https://electroinfo.net

girniy.ru 1


А л ғ ы с Ө з
Қазақстан Республикасы егемендiгiн алуына байланысты елiмiздiң әлеуметтiк өмiрiнiң барлық саласы түгелiмен өзгерiп, саяси, экономикалық және әлеуметтiк жүйесi әлемдiк өркениет үлгiсiнде қайта құрылып жатыр. Жоғары оқу орындарында тоталитарлық тәртiп, коммунистiк идеология тудырған марксистiк тұрғыдағы жасанды пәндердiң орнына бүкiл дүние жүзi мойындап, таныған, өркениеттi елдерде көптен оқытылып жүрген өрелi, өмiр елегiнен өткен, бiздiң бүгiнгi заманымыздың талабына сай келетiн iргелi ғылымдар енгiзiле бастады. Солардың iшiнде ерекше орын алатыны — саясаттану негiздерi.

Ол қазiргi қоғамдық және саяси құрылыстың мән-мағынасын терең түсiнiп-бiлуге, адамдардың өмiрiнде алатын орнын, атқаратын рөлiн айқындауға, оларға сан түрлi құқықтары мен бостандықтарын дұрыс пайдалануға мүмкiндiк бередi. Саяси ғылымның негiздерiн меңгеру арқылы әсiресе қазiргi өтпелi кезеңдегi күрделi қоғамдық-саяси жағдайда еркiн бағдар ұстап, белсендi iс-әрекет жасауға, iшкi және сыртқы саясаттың сыр-сипатын, қилы құбылыстарын жете ұғынуға, басқа адамдардың құқықтарын бағалап, қадiрлей отыра, өркениеттi түрде өзiнiң мақсат-мүддесiн бiлдiрiп, оны қорғауына кең жол ашады, жалпы, халықтық қазыналарға негiзделген демократиялық тәртiптi құрметтеуге, ортақ мәселелердi ұжымдасып шешуге үйретедi. Саясаттану адамдарға саяси қажеттiктерiн мемлекет тарапында iске асырудың жолдары мен әдiстерiн дұрыс таңдап алуға, демократиялық тәртiптердi және қоғамдық институттарды қалыптастыруға көмектеседi. Ол саяси төзiмдiлiктi, келiсiмге, серiктестiкке, мәмiлеге келе бiлудi, саяси шиеленiс, дау-жанжалдарды дер кезiнде шешудi, ұлтжандылықты, қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық парызды, жауапкершiлiктi сезiнуге ықпал етедi.

Халықтың тиiстi саяси мәдениетiнсiз демократиялық мемлекет орнауы және тиiмдi жұмыс iстеуi мүмкiн емес. Әрине, қандай қоғамда болмасын барлық адам түгелiмен саяси шешiм қабылдауға қатыса алмайды. Десе де мемлекеттiк саясатта жұртшылықтың әр түрлi топтарының мақсат-мүдделерiнiң ескерiлуi, басқарушы топтың құзыреттiлiгi мен жауапкершiлiгi көбiне азаматтардың саналылығы мен белсендiлiгiне байланысты.


Саясаттану пәнiнiң мақсаты – студенттерге саяси институттардың, құбылыстардың, қазiргi қоғам дамуындағы саяси мәселелердiң мәнiн түсiнуге көмектесу. Соның барысында олардың саяси санасын қалыптастыру, адамзат дамуының баламалы даму жолдары бар екендiгiн түсiндiру, демократиялық саяси мәдениеттiң құндылықтары мен ережелерiн бойларына сiңiру.

Адамдардың саясатқа қатысып, салиқалы шешiм қабылдауы өзiнен-өзi тумайды. Ол үшiн газет, журналдарды оқып, радио тыңдап, теледидар көру де аз. Ондағы материалдарды сындарлы сараптап, шынайы қорытынды шығару, саяси өмiрдiң субъектiсi болу үшiн жүйелi түрде саясат теориясын игерiп, саяси процеске қатысу жолдарын арнайы оқып-үйрену, iс жүзiндегi тәжiрибе керек. Сондықтан да егемен елiмiз КСРО тарқағаннан кейiн бiрiншi кезекте оқу орындарында саясаттануды мiндеттi пән ретiнде енгiздi. Бiрақ өкiнiшке орай, осы күнге дейiн бұл пәннен оқулық жоқ, оқу құралдары мен әдебиеттер өте аз. Сондықтан автор осы олқылықты аз да болса толтыруға тырысты.

Саяси әдебиеттi оқу барысында оқырман қауым осы саладағы түрлi терминдермен кездесетiнi сөзсiз. Олардың әзiрше қазақ тiлiнде жинақталған сөздiгi жоқ. Сондықтан әр жерден iздемес үшiн кiтаптың соңында саяси терминдердiң қысқаша сөздiгiн берудi жөн көрдiк.