https://electroinfo.net

girniy.ru 1

ТӨЛЕ БИ

(1663-1756)


Төле би Әлібекұлы XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген. 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойында Әулие ата маңындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келген. Төле жастай араб, парсы тілдерін жақсы білген. Шығыстың аңыз әңгімелері, қисса-дастандарымен таныс болған. Әке тәрбиесінің арқасында билікке ерте араласып, сенімнен шыға білген. Алғыр-тапқырлығымен, әділдігімен көрініп, жастайынан ел ішіндегі жер дауы, жесір дауына араласып, кесіп шешім айтып отырған.

Шешендік дәстүрінде жаңа талап жас баланың аты әйгілі билерден барып бата алатыны болады. Сол жүйемен Төле би атақты Әнет Бабаға барып сәлем беріпті. Жүзге келген қарт би ел бірлігі, ынтымақ жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле: "Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?" – деп сұрапты. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып, осыны сындырып көрші десе керек. Жас Төле оны олай бір, бұлай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би: "Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы", — десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындырып беріпті. Әнет Баба жас баладан: "Бұдан не түсіндің?", – деп сұрағанда, Төле: "Мұның мәнісі, ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!", - депті. Сонда Әнет Баба: "Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын дегеннің мәнісі осы – депті.

Төле араласып шешімін тапқан әр алуан даулардың ішінен жер, су, жайылым жөніндегілері де елеулі орын алып келген. Отбасының берекесі, ердің ырысы, жақсы болса, елдің басшысы деп әйелдің орнын өте жоғары бағалаған Төле би алдына келген қыз-жігіттердің тағдырына жеңіл қарамай, олардың бақытты болуларына жағдай жасап отырған. Шындықты танытып, әділдікке қол жеткізуде Төле бидің әр түрлі амал-тәсілдерді қолдана білгенін анық байқауға болады. Бірде Төле бимен іргелес отырған Жантау мен Жантас ауылының екі жігіті шабындыққа таласып, бір-бірін кіріспейтіндей болып араздасады. Мұны естіген Төле екі жігітті шақыртады. Екеуі екі жақтан келіп, Төленің үйі жанындағы бір қазыққа аттарын байлап, үйге кіріп биге сәлем береді. Би ләм-мим демей екеуін ертіп сыртқа шықса, екеуінің аттары бір-бірін қасысып тұр екен. Сонда би: "Апырым-ау, мынау екеуінің татуын-ай", – депті. Бидің бұл сөзін естіген екі жігіт бір ауыз сөзге келместен сол жерде қол алысып татуласып кетіпті.


Бидің тұспалдап жеткізіп айтайын деген ойын жігіттер дұрыс ұғады.

Халық әңгімелерінде Төленің білгір-көрегендігі, әулиелігі туралы көп айтылады. "Қарлығаш әулие" атану оқиғасының өзі – соның дәлелі. Төле бидің өмір туралы қорытқан ой-түйіндері мен нұсқалы сөздері өз төңірегіндегілерге айтқан өсиеті іспетті болып келеді.

Бұл сөздердің терең мазмұндылығы мен халқының ынтымақ-бірлігін ойлап, алдағыны көрегендікпен болжай білгені анық көрінеді.

Төле би атынан айтылатын толғаулар да аз емес:


Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім.

Ұқпасқа айтқан сөз жетім...

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

Әйелің жақсы болса,

Бірінші – иманың.

Екінші – жиғаның,

Үшінші – ырысыңның тұрағы... –


деп, мақал-мәтел үлгісінде қисыңдырып берілген сөз түйіні, ұлағатты ой жиынтығы толық байқалады.

Шапқыншылық кезіңде сыр бойының қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында қалады. Ел басшылары жиналып, қалай құтқарудың жолын қарастырады. Сонда Қарабек батыр: "Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ", – деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:


Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі,

Жаудан бұққан немені,

Ортасынан қуса игі, –


деп, шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Содаң соң айналасындағыларға қарап:


Уа, көсіле шабар жерің бар,

Ту көтерген ерің бар,

Қол боларлық елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар,

Құлдық ұрсаң дұшпанға,

Арылмайтын сорың бар...

Құлдық ұрсаң дұшпанға,

Еркек болып туды деп,

Мына сені кім айтар? –

деп толғайды.


Өзінің шешеңдік пен шебер жеткізе білген сөзінің қуатты күшімен, көрегендік танытқан даналығымен халықтың ойынан шығады. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіреді деседі.

"Біз үш жүзден көңіліңізді сұрай келдік. Ардақты еліңізге қандай өсиет-өнеге айтып қалдырасыз" – дегендерге, Төле би:


Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,

Руға бөлінгендердің құруға асыққаны.

Атаға бөлінгендер адыра қалады,

Көпті қорлаған көмусіз қалады.

Хан азса, халқын сатады.

Халық азса, хандыққа таласады!... –

деп жауап береді.