https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Ғалым Камилла

№77 мектеп-балабақша кешені

11«А» сынып оқушысы


Мен мамандықтар әлемінде.


Мен, Ғалым Камилла журналистика мамандығына түскім келеді. Кішкентай кезімнен теледидардағы жаңа хабарларды, телешоуларды көріп өстім. Мемлекетімізде, көрші елдерде, жалпы жер-жиһанда қандай өзгерістер болып жатқаны мені қатты қызықтыратын. Өсе келе болашақта журналист боламын деген ой қалыптасты. Уақыт өте келе теледидардағы бағдарламаларды тек табынатын көрермен ретінде ғана емес, мен сын көзбен талғап, талдап көретін өнер қалыптастырдым. Байыптап отырсам, дер кезінде кей ақпараттар халыққа тарап үлгермейді екен. Мәселен, жаңа заңдардан құлағдар болып үлгермеген қарапайым жұрттың шаруасы тұралап қалатыны осыдан. Саясатпен айналысатын адамдар біздің елде көп. Әлі де саяси жанжалдар, басқа мемелекеттердегі президент ауысуы, жаңа жүйенің орнығуы секілді маңызды хабарлар ел ішіне кеш таралады. Жаңа рок, рэп группалары жаңа әсем әндерін шығарып, әлемге танымал етуде. Спорт әлеміндегілер де сан алуан жетістіктерді бағындыруда. Өнер, спортты сүйетіндер осылар туралы кеңірек білгісі келеді. Футбол, бокс ойындарының жанкүйерлері әрқашанда өздерінің ойыншыларының әрбір қарсыласқан сәтін өткізбейді. Тарихи-танымдық бағдарламалар санын көбейтсе. Келер ұрпаққа нақты деректерге сүйену арқылы өткен соғыстардан қалған ғимараттарды көрсетіп, отансүйгіштік рухты оятса. Атақты ақын-жазушылармен, қатары сиреген соғыс ардагерлерімен, елге келген қонақтармен сұхбат жүргізу кезінде үлкен ізденіс керек сияқты. Бір қалыптан шыққандай хабарлар көрермен, оқырман назарын өзіне аудара алмайды.

Кейбір адамдар түсінігінше «журналистика қиын мамандық емес». Иә, солар айтқандай болуы мүмкін, бірақ оңай да емес. Әр мамандықтың өзіндік қиыншылығы мен ерекшелігі бар. Қоғамды шынайы ақпаратпен сусындататын журналистиканың арқалар жүгі жеңіл, маңызы шамалы деп баға беруі әбестік. Қазіргі кезде өзгерістерді жария ететін БАҚ-сыз өмір сүру мүмкін емес. Қоғамды сауықтыратын жаңалықтарды дер кезінде халыққа насихаттап, өткір мәселе көтерген тұщымды мақалалар жазатын, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін журналистер қауымының еңбегі ерекше ерен деп білемін.


Көпшілікті «Газетте немесе телевизия мен радиода, кітап баспасында қызмет ететін журналистердің қайсысы қоғамда маңызды роль атқарады?» дегендей сұрақ мазалайды. Меніңше, әрқайсысының өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар. Әрқайсысының шаруасы бастан асады. Бір сөзбен айтқанда, халықтың көзі, құлағы һәм аузына айналған БАҚ-тың арқалайтын жүгі атан түйеге татырлықтай.

Шетел журналистикасы жақсы дамыған. Бұл біздің еліміздің журналистика кенжелеп қалды деген сөз емес. Уақыт жылжып өткен сайын қазақ журналистикасының қарқыны артып келеді. Оның болашағы жарқын. Сөз құдіретін бағалаған, уызына қанып өскен, замандастар! Бәрі өз қолымызда. Егер өзіңізде ниет пен сенім болса, талаптың тұлпарына мініп, таланттар мекен еткен журналистикаға ат басын бұрыңыз. Біреулер айтқандай журналистика «өсек-өтірік теріп, біреулердің соңынан жүгіретін» мамандық емес. Әрқашанда халық ортасынан табылып, олардың қамын жеп, жан айқайын жария ететін журналист қоғамды сөзбен сауықтыратын маман. Егер журналистер болмаса, өмірдің ақ пен қарасын, жақсы мен жағымсыз жаңалықтарын жамағатқа кім жеткізеді? Әрине, ұзынқұлақтан еміс-еміс бірдеңелер естуіңіз мүмкін. Бірақ, ол шынайы ақпарат па, күмән тудырады. Ал сөзбен сойып-саптап, өмірдің ащы-тұщысын алаламай жария ететін журналистер әркез тек шындықты айтады.

Мамандықтың саны көп. Өмірге, қоғамға бәрі қажет. Содан да болар, «мамандықтың жаманы жоқ» деген газетшілер қалыптастырған пікір бар. Ал соның ішінде журналистика – айрықша қастерлі мамандық. Ұлт көсемі болған Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы, «Оян, қазақ!» деп барша Алашқа ұран тастаған қайсар да қайраткер ақын Міржақып Дулатұлы журналист болған. Біздің елдігіміздің, жеріміздің жоқшысы, қазақтың тәуелсіз шаңырағын қайта көтеруге күрес ашқан бүкіл Алаш қайраткерлері журналист болған. Тіпті ұлы ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин де журналист болған. Алайда кесек тұлғаларға бітер жеті өнерді де ұлт мүддесі жолындағы күрес құралына пайдаланған олардың бұл сегіз қырының тек біреуі ғана болатын. Олар журналистиканы өнер деп емес, мамандық деп емес, кәсіп деп емес, табыс көзі деп емес, өз бас пайдалары үшін емес, мақтан үшін емес – ұлт мүддесі жолындағы ұлы күрестің құралы етіп пайдаланды, пайдалана білді. Қазақ тарихындағы «Айқап» жорналы мен «Қазақ» газетінің, әсіресе, «Қазақ» газетінің қандай тарихи һәм саяси міндет атқарғанын жақсы білеміз. Ол қазақтың көзін ашқан, санасын оятқан, ұлы мұратты іске жұмылдырған саяси қару болды. Әлбетте, әркімнің ұнатқан өз мамандығы, соған орай кәсібі болады. Қай мамандық, кай саланың маманы болсын елдің ортақ ісіне өз үлесін қоса­тыны белгілі. Қоғам бір саладан емес, мың сан саладан тұрады. Міне, соның бәрінің басын қосып, ұлттық, халықтық, мемлекеттік мүддеге ұйытатын – бас­пасөз. Ахаң айтқандай, ол халықтың көзі, құлағы болуы осында.


Журналист үшін икемділік пен ізденіс бұл екеуі егіз ұғым.Бірі болмаған жерде екіншісі жүзеге аспайды. Тіпті керемет талантты деген журналисттің өзіне үнемі ізденіс үстінде болуға тура келеді. Әйтпесе, өмірдің ағымынан қалып қояды.Көрерменге ұсынар тақырыпты терең зерттеген сайын оның маңыздылығы да арта түседі.

Адам білімді болуы мүмкін, бірақ жүрегінде көз болмаса (иманды болмаса), оның білімі ізгілікке арналмайды. Атағын, байлығын асырып, үрім-бұтағы үшін «жақсы өмір» жасап кетуге арналады. Адам­заттың өміршеңдігі - оның рухани түлеуінде. Осы орайда теледидардың атқарар рөлі ерекше екенінде ешкімнің дауы жоқ.

Сіздермен ой бөліскен болашақ журналист – Камилла Ғалымқызы. Әзірше қош болыңыздар. Мүмкін сіз бен біз құт дарыған мекен – журналистика әлемінде кездесерміз...