қол қусырып отыра беруге бола ма?! Осынау жаһандық қиын түйіннің бір шешімін іздеу керек еді. Сондықтан да, Қазақстан Президенті әлемдік дінбасыларын 2003 жылы Астанаға шақырды. Тарихта ешқашан бастары бірікпеген, өзара қырғи-қабақ конфессиялар өкілдері тұңғыш рет Астанада бас қосты. Өзара үнқатысу басталды. «Болмайтын нәрсе…» дедік біз де сол кезде, Назарбаевтың бұл бастамасына бас шайқап. Сол тұста бұл бастамаға біз сияқты бас шайқаған скептиктер әлемде аз болмаса керек. Оған дәлел – алғашқы жиынға әлемнің небары 17 елінен ғана делегация келуі. Кешегі өткен соңғы 4-ші басқосуға болса әлемнің 40 елінен 85 делегация келді. Мінеки, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана Съезіне деген сенімі 9 жыл ішінде 3 есе артқан! Бұл – дінаралық түйіндер шешімін бірігіп іздеу қажеттігін әлем мойындай бастады деген сөз. Осы съездің беташар сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл басқосудың маңызын: «Адамзатты әділетті әлемдік тәртіп негіздеріне бастайтын жаһандық үнқатысудың маңызды бөлшегі», деп бағалады.


Осы жерде «әділетті әлемдік тәртіп» деген сөз тіркесіне аздап тоқталуға тура келеді. Бұл – сөз тіркесі емес-ау, ой тіркесі. Бұл ой, байқап отырсақ, биылғы өткен Астана Экономикалық форумында да әлем назарына Қазақстан Елбасы ұсынған «G-глобал» пішінінің де негізгі өзегі болды. Нұрсұлтан Назарбаев неге соңғы кезде «әділетті әлемдік тәртіп» дегенге айрықша мән бере бастады? Заңды сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын да осы тіркестің өзінен табамыз. Қараңыз, Қазақстан Президентінің жаңа ғасырда жаңа «әділетті әлемдік тәртіп» қалыптастыру жайында жалпы адамзатқа үн тастай бастады. Ол әлемде әлі де «әділетті әлемдік тәртіп» жоқ деген сөз емес пе?! Демек, мына айнымалы әлемде қалыптасқан ескі тәртіпке Қазақстан Көшбасшысының көңілі толмайды деген сөз. Сонымен, Қазақстан Көшбасшысы жаңа ғасырда әлем елдерін зорлық-зомбылықтардан ада, барлық ұлттар құқын құрметтейтін, өзара теңдікке құрылған жаңа әлемдік тәртіп орнатуға шақырып отыр. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің болашақ тағдыры тек Жер бетінде осындай «әділетті әлемдік тәртіп» орнағанда ғана тұғырлы болатынына көзі жеткен Көшбасшы қадамы.

Осыдан он жылдай бұрын Батыс ақпарат құралдары қасиетті дінімізге, Пайғамбарымызға топырақ шаша бастағанда, Назарбаев Еуропа төрінде тұрып: «Әлемге ислам қауіп төндіре бастаған жоқ, керісінше, әлем исламға қауіп төндіре бастады!» деп батыл мәлімдеме жасаған еді. Сөйтсек, Елбасы өзінің бүгінгі қалыптасқан әлемдік тәртіпке деген наразылығын сол кездің өзінде ашық айтқан екен. Қазақстан Президентінің бүгінгі әлемдік қоғамдастыққа қаратылған үндеулері, айналып келгенде, алаш Тәуелсіздігіне бүгін болмаса ертең қауіп төндірер қатерлердің алдын алу шаралары екенін түсіну қиын емес. Қисын: кіші шеңбердегі Тәуелсіздігің тұғырлы болсын десең, ұлы шеңбердегі әлемдік тәртіпті емдеу қажет! Бүгінгі әлемдік тәртіпті емдеу үшін оның кесел тұсын дөп басатын диагноз қою қажет. Сондай диагнозды Қазақстан басшысы дүниежүзілік форумдарда үнемі қоюмен келеді. Бұ жолы да, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 4-ші съезінде де қалыптасқан капитал қоғамының басты кеселіне Президент төмендегідей диагноз қойды: «…Моральдық-адамгершілік құндылықтардың жаһандық дағдарысы үдей түсіп отыр. Көптеген қоғамдарда «жалған бостандық» насихатталып және орнықтырылып жатыр. Адами қарым-қатынастар табиғатына жат көзқарастарды қазіргі қоғамның қалыбы ретінде көрсетуге тырысушылық байқалады. Таза еңбекке талпыныс қандай тәсілдермен болса да байып қалуға ұмтылыспен алмастырылуда. Және мұндай антимораль көп жағдайда абсолют ретінде мадақталады.Әлемде моральдық-адамгершілік дағдарыстың өрістеуіне тән белгі дінге сенетіндерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеуметтік үдерістің шет-жағалауына ығыстырып тастау әрекеттері болып табылады. Дін – руханисыздық пен ашкөздіктің алдына кесе-көлденең қойылған бөгет. Көптеген кезеңдерде дәл осы дін халықтық даналықтың, мәдениеттер мен дәстүрлердің кей жағдайда бірден-бір сақтаушысы болып келді. Қазақстан қоғамы мұны құдайсыз кеңестік режімдегі өзінің өмір тәжірибесінен, әсіресе, сталиндік қуғын-сүргін кезеңінен біледі. Біз мұндай әрекеттерді үзілді-кесілді айыптаймыз. Және барлық дін көшбасшыларына барлық діндерге жауыққан құдайсыздарға қарсы тұруда қолдау білдіреміз. Қазіргі дүние жолайырықта тұр. Адамзат, бұрындары талай мәрте болғанындай, оған Жоғары Сана берген жаңалықтардың барлығын әркез әлем игілігі үшін жұмсамауда. Желілік ресурстар білім таратудың орнына көп жағдайда кесірлі істерді насихаттауға қызмет етеді. Жалғандық, арсыз түйсік, өшпенділік ұрығын шашады. Кез келген қоғамның моральдық өнеге бесігі болып табылатын отбасы берекесі (бала тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы) бұзылады».


Біз Нұрсұлтан Әбішұлының аталмыш Съезде сөйлеген сөзінің негізгі бөлімін тұтастай дерлік назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйткені, бұл – тарихи сөз. Тарихи тұлғаның бүгінгі дүниеге деген тобықтай түйінді философиясы. Әсіресе, тарихи жолайырықта тұрған өз елі үшін рухани манифестік маңызы бар сөз. Көп көкейінен шыққан, ұзақ болашаққа ұлт болмысын белгілейтін бағдарламалық сөз. Капитал қоғамына аяқ басқан қазақ қауымының, Қазақстан қауымының болашақ рухани-моралдық болмысы қалай болуы керек деген тағдыр шешті сауалға ашық жауап. Екінші жағынан, Елбасының бүгінгі капитал әлемі шалдыққан негізгі кеселге қойған қатал да кесімді диагнозы. Бұл – Жер шарының қай бұрышында болмасын ақыл-есі дұрыс адам қарсы шыға алмас, аталы сөз, ащы ақиқат. Қазақстан басшысының бұл мәлімдемесіне тереңірек мән берген жан оның бүгінгі капитал әлеміндегі экономикалық дағдарыстар тамыры «руханисыздық пен ашкөздікте», «арсыз түйсік, өшпенділікте» жатқанын аңғарады. «Қандай тәсілдермен болса да байып қалуға ұмтылған» «антиморальда» жатқанын аңғарады. Діннің қашанда «ашкөздік алдына қойылған бөгет» болып келгенін, мұндай антиморальға капитал жүйесі Құдайды немесе «дінді әлеуметтік үдерістің шет-жағалауына ығыстырып тастау» арқылы жеткенін аңғарады. Демек, Қазақстан Президенті адамзат қауымын соңғы 2 ғасырда капитал әлемі төңкеріп тастаған дәстүрлі діни дүниетанымға негізделген шынайы гуманизмді қайта қалпына келтіруге шақырып отыр. Шынайы гуманизм-адамгершілік қағажу көрген қоғам қашанда дағдарыстар ұйығынан шыға алмасын аңғартып отыр.

Дағдарыстар ұйығына алдыңғы қатарлы үлкен елдер малтып жатқанда, Қазақстан тәрізді кіші елдің күні не болмақ?! Қазақстан Президентінің үлкен әлемге қарап үн қатуы осыдан. Планетарлық санадан. Президенттің планетарлық сана биігіне көтерілуінен. Тәуелсіздік тағдырын сол биіктен болжаудан. Оған қарап біз қазіргі заманғы қазақ пассионарлығын көреміз. Өзіне Астанадай ескерткіш қойған қазақ пассионарлығын көреміз.Тәуелсіздік – төбедегі туымыз. Ол ту желбіреп тұрса, иншалла, орындалмас арман болмас. Біртіндеп бәрі де қалпына келер. Қағажу көрген тіліміз де, қудалау көрген дініміз де, шашырап кеткен еліміз де – бәрі де орын-орнына келер. Дініміз қалпына келсе, әрбір жүрекке Алла нұры – иман ұялар… Әрбір жүрекке иман ұяласа, әрбір азамат ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, өшпенділік, ашкөздік, арсыздық сияқты сайтани апаттардан арылар… Әрбір азамат осындай рухани кемелдікке көтерілер болса… онда Қазақстан қоғамы алда бақуатты, иманды қоғамға айналар… Асанқайғы арман еткен Жерұйыққа айналар… Тіліміз қалпына келсе, ұлттық рухымыз тұтасып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болар… Қазақтың жаһандануға жұтылып кетпеуіне кепіл болар… Шашырап кеткен қазақ қалпына келсе, отандастарымыз оралып, алып дала халыққа толар… Алып дала халыққа толса… әлем картасындағы саяси салмағымыз артар… Саяси салмағы артқан алаш… әлемдік аренада ауыр салмақты атлетке айналар… Осының бәрі мүмкін… Төбемізде Тәуелсіздік туы желбіреп тұрса бәрі мүмкін… Ол үшін бізге, тек, мынадай айнымалы алмағайып заманда сақтық керек! Тұтасып… ту ұстаған Тұлға төңірегінен табылуымыз керек! Өйткені, Ту ұстар Тұлға жалғыз… Біз көппіз. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде тек топтасқандар ғана толайым табысқа жеткен, жойдалы жеңіске жеткен!!! Осы жолда… «мың өліп, мың тірілген» алашқа, әманда, Алла жар болғай!