https://electroinfo.net

girniy.ru 1


ҚР Білім және ғылым министрлігі

54 жалпы білім беретін орта мектебі


БАЯНДАМА

Сабақ пен сыныптан тыс оқытуды ұйымдастырудағы педагогтардың

іс-әрекеті.

(қалалық семинар)

2011-2012 оқу жылы


Өткізген: Жаймина Гауһартас Абиятовна


Қарағанды қаласы


Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз.

Оқытуды ұйымдастырудың негізгі түрі – сабақ. Сабақ -оқу үрдісіндегі шешуші буын ,күрделі еңбекті ізденуді талап ететін іс , сан алуан қызмет атқаратын педагогикалық үрдіс. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек.

Ж. Аймауытов :''Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек''- деп айтқан.

Оқу үрдісін талапқа сай жүргізуде мұғалім -басты тұлға.Сондықтан да шығар қазіргі сабақ қандай болу керек,оның қандай жақтары жеткіліксіз, қай саласына көп мән бөлу керек ,күнделікті сабақтың сәтті өтуін қалай қамтамасыз етуге болады деген сан алуан сұрақтар әрқайсымызды толғандырып жүргені сөзсіз.


Сабақты сәтті ұйымдастырудағы басты мақсат --оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырып ,бүгінгі заман талабына сай білім беру.Сабақтың сәтті өтуі біріншіден ,мұғалімнің біліміне ,іскерлігіне ,тәжірибесіне байланысты болса , екіншіден , сабақ материалына, ал үшіншіден, сынып типіне, төртіншіден мұғалім мен оқушының көңіл – күйіне де байланысты . ( слайд)

Сабақты тартымды әрі сәтті өткізе білу мұғалімдер қауымынан көп ізденуді ,білімділікті ,қабілеттілікті ж/е тапқырлықты қажет етеді.

Менің ойымша, сабақты сәтті ұйымдастырудың бірнеше алғышарттары бар. Олар:

-Сабақтың тақырыбына сай сабақ жоспарын жасау . Сабақ жоспары нақтылы жүзеге асатындай етіп жасалынуы қажет . Дұрыс құрылмаған сабақ жоспары жақсы нәтиже бермейді.

- Тақырыпқа сай сабақ түрін, оның әдіс-тәсілдерін түрлендіріп отыру.

-Қосымша материалдарды тақырыпқа сай шығармашылықпен іріктеп ала білу.

-Дидактикалық , техникалық құралдарды , электрондық оқулықтарды мақсатқа сай , оқушы сезіміне әсер ететіндей тұрғыда пайдалану.

-Сабақта алдыңғы қатарлы озық іс-тәжірибелер мен жаңа технологияларды пайдалану.( слайд) технологиялық карта

Бұл орайда инновациялық технологияларды пән бойынша қандай тарауға қай тақырыпқа пайдалану тиімді болатынына зерттеу, салыстырып жүргізіп отыру қажет. Сонымен бірге оқушының бастапқы білім деңгейін ,жаңа технологияны пайдалану барысында қаншалықты білім алып шыққанын ,не үйренгенін айқындап , диагностикалап отыру да артық болмайды . Өйткені мұғалім тарапынан білімі мен іскерлігі тексерілмеген оқушылар біртіндеп үлгермеушілер қатарына қосылады . Бұл өз кезегінде сабақтың сәтті өтуіне зианын тигізбей қоймайды .

Мұғалім күнділекті әр сабағына шығармашылықпен дайындалуы керек. Өйткені , сабақ-мұғалімнің өнері , шығармасы. Сондықтан әр сабақты тиімді ұйымдастыруда оқушыны жалықтырмайтын , қабілетін арттыратын жағдай туғызуға ықпал етуміз керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ, сабақ баланың оқу әрекетінің сыныптан тыс және үйдегі түрлеріне де бағыт-бағдар беріп, жетекшілік рөлін атқарады.


- Сабақ - оқыту жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, ендігі жерде оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше болды. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани-адамгершілік қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді.

- Сабақ - күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады.

- Сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар жүйесі

- Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын-ала белгілі болуы тиіс.

- Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет.

- Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.

- Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

- Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.

- Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылар-мен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек. Педагогикалық қарым-қатынас мұғалімге оқушылармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.

- Сабақта оқушыларға білім берумен қатар оларды өздігі-нен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.

- Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципке сай жүргізуі тиіс.

 - Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.

   - Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалімнің сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды,оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с) ескеріп отыруы шарт.


-Сабақ – педагогтік шығармашылықта құрылады және сондықтан да ол біртұтастық жүйемен оқшаулануға тиіс. Кіші бөліктердің өзара іштей байланысы бірігіп, оқушылар мен мұғалімнің іс-әрекеті дамуының бір тектес логикаға бейімделуіне бағыт жасайды.
Сабақтың талабын орындау мен оны түсінуге байланысты, мұның өзі әлеуметтік сұранымға қатысты анықталып, оқушылардың жеке басының қажетсінуіне орай құрылады, оқыту мақсаты, міндеттері, заңдары мен принциптері басшылыққа алынып, жоғарыдағы іс-әрекеттің мазмұнын айқындайды.
- ғылым жетістіктерінің жаңа түрін озық іс тәжірибені, оқу-тәрбие үрдісінің негізгі заңдарына құрылған сабақты;
- сабақты өту үрдісінде, барлық дидактикалық принциптер мен ережелер;
- оқушылардың санасын қалыптастыруға әсер етерлік, пәнаралық байланысты;
- бұрынғы білімді байланыстыруға, оны меңгеруде икем-қабілетін және оқушылардың білім сапасын арттыру барысындағы тіректік ұғымдарға сілтеме жасау;
- педагог оқу-құралдарын ұтымды қолдануы;
- алған білімнің, өндірістік қызметпен, оқушының жеке іс-тәжірибесімен байланысты жүзеге асыруы;
- білімнің, икемнің, қабілетін тәжірибеде қалыптастыру, оны ойлау – амалы мен іс-әрекетке тиімді қолдануы;
- сабақты диагностикалау, жоспарлау, жобалау және болжауы.
Әрбір сабақ тұтас педагогтық процестің функциясын жүзеге асыруға бағытталған: оқыту, дамыту, тәрбиелеу. Соның нәтижесінде сабақ көпжоспарлы, құрылымы әр түрлі болып келуі мүмкін. Сабақ құрылымының ерекше көп тараған түрі барлық дидактикалық міндеттерді шешуге: білімді енгізу, жаңа материалды зерделеу, өткен материалды бекіту, бақылау, оқушылардың білімін бағалау, үйге тапсырма берумен байланысты.
Сабақта оқушылардың оқу қызметін ұйымдастыру. Сабақта оқушының оқу қызметін ұйымдастыру бұл оқушы мен мұғалімнің сырттай үйлесімді қызметі, оның өзі белгілі бір тәртіп талабынан құрылады.

Мұғалімнің сабаққа дайындығы өзара байланысты екі кезеңнен тұрады:

  • сабақтарды тақырып бойынша жоспарлау және осы жоспарлауды сабаққа сәйкес нақтыландыру,


  • әрбір жеке сабақтың жоспарын терең ойластыру мен құрастыру.
    Тақырыптық жоспарлау оқу бағдарламасының белгілі бір тақырыбы немесе тарауы бойынша өтілетін сабақтар мен сабақтан тыс оқу жүйесіндегі оқыту-тәрбиелік үрдісі білім беру, дамыту және тәрбие беру қызметтерін іске асыруының қолайлы жолдарын анықтау үшін қажет. Бұл жүйеге, негізгі дидактикалық мақсатына байланысты, сабақтың әр алуан тұрпаты және түрлерімен қоса оқушылардың сыныптан тыс және оқудан тыс жұмыстарының басқа түрлері де кіреді. Тақырыптық жоспарлаудың ойдағыдай іске асырылуы, көбінесе мұғалімнің оқушылар нені білулері керек, т.б. деген сияқты мәселелерді қаншалықты терең ойластырғанына байланысты болып келеді. Сондықтан мұғалім тақырыптық жоспрлауды пәннің оқу бағдарламасымен, білім беру стандартымен мұқият танысудан, пәнді оқыту кезіндегі және берілген тақырып бойынша дидактикалық міндеттерді шешудегі негізгі тәрбиелік мақсаттарды және оқушыларды дамыту мақсаттарын анықтаудан бастауы қажет.
    Бір сабақты жоспарлау-мұғалімнің тиянақты бір сабаққа дайындығы, яғни сабақты жоспарлау, тақырыптық жоспарлауды әрбір жеке сабаққа сәйкес нақтыландыру, сабақтың негізгі мазмұны мен бағыты анықталғаннан кейін сабақтың жоспары мен қысқаша мазмұнын терең ойластыру мен құрастыру. Сабақ жоспары мұғалімнің жұмыс тәжірибесіне, білімдарлығына, педагогикалық шеберлігінің деңгейіне қарамастан, әрбір мұғалім үшін қажет. Сабақтың жоспары, тақырыптық жоспар, бағдарлама мазмұны негізінде, мұғалімнің оқушыларды және олардың дайындық деңгейін білуінің негізінде құрастырылады. Сабақты жоспарлауда және оны өткізу технологияларын дайындауда екі өзара байланысты бөліктер бар: сабақ мақсатын, оның әрбір қадамын терең ойластыру; арнайы дәптерге сабақ жоспарын белгілі бір түрде жазып алу.

    Сабақтың мақсаты бағдарлама материалының мазмұны негізінде, мектептің материалдық базасының және оқушылардың белгілі бір оқу жағдайына сәйкес ұйымдастыруға болатын оқу материалымен жұмысының мазмұны негізінде анықталады. Сабаққа дайындалудың бұл бөлімінде мұғалім болашақ сабақтың өту барысын болжайды, оны ой-санасынан өткізіп, өзінің оқушылармен бірлесіп жасайтын іс-әрекеттерінің өзіндік бір сценарийін дайындайды.Өзінің және оқушылардың сабақтағы әрекеттерінің негізгі мазмұны мен бағыттылығын анықтағаннан кейін барып мұғалім оқушылар меңгеруге тиісті қажет және жеткілікті материалды таңдайды, сабақта талданатын жаңа түсініктерді енгізудің жүйелілігін анықтайды.

    Сонымен мұғалімнің сабаққа дайындығы дегеніміз- тек оқу материалының тиянақты талдауы, оны оқып білу кезеңдеріне сәйкес құрастыруы ғана емес, сонымен қатар оқушылардың осы материалмен жұмысы кезінде пайда болуы мүмкін сұрақтары, жауаптары, пайымдаулары - оны қабылдауы, түсінуі,т.б.


  1. Сабақтың конспектісі, әсіресе жас мұғалімдер үшін, толық және жан-жақты жасалады. Мұндай конспект мұғалімге тек бір сыныптағы ғана емес, сонымен бірге барлық қосалқы сыныптардағы жұмысы кезінде де қажет болады.
    Алайда, сабақтың ойдағыдай өтуі тек мұғалімнің мұқият дайындығына ғана емес, сонымен қатар оның оқушыларды алдағы сабақтағы жұмысқа әзірлеуіне және оқушылардың өздерінің сабаққа деген психологиялық дайындығына байланысты. Ол үшін оқушыларды келер сабақтағы жұмыс жоспарымен таныстырып, оларды оқулықтың жекелеген тараулары, тақырыптарымен оқушылардың оқу-танымдық қызметін дамытатын тапсырмалар алдын ала таныстыруға бағыттап, жаңа материалды меңгеруге септігін тигізетін бақылау мен күрделі емес сынақтар өткізу қажет.

Бала бойындағы дарындылықты ашуда әрбір ұстаз өз сабағында жаңашыл әдіс-тәсілдерге сүйеніп, сабақ жүргізсе өскелең жастың өмірге нақты көзқарасын қалыптастыра алады. Дәстүлі және дәстүрден тыс сабақтарды оқушылармен жүйелі өткізу олардың сол пәнге деген қызығушылығын арттырады.( слайд)

Биология сабағын өтуде өз пәнге деген оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін сабақты түрлендіріп, өмірмен байланыстырып, қазіргі заман талабына қажетті білім алуға жағдай жасауға тырысу қажет. Оқушыларды сабақтан жалықтырып алмас үшін бүгінгі күндегі жаңа технология бойынша сабақ үлгілерін ойластырып, күнделікті жоспарға өзгерістер ендіріп, сайыс, дебат, ХХІ ғасыр көшбасшысы түрінде сабақтар өткізу қажет. Сонымен бірге биология сабақтарында оқушыларға мынадай талаптар қойылады:

-үйге берілген тапсырманы оқулық бойынша оқу;

-оқыған материалды биологиялық тілде айтып шығу;

-тақырыпқа байланысты таблица жасау, тірек-сызбасын сызу, негізгі терминдерді жатқа айту;


-тақырыпқа сай өз пікірін айта білу,

-қосымша ақпарат көздерінен алынған материалдармен тақырыпты толықтыра білу.

1.Ойлау қабілеті басым, түрлі болжам жасауға қабілетті, қиялға ұшқыр, өзін тануға құштар келеді.

2.Шығармашылықпен айналысуға, өз білімін сынауға тырысады.

3.Қиялы жүйрік, жан дүниесі нәзік, табиғатты танып білуге тырысады.

4.Ақыл-ой қабілетін тек өзін қызықтыратын іске бағыттайды.( слайд)

Осы талаптарды өз деңгейінде орындаған оқушыны қабілетті деп танып, ол оқушымен мынадай жеке жұмыстар жүргізіледі.( слайд )


  • оқушы пікірін ашық, іркілмей айтуға үйренеді;

  • өз ойын дәлелді түрде жеткізе біледі;

  • оқушының шығармашылық белсенділігі артады;

  • ізденеді;

  • өзіндік көзқарас қалыптасады;

  • сөйлеу мәдениеті қалыптасады;

  • материал жинақтап үйренеді;

  • зерттеу жұмысын жүргізеді.( слайд)

Егер мұғалім күнделікті сабақта оқушыға тапсырманы күрделендіріп беріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырса, оқушы бұл тапсырманы орындағанда оқулық материалымен шектеліп қана қоймай, өзінің бойындағы барлық қабілетін аша отырып, ойланып, ізденіп жауап береді. Және де деңгейлік тапсырмалар беру арқылы- оқушының қабілетінің шарықтау шегін, танымдық сұрақтар беру арқылы – оқушының жан-жақты ойлау қабілетін, теориялық тапсырмалар беру арқылы- тақырыпты меңгеру қабілетін, венн диаграммасы арқылы – салыстыру қабілетін, эссе жазу арқылы - оқушының іздену қабілетін, ал тест әдісін қолдана отырып оқушының есте сақтау қабілетінің деңгейін анықтауға болады. Мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеттері оқушылардың оқу мотивациясы; оқушының білім-біліктері, іскерліктері мен тәжірибелерін белсендіру; жаңа оқу материалын меңгертуді ұйымдастыру; оқыту нәтижелілігін анықтау кезеңдерінен тұрады. Мұндағы мұғалім қызметінің мәні басқару болса, оқушылардың қызметі – оқу: білімді меңгеру, біліктер мен іскерлік дағдыларын иге­ру, оларды іс жүзінде қолдана білу. Әрбір мұғалім сабаққа даярлық алдында проблемалық міндеттердің шешімін қарастырады. Онда мұғалім жаңа материалды меңгерту үшін өткен материалдардан нелерді тірек етіп алуға болады; осы кезге дейін қалыптасқан қандай біліктер мен дағдыларды жаңаша қалыптастыруға тірек бола алады; оқушының ойлау, қабылдау, сезіну, еске түсіру, сөйлеу қабілеттерін дамыту үшін қандай тапсырма­лар мен жаттығулар ұсынған жөн; оқушылардың алған білімдерін бақылап, тексеру үшін қандай практикалық материалдар қолданған дұрыс деген проблемалық сауалдарға жауап іздестіреді.


Оқыту - білім берудің негізгі жолы болып табылады. оқыту оқытушы мен оқушының біріккен іс-әрекеттері, сондықтан да ол екі жақты бір текті процесс. Оқытушы оқушыларға білім беріп іскерлікке, дағдыға үйретеді, ал оқушы таным міндеттерін түсініп, дағдыны игереді. Оқыту барысында оқушыларға теориялық білім мен тәрбие беру бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Тәрбие негізін қалайтын, оқушылардың білімін кеңейтіп, өз қабілетін танып білуге үлес қосатын оқытудың түрі – сыныптан тыс оқыту.

Сыныптан тыс оқыту мұғалімнің ұйымдастыру шеберлігімен іске асады. Сонымен қатар сыныптан тыс оқыту әртүлі жұмыстар арқылы жүзеге асады. Сол жұмыстар арқылы оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, өз қабілетін танып білуге, қосымша жұмыс жасауға үйретіп, дүниетанымын кеңейтеді.

Мектепте биология пәнін оқыту барысында сыныптан тыс жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бағдарламада берілетін арнаулы сағаттарда мұғалімдер білім негіздерін қалыптастыру жұмыстарымен айналысады. Сөз жоқ, икем – дағдысын дамыту, тәрбиелеу, қабілетті, дарынына әсер ету, оны ары қарай мәпелеу істері білім берумен қоса жүреді. Бірақ осы жұмыстардың барлығын сабақ процесінде жүзеге асыру мүмкін нәрсе емес. Оқушыларды шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамын, сезімін дамыту сияқты білім мен тәрбие беруде сыныптан тыс жұмыстардың маңызы зор. Ол жұмыстардың қандай түрі болмасын, оның негізгі мақсаты – оқушылардың түсінігін арттыру, халықтың салтын, мәдениетін, өнерін бойына сіңіре отыру рухани ұлтжандылық тәрбие беру. Сөйтіп, бұл - биология пәнінен оқушылардың алған білімдерін одан әрі тиянақты ету, дамыту, жинақтау, оларды өмір тәжірибелерінде дұрыс пайдаланып, сөз мағынасын терең ұғынып, сауатты жазуға баулитын жұмыстардың бірі.

Оқушылардың бос уақыттарын пайдалы, тиімді өткізуде, инабаттылық, имандылық, адамгершілік сияқты биік қасиеттерге баулуда, ұлттық өнерді, халық өнерін қастерлеу, қорғауда да сыныптан тыс оқытудың жас ұрпаққа берері көп.


Адамды танып-білу, оның бойындағы ерекше қабілетті көре білу мұғалім үшін аса қажет қасиет. Ол үшін ерінбей еңбек етіп, баланың ерекше қабілетін байқауда күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында, үйірме жұмысында оқушыны үзбей бақылап, рейтинг жүйесімен білімін қадағалай отырып, бала бойындағы дарындылықты немесе жүйелі білім алуға қабілетті жеке тұлғаны анықтауға болады. Сонымен бірге сыныптан тыс сабақтарда «дебат» әдісін қолдану оқушының өз ойын ашық айтуға, дәлелді сөйлей білуге, өз ойын жан-жақты толық жеткізе білуге дағдыландырады.

Қазіргі таңда оқудың интерактивті әдіс-тәсілдері өте көп. Педагогикалық ғалым мен озық тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болған оқыту әдіс-тәсілдерінің бәріне де еркін игеріп , әрбір нақтылы жағдайларға орай ең тиімдісін таңдап алу және олардың бірнешеуінің жиынтығын түрлендіре тиімді , үйлесімді , әрі шығармашылықпен қолдану- сабақтың сатті өтуінің кепілі. Сөзімді қорытындылай келе мына мәселелерге баса назар аударғым келеді.


  1. Мұғалім сәтсіз өткен сабақтарға өзіндік талдау жасап өз кемшілігін іздеуге әрекет жасау керек.

  2. Білім мен тәрбие берудегі ізгілендіру , жариялылық , педагогикалық , ынтымақтастық , ғылыми-әдістемелік , тың ізденістерге сүйене отырып жаңашылдыққа талпыну қажет.

Сабақтың сапасы мен нәтижелі өтуі, көбінесе, мұғалімнің өзінің және басқалардың жетістіктері мен қателерін дұрыс талдай алуына байланысты. Өз жұмысына талдауды сабақ өткізе салысымен және келесі сабақтың алдында, яғни сабақтың конспектісінің негізі дайын болған кезде жүргізуі тиімді. Бұндай жағдайда мұғалім өткен сабақтың нәтижелеріне сүйене отырып, келесі сабаққа дайындығы кезінде осының барлығы ескерілуін ойластырады. Өзін-өзі бағалау өткен сабақтың талдауына негізделеді, яғни мұғалім жасаған жоспарын тағы қайтара талдап, сәтсіздіктерінің себебін табуға тырысып, дидактикалық тұрғыдан ұтымды тұстарын қайталауға тырысады.

Осылайша, қазіргі уақытта да сабақ оқушылардың мектепте білім алуын ұйымдастыру түрінің ең негізгісі болып қала береді. Сабақтың нәтижелілігі мұғалімнің дайындық деңгейіне, оқушылардың оқу-танымдық әрекетін йымдастыра алуына және ол оқу әрекетінің нәтижесін болжай алуына байланысты.

Нәтижесінде оқушы оқулық материалымен шектеліп қана қалмай, қосымша материалдармен өз білімін толықтырады, сонымен бірге оқу, сөйлеу, жазу белсенділігі артад, кез-келген биологиялық заңдылықтарға талдау жасай біледі, өзіндік пікір қалыптастыратын, шешендік өнерді игерген тұлғаға айналады. (слайд)