girniy.ru 1

Тауарлар импорты жағдайында iшкi рынокты қорғау шаралары туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 28 желтоқсандағы N 337 Заңы


МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ұлттық экономиканы импорттық тауарлармен бәсекелестiк жағдайына бейiмдеу үшiн отандық тауар өндiрушiлердi және Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында белгiленетiн қорғау шараларын қолдану процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.

      1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) уақытша қорғау шаралары - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде кеден органдары қорғау баждары түрiнде қолданатын алдын ала қорғау шаралары;

      2) мүдделi тұлғалар (тараптар) - iс қарау объектiсi болып табылатын ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарды отандық өндiрушi не қатысушылардың көпшiлiгi сондай тауар өндiретiн отандық өндiрушiлердiң бiрлестiгi;
      iс қарау объектiсi болып табылатын тауарды шетелдiк экспорттаушы мен тауарды шетелдiк өндiрушi;
      тауарды отандық импорттаушы немесе қатысушыларының көпшiлiгi сондай тауарды импорттаушылар болып табылатын отандық импорттаушылардың бiрлестiгi;
      шет мемлекеттiң үкiметi, тауарды шығарған немесе сондай тауарды экспорттаған елдiң уәкiлеттi органы не сондай тауар шығарылатын немесе оны экспорттайтын елдер кiретiн шет мемлекеттер одағының уәкiлеттi органы;
      тауарды тұтынушы немесе тұтынушылардың бiрлестiгi;
      Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары;
      осы iс қарау құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын және осы Заңның 6-бабында аталған уәкiлеттi органның пiкiрi бойынша осы iс қарауды жүргiзуге жәрдем көрсете алатын өзге де тұлғалар;

      3) қорғау шаралары - ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрушiлерiне елеулi залал келтiретiндей немесе оны келтiру қаупiн туғызатындай мөлшер (отандық өндiрiске абсолюттi немесе салыстырмалы түрде) мен жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына оның iшкi рыногындағы еркiн айналыс үшiн әкелiнетiн тауар жеткiзiп беруге қорғау баждары және (немесе) квоталар белгiлеу түрiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде қолданылатын әкiмшiлiк-экономикалық ықпал ету құралдарының жиынтығы;


      4) қорғау баждары - ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiруi немесе оны келтiру қаупiн туғызуы мүмкiн мөлшер мен жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына қандай да болсын тауар жеткiзiп берiлген жағдайларда кеден органдары өндiрiп алатын кеден бажының ставкасынан тыс баждар;

      5) импорттық квота - Қазақстан Республикасының аумағына тауар импортын оның санына және (немесе) құнына қатысты шектеу;

      6) тауардың осының алдындағы кезеңдегi импорты - тауар импортының осының алдындағы үш жылдағы, оларға қатысты статистикалық ақпарат бар орташа шамасы;

      7) құпия ақпарат - ашылған жағдайда бәсекелестер үшiн едәуiр артықшылықтар беретiн немесе ақпарат берген мүдделi тараптар үшiн едәуiр қолайсыз зардаптары болатын ақпарат;

      8) отандық өнеркәсiп (отандық өндiрушiлер) - Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын, ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды өндiрушiлердiң не ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарларды ұжымдық өндiруi Қазақстан Республикасының аумағында осы тауарлардың жалпы өндiрiсiнiң көпшiлiк бөлiгi құрайтын өндiрушiлердiң жиынтығы;

      9) ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауар - сыртқы экономикалық қызметi тауар номенклатурасының белгiлi бiр кодымен жiктелетiн және басқа тауарға толық ұқсас немесе сатып алушы тұтыну процесiнде сондай тауарлармен басқа тауарды алмастыратындай немесе алмастыруға дайын тұратындай, өзiнiң атқаратын қызметi, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары мен басқа да негiзгi қасиеттерi жағынан онымен салыстыруға болатын тауар;

      10) iстi қарау - ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарды отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiретiндей немесе оны келтiру қаупiн төндiретiндей мөлшер мен жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағына қандай да болсын тауардың әкелiнуi жөнiндегi құжаттарды және басқа да айғақтарды қарау рәсiмi;

      11) елеулi залал - Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткiзiп беру көлемiнiң өсуi салдарынан, атап айтқанда, сондай тауар өндiру көлемiнiң қысқаруынан, Қазақстанның iшкi рыногында отандық тауарды өткiзудiң қысқаруынан, сондай тауарды өндiру тиiмдiлiгiнiң төмендеуiнен, еңбекке орналасуға, жалақы деңгейiне терiс әсерiнен бiлiнетiн, Қазақстан Республикасындағы ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрiсi саласындағы ахуалдың жалпы едәуiр нашарлауы; 


      12) елеулi залал келтiру қаупi - елеулi залалдың анық болмай қоймайтындығы;

      13) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының сауда және өндiрiстiк қызмет мониторингiн жүзеге асыратын, елеулi залалдың бар екендiгiн немесе оның келтiрiлу қаупiн және қорғау шараларын енгiзу қажеттiгiн анықтау жөнiнде iс қарауды жүргiзетiн мемлекеттiк органы.


      2-бап. Қазақстан Республикасының тауарлар импорты
              кезiнде iшкi рынокты қорғау шаралары туралы
              заңдары

      1. Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезiнде iшкi рынокты қорғау шаралары туралы заңдарына осы Заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жатады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық келiсiмде немесе шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың немесе келiсiмнiң ережелерi қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның мақсаттары

      1. Осы Заңның мақсаттары Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткiзу көлемiнiң артуына байланысты отандық тауар өндiрушiлердiң мүдделерiн қорғау және елеулi залалды немесе оның қаупiн жою болып табылады. 

      2. Қорғау шаралары Қазақстан Республикасының аумағына тауар жеткiзу көлемiнiң артуы салдарынан отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiрiлген немесе оның қаупi төнген жағдайларда ғана қолданылады. 

      3. Қорғау шаралары iстi қарау осы Заңда белгiленген ережелер мен рәсiмдерге сәйкес жүргiзiлген жағдайда қолданылады.

      4. Қорғау шаралары әкелiнетiн тауарға тауар шығарылған елге қарамастан кемсiтiлмейтiн негiзде қолданылады.


       4-бап. Осы Заңның қолданылатын аясы

      Осы Заң уәкiлеттi орган мен барлық мүдделi тұлғалар арасында, сондай-ақ мүдделi тұлғалардың өздерi арасында Қазақстан Республикасының аумағына қандай да болсын тауарды ұқсас тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрушiлерiне елеулi залал келтiретiндей немесе оны келтiру қаупiн туғызатындай мөлшер (отандық өндiрiске абсолюттi немесе салыстырмалы түрде) мен жағдайларда жеткiзу көлемiнiң артуына байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.



       5-бап. Мемлекеттiк реттеу органдары

      1. Елеулi залал келтiру фактiлерi бойынша өнiм берушiлердiң сауда практикасын мемлекеттiк реттеу мен мониторингтi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Қорғау шараларын енгiзу, қайта қарау және олардың күшiн жою уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен жүзеге асырылады.


       6-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Уәкiлеттi орган өзiне осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен берiлетiн өкiлеттiк шеңберiнде iс-әрекет жасайды.

      2. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларда, уәкiлеттi орган өз құзыретiнiң шегiнде iстi қарау рәсiмдерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер шығарады, отандық өндiрушiнiң немесе өндiрушiлер бiрлестiгiнiң өтiнiштерi бойынша iс қарауды жүргiзедi, қорғау шараларын қолдану үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзуге материалдар әзiрлейдi.

      3. Мемлекеттiк өкiмет органдары, және өзге де ұйымдар iс қарауды жүргiзуге жәрдем көрсетуге және қайтарымдық негiзде тауарлардың үлгiлерi мен қажеттi ақпаратты, оның iшiнде уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша құпия ақпаратты да беруге тиiс.


       7-бап. Iс қарауды бастау туралы шешiм

      1. Iс қарауды бастау туралы шешiм Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсыруы бойынша, сондай-ақ отандық өндiрушiлердiң немесе өндiрушiлер бiрлестiгiнiң өтiнiштерi бойынша дайындалған уәкiлеттi орган қорытындысының негiзiнде қабылданады.

      2. Қорғау шараларын қолданудың алдындағы iс қарауды жүргiзу жөнiндегi өтiнiш, егер осы өтiнiш бойынша өз пiкiрiн бiлдiрген отандық тауар өндiрушiлердiң үлесiне Қазақстан Республикасындағы ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауар өндiрiсi жалпы көлемiнiң көпшiлiк бөлiгi келетiн болса қарауға қабылданылуы мүмкiн.

      Бұл ретте өтiнiштi қолдайтын отандық өндiрушiлер үлесiне отандық өндiрушiлер өндiрген ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың көлемiнiң жиырма бес проценттен астамы келуге тиiс.


      3. Уәкiлеттi орган iс қарауды бастау туралы шешiм қабылданғаннан кейiн тиiстi шет мемлекетке (шет мемлекеттер одағына) қорғау шараларын ықтимал қолдану мақсатында iс қарауды бастау ниетi туралы хабарлауға тиiс.


       8-бап. Өтiнiш беру

      1. Iс қарауды жүргiзу туралы өтiнiш жазбаша нысанда уәкiлеттi органға берiледi және онда мынадай мәлiметтер:

      1) өтiнiш берушiнiң деректемелерi және ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың осының алдындағы үш жылдағы, оларға қатысты статистикалық ақпарат бар құны мен өндiру көлемi туралы деректер;

      2) iс қарау объектiсi болып табылатын әкелiнген тауардың сипаттамасы, тауарды шығарған елдiң немесе елдердiң атауы, аталған тауарды белгiлi жеткiзушiлердiң тiзбесi;

      3) объективтi сипаттағы барлық тиiстi факторларды көрсететiн және осы саладағы жағдайға әсер ететiн сандық көрiнiспен берiлуге болатын деректер, атап айтқанда: қуаттарды сату, өндiру, өнiмдiлiгi, тиеу көлемдерiндегi, пайда мен зиян мөлшерiндегi өзгерiстер, өндiрiсте жұмыс iстеушiлер санының қысқаруы туралы; Қазақстан Республикасының iшкi рыногында ұқсас және тiкелей бәсекелес тауарлар бағасының өзгеруi туралы мәлiметтер болуға тиiс.

      2. Өтiнiш берушi iстi қарау рәсiмi басталғанға дейiн өтiнiшiн қайтып алуы мүмкiн және бұл жағдайда ол берiлмеген болып есептеледi.
      3. Өтiнiш берушi өтiнiште көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауап бередi.


       9-бап. Өтiнiштi қарау

      1. Уәкiлеттi орган өтiнiш берiлгеннен кейiн қырық бес күнтiзбелiк күн iшiнде өтiнiште көрсетiлген деректердiң дұрыстығы мен жеткiлiктiлiгiн қарауға және iс қарауды жүргiзудiң орындылығы не iс қарауды жүргiзуден бас тарту туралы қорытынды әзiрлеуге тиiс.

      2. Егер уәкiлеттi орган мәлiметтердi жеткiлiксiз деп тапса, ол өтiнiш алынған күннен бастап он күндiк мерзiмде бұл туралы өтiнiш берушiге хабарлауға және оған өзiнiң өтiнiшiн өзгертуге немесе толықтыруға мүмкiндiк беруге тиiс.

      Өтiнiш берушi бұрын берiлген өтiнiштi толықтыратын немесе өзгертетiн ақпарат жiберген жағдайда, уәкiлеттi органда осындай толықтырулар немесе өзгерiстер тiркелген күн өтiнiш қарауға қабылданған күн болып саналады.

      3. Уәкiлеттi орган, егер ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың отандық өндiрушiлерiне елеулi залал келтiрiлгенiне немесе оның қаупiне жеткiлiктi дәлелдер болмаса, сондай-ақ осы Заңның 7-бабының 2-тармағындағы шарттар орындалмаса, iс қарауды жүргiзуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. 

      4. Уәкiлеттi орган iс қарауды жүргiзуден бас тарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап бас тартуға себептер мен негiздердi көрсете отырып, он күндiк мерзiмде бұл туралы өтiнiш берушiге хабарлауға тиiс. 


       10-бап. Iстi қараудың басталуы

      1. Уәкiлеттi орган iс қарауды жүргiзудiң басталуы туралы шешiм қабылданған кезден бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде алдағы iс қарау туралы мүдделi тұлғаларға хабарлайды және барлық мүдделi тұлғаларды iс қарауға тарту мақсатында хабарлауды мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде бұқаралық ақпарат құралдарында таратады.

      2. Хабарлауда:

      1) тауарды экспорттаушы мемлекеттiң (мемлекеттердiң) және iс қарау объектiсi болып табылатын тауардың атауы;

      2) iстi қарау басталатын күн;

      3) iстi қараудың негiздемесi;

      4) өтiнiштiң заңдылығын растайтын фактiлердiң қысқаша мазмұны;

      5) мүдделi тұлғалар өздерiнiң материалдарын жолдауға тиiс мекен-жай;

      6) мүдделi тұлғалар өздерiнiң материалдарын бере алатын мерзiмдер болуға тиiс.

      3. Мүдделi тұлғалар мемлекеттiк тiлде немесе уағдаластық бойынша басқа тiлде жазбаша түрде жауап беруге тиiс.

      4. Қорғау шараларын ықтимал қолдану мақсатымен iс қарау Қазақстан Республикасының кеден аумағына iс қараудың объектiсi болып табылатын тауарды кедендiк декларациялауға және жiберуге кедергi келтiрмеуге тиiс.


      5. Қазақстан Республикасының Үкiметi iстi қараудың басталуы туралы шешiм қабылдаған күннен бастап ол аяқталғанға дейiн сан жөнiнен шектеулер қолданбастан iс қараудың объектiсi болып табылатын тауардың Қазақстан Республикасының кеден аумағына импортын лицензиялауды жүзеге асырады.
      6. алып тасталды

      7. Қорғау шараларын қолдану туралы өтiнiштi қолдаған бiр қазақстандық өндiрушiнiң үлесi ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауардың қазақстандық өндiрiсiнiң отыз бес процентiнен асатын жағдайда не, егер iс қараудың объектiсi болып табылатын тауар импортының жалпы көлемi Қазақстан Республикасының iшкi рыногында ұқсас немесе тiкелей бәсекелес тауарды сатудың жалпы көлемiнiң жиырма бес процентiнен кем болса, монополияға қарсы органның аталған шаралардың Қазақстан Республикасының iшкi рыногындағы бәсекеге әсерiнiң салдары туралы қорытындысы болуы қажет.


       11-бап. Iс қараудың мерзiмдерi

      Қорғау шараларын қолданудың алдындағы iс қарау тоғыз айдың iшiнде аяқталуға тиiс.

      12-бап. Ақпарат сұрау

      1. Iс қарау басталғаннан кейiн уәкiлеттi органның, қажет болған жағдайда, жауап берiлуге тиiс мерзiмдi белгiлеп, мүдделi тұлғалардан қосымша ақпарат сұратуға құқығы бар.

      2. Әрбiр мүдделi тұлғаның ақпарат жiберген кезде, уәкiлеттi орган хабарлануында көрсеткен мерзiмде өзi қажеттi деп есептейтiн кез келген басқа да айғақтар ұсынуға құқығы бар.


       13-бап. Құпия ақпарат

      1. Iс қараудың барысында уәкiлеттi органға берiлетiн құпия ақпарат мүдделi тұлғалардың жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.

      2. Құпия ақпарат берушi мүдделi тұлғалар осы ақпарат бойынша жазбаша түсiндiрмелер беруге тиiс.

      Түсiндiрме ақпараттың мәнiн ұғыну үшiн жеткiлiктi мөлшерде егжейтегжейлi болуға не нелiктен егжей-тегжейлi, құпия емес ақпарат ұсыну мүмкiн болмағанының себептерiн түсiндiруге тиiс.

      Уәкiлеттi орган мүдделi тұлға жария етудi және жалпы түрде ашуды қаламайтын ақпаратты, егер осы ақпарат ресми көздерден алынбаған жағдайда ғана, назарға алмауы мүмкiн.

      3. Құпия ақпаратты, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, жариялауға, уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының жеке мүдделерiнде пайдалануға, үшiншi тұлғаларға, сондай-ақ өзге мемлекеттiк органдарға беруге болмайды.


      14-бап. Iстi жүргiзудiң тәртiбi

      1. Уәкiлеттi орган әрбiр iстi қарау бойынша өзi белгiлеген тәртiппен жазбаша түрде iс жүргiзедi. Iсте сақтаудың тәртiбi мен мерзiмi заңдарда белгiленген тәртiппен айқындалатын iс қарауға қатысты барлық құжаттар болуға тиiс.

      2. Iстiң құпия болып табылмайтын материалдары мүдделi тараптарға iстi қарау барысында танысу және олардың өтiнiшi бойынша iстi қайта қарау үшiн берiледi.

      3. Уәкiлеттi орган әр iстi қарау бойынша ресми басылымдарда есеп жариялайды. Есепте Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдаған қаулының негiздемесiмен бiрге iске егжей-тегжейлi талдау жасалуы қажет.


      15-бап. Тыңдау

      Мүдделi тұлғалар iстiң материалдарымен және басқа тараптың дәлелдерiмен танысу мақсатында уәкiлеттi органға тыңдаулар өткiзу туралы өтiнiш беруге құқылы, бұл барлық мүдделi тұлғаларға басқа тұлғалардың мәлiмдемелерiне жауап қайтару мүмкiндiгiн қоса алғанда, дәлелдемелер мен дәлелдер ұсыну және қорғану шараларын қолданудың отандық тауар өндiрушiлердi қорғауға және Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсiздiгiне септiгiн тигiзу туралы мәселе жөнiнде өз пiкiрiн баяндау мүмкiндiгiн беруге тиiс.
      Тыңдаулар хаттама жүргiзiле отырып, уәкiлеттi органның лауазымды адамының төрағалық етуiмен өтедi.


      16-бап. Елеулi залалды немесе оның келтiрiлу қаупiн
               айқындау

       1. Елеулi залалды айқындау объективтi фактiлермен расталып алынған деректерге негiзделедi, бұл орайда тауар беру көлемiнiң өсуi мен келтiрiлген елеулi залалдың немесе оның қаупiнiң арасында себеп-салдарлы байланыстың бар екендiгi дәлелденуге тиiс.


      2. Тауар беру көлемдерiнiң өсуi мен отандық өндiрушiлерге елеулi залалдың арасындағы себеп-салдарлы байланыстарды анықтау үшiн немесе оның келтiрiлу қаупiнiң болуын анықтау үшiн уәкiлеттi орган осы саладағы жағдайға әсер ететiн барлық объективтi факторларды, атап айтқанда:

      1) тауар импорты өсуiнiң абсолюттi және салыстырмалы шамалардағы қарқыны мен көлемiн;

      2) отандық рыноктағы импорттың өсу үлесiн;

      3) сату деңгейiндегi өзгерiстердi;

      4) отандық өндiрушiлердiң тауар өндiруiн;

      5) өнiмдiлiктi, қуаттардың ауқымын, пайда мен зиянның мөлшерiн, жұмысқа орналастыруды ескередi.

      3. Егер тауар жеткiзудiң көлемi өсуiнен басқа отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiретiн елеулi залал келтiретiн немесе залал келтiру қаупi бар басқа да факторлар болса, мұндай елеулi залалды тауар жеткiзiп беру көлемiнiң өсуiне жатқызуға болмайды.

      4. Уәкiлеттi орган iстi қарау барысында алынған нақты деректердiң негiзiнде тауар жеткiзу көлемi өсуiнiң және оның отандық өндiрушiлерге келтiрген елеулi залалының немесе оның қаупiнiң бар екендiгi туралы алдын ала қорытынды беруге құқылы.


      17-бап. Уақытша қорғау шараларын қолдану

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттi орган алдын ала растайтын қорытындының негiзiнде iс қарауды бiр жолғы жүргiзу жағдайында уақытша қорғау шараларын жалғастыру туралы қаулы қабылдайды. 

      2. Уақытша қорғау шаралары, егер оларды кейiнге қалдыру отандық өнеркәсiпке орнын толтыру қиын елеулi залал келтiруi мүмкiн болса, қысталаң жағдайларда енгiзiледi.

      3. Уақытша қорғау шараларын өздерiне қатысты iс қарау жүргiзiлген тауар үшiн оларды енгiзу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының негiзiнде кеден органдары қолданады.

      3-1. Уақытша қорғау шараларын қолданған кезде қорғау баждарын төлеудi қамтамасыз етуге арналған ақшаны импорттаушылар кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес депозиттiк шотқа енгiзедi және Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттi органның қорғау шараларын қабылдау қажеттiгi туралы қорытындысы негiзiнде түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн бюджетке аударуға жатпайды.


      4. Егер уәкiлеттi орган iс қарау нәтижелерi бойынша тауар жеткiзу көлемiнiң өсуi отандық өндiрушiлерге елеулi залал келтiрмейдi немесе оның қаупiн туғызбайды деген шешiм шығарса, уақытша шаралардың күшi жойылуға тиiс және импорттаушының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленген сомаларды қайтарып алуға құқығы бар. Уақытша қорғау шараларын қолдану кезiндегi қорғау бажының ставкасынан неғұрлым төмен қорғау бажының ставкасын енгiзу орынды деп танылған жағдайда, артық төленген сомалар Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген тәртiппен импорттаушыға қайтарылуға жатады.

      5. Егер қорғау бажы уақытша қорғау шараларының ставкасына қарағанда көбiрек мөлшерде енгiзiлсе, импорттаушыдан ақы төленген кезең үшiн айырма өндiрiп алынбайды. 


      18-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң уақытша
               қорғау шараларын енгiзу туралы қаулысын
               жариялау

       Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң уақытша қорғау шараларын енгiзу туралы қаулысы ресми басылымдарда жарияланады.
      Жарияланымда уақытша қорғау шараларын енгiзудiң мерзiмдерi мен негiздемесi болуы тиiс.


       19-бап. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзiмi

      1. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзiмi 200 күннен аспауға тиiс.

      2. Уақытша қорғау шараларының қолданылу мерзiмi осы Заңның 24-бабына сәйкес қорғау шаралары қолданылуының жалпы мерзiмiне кiредi.

      20-бап. Iс қараудың аяқталуы

      Уәкiлеттi орган жүргiзетiн iс қарау Қазақстан Республикасының Үкiметiне жiберiлетiн:

      1) iсi қаралған тауарды жеткiзiп беруден отандық өндiрушiлерге елеулi залалдың немесе оның қаупi төнгенiнiң жеткiлiктi дәлелдерi болмауы себептi iс қарауды тоқтату туралы;

      2) тауар импорты мөлшерi өсуiнiң отандық өнеркәсiпке елеулi залалының болуы немесе оның қаупi төнгенi фактiсiнiң анықталғаны және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туралы қорытынды әзiрлеумен аяқталады.


      21-бап. Қорғау шаралары

      1. Қорғау шараларын қолдану туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша және оның қорытындысы негiзiнде қабылданады және ол ресми басылымдарда жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      2. Қорғау шаралары тауар жеткiзу көлемiн шектеу - квота белгiлеу түрiнде және (немесе) қорғау бажын енгiзу арқылы қолданылады.


       22-бап. Қорғау шараларының мөлшерiн анықтау

      1. Қорғау шаралары елеулi нұқсанды болғызбау немесе жою үшiн қажеттi осындай мөлшерде қолданылады.

      2. Қорғау шараларының мөлшерiн оларды қолданудың бүкiл уақытында ұлғайтуға болмайды. Олардың мөлшерi уәкiлеттi органның өтiнiшi бойынша қорғау шарасының қолданылу мерзiмi бiр жылдан асқан кезде, қолданылу кезеңi бойы теңдей уақыт аралығы арқылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен азайтылуы мүмкiн.

      3. Егер қорғау шараларының қолданылу мерзiмi үш жылдан асса, оларды енгiзгеннен кейiн бiр жарым жылдан кешiктiрмей iстi қарау қайта жүргiзiлуге тиiс, соның нәтижесiнде қорғау шаралары тоқтатылуы, өзгертiлуi немесе ұзартылуы мүмкiн.

      4. Iстi қайта қарау нәтижесiнде қорғау шараларының қолданылу мерзiмi ұзартылған жағдайда мұндай шараларды қолдану шарты қорғау шаралары қолданылуының бастапқы мерзiмi iшiнде қолданылу шартына қарағанда неғұрлым шектеулi бола алмайды.


       23-бап. Қорғау шараларын қолдану

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорғау баждарын енгiзу туралы қаулысының негiзiнде кеден органдары оларды iсi қаралған, әкелiнген тауардың бәрiнен өндiрiп алады. Қорғау баждары кеден баждарына, салықтарға және басқа да бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдерге қарамастан өндiрiп алынады және бюджетке есептелуге жатады.

      2. Квота түрiнде қорғау шараларын қолданған кезде импорттық квотаның жылдық көлемi, елеулi залалды болғызбау немесе жою үшiн өзге шешiм қабылдаудың қажеттiгi дәлелденген жағдайларды қоспағанда, импорттың көлемiн осының алдындағы кезеңдегi оның орташа көлемiне тең деңгейден төмен қысқартпауға тиiс.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қорғау шарасы ретiнде енгiзiлген импорттық квотаның жылдық көлемiнiң шегiнде жекелеген мемлекеттер үшiн импорттық квоталар белгiлей алады.
      Импорттық квота тауар берушi елдер арасында бөлiнетiн жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi консультациялар жүргiзу арқылы Қазақстан Республикасының аумағына осы тауарды жеткiзiп беруге мүдделiлiгi бар тауар берушi елдермен импорт квотасының үлесiн бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткiзудi қамтамасыз ете алады.
      Мұндай уағдаластыққа қол жеткiзу мүмкiн болмаған кезде Қазақстан Республикасының Yкiметi импорттық квотаны тауар импортының жалпы саны немесе құны негiзiнде бұдан бұрынғы кезеңдегi тауар импортына сәйкес келетiн үйлесiмде тауар берушi елдер арасында бөледi. Бұл ретте осы тауарларды жеткiзiп беруге ықпал ете алған немесе ықпал ете алатын кез келген факторлар ескерiледi.
      Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi импорттық квотаны жекелеген шет мемлекеттерден (шет мемлекеттер одағынан) импорт өсiмiнiң абсолюттi және салыстырмалы түрдегi көрсеткiштерiн ескере отырып, жекелеген тауар берушi елдер арасында бөлуi мүмкiн.


       24-бап. Қорғау шараларының қолданылу мерзiмi

      1. Қорғау шараларының қолданылу мерзiмi елеулi залалды болғызбау немесе жою отандық тауар өндiрушiлердiң бәсеке жағдайларына бейiмделуi үшiн қажеттi кезеңге белгiленедi. Бұл кезең, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт жылдан аспауға тиiс.

      2. Қорғау шараларының қолданылу мерзiмiн осы қорғау шарасы елеулi залалды болғызбау немесе жою үшiн қажет болып қала берген жағдайда өтiнiш негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi ұзартуы мүмкiн.

      3. Қорғау шарасын қолданудың жалпы кезеңi кез келген уақытша шараны қолдану кезеңiн, бастапқы қолдану және оны кез келген ұзарту кезеңiн қоса алғанда, сегiз жылдан аспауға тиiс.

      4. Егер қолданылатын шаралардың өзiн ақтамайтындығы анықталса, уәкiлеттi органның өтiнiшi бойынша олардың күшi жойылуға не олардың мөлшерi өзгертiлуге тиiс.



       25-бап. Қорғау шараларын қайта қолдану

      1. Қорғау шаралары өздерiне қатысты қорғау шаралары қолданылған тауарларға олардың қолданылу мерзiмiне тең мерзiм өткен соң ғана қайта қолданылуы мүмкiн. Бұл орайда қолданбаудың ең аз мерзiмi екi жылдан кем болмауға тиiс.

      2. Қорғау шаралары тауарға, егер олардың бастапқы қолданылу мерзiмi 180 күн болса және одан кем болса, мынадай шарттар сақталғанда:

      1) қорғау шаралары енгiзiлген кезден бастап кемiнде бiр жыл өткен;

      2) мұндай қорғау шаралары қорғау шараларын енгiзудiң соңғы күнiнiң тiкелей алдындағы бес жылда екi реттен артық қолданылмаған жағдайда қайта қолданылуы мүмкiн.


       26-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорғау
               шараларын қолдану туралы қаулысын жариялау

       Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорғау шараларын енгiзу туралы қаулысы ресми басылымдарда жарияланады. Жарияланымда сондай-ақ мүдделi тұлғалардың дәлелдерiн немесе талаптарын қабылдау немесе қабылдамаудың себептерi мен негiздемелерi болуы тиiс.


       27-бап. Шешiмдерге шағымдану тәртiбi

       Мүдделi тұлғалар қорғау шараларын қолдану жөнiндегi iстi қарау кезеңiнде қабылданған уәкiлеттi органның шешiмi мен iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот арқылы шағымдануға құқылы.


       28-бап. Тауарлар импорты кезiнде iшкi рынокты
               қорғау шаралары туралы заңдарды бұзғаны
               үшiн жауаптылық

       Тауарлар импорты кезiнде iшкi рынокты қорғау шаралары туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.


      Қазақстан Республикасының

      Президентi