girniy.ru 1
ҚММУ Ф 4/3-04/03


2007ж. 14 маусымдағы №6 НХ.


Қарағанды мемлекеттік медицина университеті


Гистология кафедрасы




ДӘРІС


Тақырыбы
: «Жасушаның құрылысы»


Пән: Gis 2205 - Гистология

Мамандығы
: 5В130200 – «Стоматология»

К
урс: 2

Уақыты (ұзақтығы): 1 сағат




Қарағанды 2014


Гистология кафедрасының отырысында талқыланды және бекітілді


__.___________. 2014 ж. Хаттама №


Кафедра меңгерушісі Есимова Р.Ж.


Тақырыбы: Жасушаның құрылысы

Мақсаты: Жасушаның морфологиясы мен физиологиясын зерттеу

Дәріс жоспары:

  1. Жасушаның жалпы морфофункционалдық сипаттамасы.

  2. Жасушалық мембрананың құрылысы мен қызметтері

  3. Мембраналық оранеллалардың құрылысы мен қызметтері

  4. Мембраналық емес оранеллалардың құрылысы мен қызметтері

  5. Қосындылар, жіктелуі

  6. Жасушааралық байланыс түрлері


Жасуша – тіндердің негізгі құрылымдық компоненті.


Жасуша құрылысы.

Жасуша – организмнің қарапайым құрылымдық бірлігі, ол ядродан, цитоплазмадан тұрады, сыртынан жасушалық мембранамен қапталып тірі организмге тән қызметтерді атқарады: энергия мен зат алмасу процестері, тітіркену, өсу, жиырылу, генетикалық ақпаратты сақтау және тасмалдау.

Жасуша жеке де, және көпжасушалы жануарлар мен өсімдіктер тіндерінің құрамында да өмір сүре алады. Тіндердің құрамында жасушалар маңызды тіндік элемент болып табылады.

Жасуша келесі компоненттерден тұрады:

  1. Жасушалық мембрана

  2. Цитоплазма

  3. Ядро

Олардың әрқайсысы бірнеше бөліктерден тұрады. Жасушалық мембрана үш бөліктен тұрады: сыртында гликокаликс орналасқан, одан кейін цитоплазмалық мембрана (цитолемма, плазмолемма) және мембранаасты қабаты - тірек-қимыл құрылымдары.


Цитоплазма да үш бөліктен тұрады: гиалоплазмадан, органеллалардан және қосындылардан.

Ядро төрт компоненттен тұрады: 1) ядролық қабықшадан немесе кариолеммадан, 2) ядрошықтан, 3) хроматиннен (хромасомалардан), 4) ядролық шырыннан (кариолимфадан).

Жасушалық қабықша.

Жасушалық қабықшаның негізгі бөлігі цитоплазмалық мембрана (цитолемма) болып табылады, оның құрылысы қарапайым биологиялық мембраналарға ұқсас және басқа мембраналармен салыстырғанда өте қалың болып келеді (7,5-11 нм).

БИОЛОГИЯЛЫҚ МЕМБРАНАЛАР – липопротеидтік комплекстер, жасушаны сыртынан қоршай орналасып, кейбір органеллалар мен ядро қабықшасын құрайды. Электронды микроскопта үш қабаттан тұрады (екі күңгірт және ашық түсті қабаттар). Жасушалық мембраналар липидтерден (40%), белоктардан (50%) және көмірсулардан (10%) тұрады.

Мембрана липидтері полярлы, яғни олардың гидрофильді және гидрофобты бөлімдерін ажыратады. Мембрана липидтерінің полярлығымен олардың әртүрлі заттарды өткізу мүмкіндігі тығыз байланысты. Полярсыз заттар мембрана арқылы жеңіл өтсе, полярлы заттар (белоктар) эндоцитоз арқылы ғана өте алады. Мембраналарда липидтер екі қабат құрап орналасады, олардың гидрофобты ұштары ішке қарап орналасса, гидрофильді бастары сытқа қарап орналасады. Липидтердің ұштары мембрананың ортаңғы ашық түсті қабатын құрайды. Мембраналардың құрамына кіретін лпидтердің арасында фосфолипидтер, сфинголипидтер және холестерин кездеседі.

Мембрана белоктары 3 топқа бөлінеді: үстіңгі белоктар липидтік биқабаттың сыртында немесе ішінде орналасады; интегральдық белоктар липидтік биқабаттың құрамына кіреді; жартылайинтегральдық белоктар липидтік биқабатқа жартылай кіре орналасады. Белоктар келесі қызметтерді атқарады: белок-ферменттер, белок-рецепторлар, тасмалдаушы және құрылымдық белоктар.


Көмірсулар белоктармен және липидтермен бірігіп гликопротеидтік және гликолипидтік комплекстер құрайды.

Биологиялық мембраналардың қызметтері.


  1. Шекаралық – жасушаны қоршаған ортадан, ядроны цитоплазмадан бөледі және т.б.

  2. Тосқауылдық-қорғаныш: жасушаның ішкі ортасын сыртқы зиянды әсерлерден сақтайды.

  3. Рецепторлық

  4. Тасмалдау: заттардың жасушаға тасмалдануы – эндоцитоз, жасушадан тасмалдануы – экзоцитоз деп аталады.

  5. Жасушааралық байланыстарға қатысу.

Жасушалық қабықшаның екінші бөлімі гликокаликс. Ол гликопротеиндер мен липопротеиндердің көмірсулық ұштарынан тұрады. Сонымен қатар, гликокаликстің құрамына үстіңгі және жартылайинтегральдық белоктар да кіреді. Бұл белоктар ферменттер қызметін атқарады. Гликокаликсте гистосәйкестік рецепторлары, иммуноглобулиндер орналасады, ферменттер және гормондардың рецепторлары адсорбцияланады.

Гликокаликстің қызметтері: 1. Рецепторлық (көрші жасушалар мен жасушааралық заттың молекулаларын анықтау); 2. Жасушааралық байланыстар; 3. Мембранада белоктардың орналасуын анықтау; 4. Заттарды тасмалдауға қатысу.

Жасушалық қабықшаның үшінші бөлімі - мембранаасты қабаты -тірек-қимыл құрылымдары. Оның құрамына жиырылу құрылымдары – актин филаменттері және тірек аппараты – кератин филаменттері кіреді.

Мембранаасты қабатының қызметтері: жасушаға пішін беру, жасушаның бетін өзгерте отырып эндо-, экзо- және фагоцитозға, жасушаның қозғалуына қатысу.

Цитоплазма

ГИАЛОПЛАЗМА. Гиалоплазманы жасуша шырыны, цитозоль немесе жасушалық матрикс деп те атайды. Ол цитоплазманың негізгі бөлігі, жасуша көлемінің 55% құрайды. Онда жасушаның негізгі зат алмасу процестері өтеді. Гиалоплазма күрделі коллоидты және электронды тығыздығы төмен гомогенді ұсақдәнді заттан тұрады. Ол судан, белоктардан, нуклеин қышқылдарынан, полисахаридтерден, липидтерден, неорганикалық заттардан тұрады. Гиалоплазма өзінің агрегаттық күйін өзгерте алады: сұйық күйден (золь) тығыз күйге – гель. Сонымен қатар, жасушаның пішіні, қозғалу қабілеті және зат алмасу процесі өзгеруі мүмкін.


Гиалоплазма қызметтері:


  1. Метаболизмдік – майлардың, белоктардың, көмірсулардың метаболизмі.

  2. Сұйық микроортаны құру (жасуша матриксін).

  3. Жасушаның қозғалуына, энергия мен зат алмасуына қатысу.

ОРГАНЕЛЛАЛАР. Органеллалар – жасушаның екінші маңызды компоненті. Олардың құрылысы мен қызметтері тұрақты. Барлық органеллалар атқаратын қызметіне байланысты 2 топқа бөлінеді:

  1. Жалпы органеллалар. Барлық жасушаларда болады, өйтекні олардың өмір сүруіне қажет. Оларға митохондриялар, эндоплазмалық тордың (ЭПТ) екі түрі, Гольджи комплексі, центриольдер, рибосомалар, лизосомалар, пероксисомалар, микротүтікшелер және микрофиламенттер жатады.

  2. Маманданған органеллалар. Бұл органеллалар белгілі бір қызмет атқаруға маманданған жасушаларда ғана болады. Оларға бұлшық ет жасушалары мен талшықтарындағы миофибриллалар, нейрондардағы нейрофибриллалар және қылдар мен кірпікшелер жатады.

Құрылысына байланысты барлық органеллалар мембраналық және мембраналық емес деп бөлінеді. Сонымен қатар, мембраналық емес органеллалар құрылысы бойынша фибриллярлық және гранулярлық деп бөлінеді.

Мембраналық органеллалар

ЭНДОПЛАЗМАЛЫҚ ТОР (ЭПТ) – мембраналық органелла, 1945 жылы К. Портер ашқан. ЭПТ – ұсақ түтікшелер, вакуольдер, қаптар жүйесі болып табылады. ЭПТ мембраналардан тұрады, ол цитолеммаға қарағанда жұқа, және көптеген ферменттік жүйелеріне байланысты белоктарға бай. ЭПТ екі түрін ажыратады: гранулярлы немесе түйіршікті және агранулярлы немесе түйіршіксіз.


Түйіршікті ЭПТ қызметтері – экспортқа белок синтездеу. Сонымен қатар, онда полипептидтік тізбектің бастапқы посттрансляциялық өзгерістері өтеді.

Түйіршіксіз ЭПТ қызметтері:
  1. Жасуша цитоплазмасын бөліктерге бөлу – компартменттер, олардың әрқайсысында өзеріне тән биохимиялық реакциялар өтеді.


  2. Майлар мен көмірсулардың биосинтезі.

  3. Пероксисомалардың пайда болуы.

  4. Стероидты гормондардың биосинтезі.

  5. Экзо- және эндогенді улардың, гормондардың, биогендік аминдердің, дәрі-дәрмектердің залалсыздануы арнайы ферменттердің қатысуымен өтеді.

  6. Кальций иондарын жинақтау (бұлшық ет талшықтарында, миоциттерде).

  7. Митоздың телофаза сатысында кариолемманың қалпына келуіне қажет мембрана көзі.

ГОЛЬДЖИ КОМПЛЕКСІ. Бұл мембраналық органелланы 1898ж. италяндық нейрогистолог К. Гольджи ашқан. Ол бұл органелланы, жарықтық микроскопта тор тәрізді көрінетіндіктен жасушаішілік торлы аппарат деп атады. Жарықтық микроскопта Гольджи комплексі күрделі тор тәрізді көрінеді. Оның торлары бір-бірімен бірігіп немесе жеке (диктиосомалар) күңгірт аймақтар, таяқшалар, дәндер, дөңес дискілер тәрізді орналасуы мүмкін. Гольджи комплексінің торлы және диффузды түрлерінің арасында айтарлықтай айырмашылықтары жоқ, тек олардың пішіндері әртүрлі. Гольджи комплексінің қызметтері:

1. Белоктардың жинақталуы, пісіп жетілуі, конденсациясы (түйіршікті ЭПТ-да синтезделетін).

2. Полисахаридтердің синтезделуі және қарапайым белоктарды гликопротеиндерге айналдыру.

3. Липопротеидтердің пайда болуы.

4. Секреторлық қосындылардың түзілуі және жасушадан шығарылуы.

5. Алғашқы лизосомалардың пайда болуы.

  1. Жасушалық мембраналардың қалыптасуы.

  2. Акросоманың түзілуі – сперматозоидтардың алдыңғы бөлігінде орналасқан, құрамында аналық жыныс жасушасының қабықшаларын ерітетін ферменттері бар құрылым.

МИТОХОНДРИЯЛАР. Бұл органелла АТФ-тың синтезделуіне қатысады. 1890ж. неміс ғалымы Р. Альтман ашқан. Электронды микроскопта митохондриялар сыртқы және ішкі мембраналардан тұратыны көрінеді, әрқайсысының қалыңдығы 7 нм. Екі мембрананың арасындағы қуыстың көлемі 20 нм-ге дейін жетеді.


Ішкі мембрана тегіс емес, қатпарлар немесе кристілер құрайды. Кристілердің бетінде саңырауқұлақ тәрізді құрылымдар бар (оксисомалар, АТФсомалар, немесе F1 – бөліктер), олар АТФ-синтездеу комплексі болып табылады. Ішкі мембрана митохондриялардың матриксін қоршап тұрады. Оның құрамында пируват пен май қышқылдарын тотықтыруға қажет ферменттер мен Кребс циклының ферменттері бар. Сонымен қатар, матриксте митохондриальдық ДНК мен рибосомалар, т-РНК, митохондриальдық геномның белсенділігін арттыратын ферменттер болады. Ішкі мембрананың құрамына үш түрлі белоктар кіреді: тотығу реакцияларын катализдейтін ферменттер; АТФ синтездеу комплексі; тасмалдау белоктары.

ЛИЗОСОМАЛАР. Жарықтық микроскопта көрінбейтін мембраналық органеллалар. 1955ж. К. де Дюв электронды микроскоптың көмегімен ашқан. Лизосомалар мембраналық көпіршіктер тәрізді, құрамында гидролиттік ферменттері бар: қышқыл фосфатаза, липаза, протеаза, нуклеаза және т.б., барлығы 50 ферменттен астам. Лизосомалардың 5 түрін ажыратады:


  1. Алғашқы лизосомалар, Гольджи комплексінің транс-бетінен жаңадан бөлінген.

  2. Екінші реттік лизосомалар, немесе фаголизосомалар. Олар фагосомамен – мембранамен қапталған, фагоцитоздалған затпен біріккен соң пайда болады.

  3. Қалдық денешіктер – фагоцитоз аяқталмаған жағдайда пайда болады.

  4. Аутофагосомалар – алғашқы лизосомалар ескі, зақымданған органеллалармен бірккенде пайда болады.

  5. Мультивезикулярлық денешіктер. Құрамында бірнеше ұсақ ішкі көпіршіктері бар үлкен вакуоль.

Лизосомалардың қызметі:

  1. Жасушаішілік асқорыту.

  2. Фагоцитозға қатысу.

  3. Митозға қатысу – ядролық қабықшаның бұзылуына.

  4. Жасушаішілік регенерацияға қатысу.

  5. Аутолизға қатысу – жасуша өлген соң өзін-өзі жоюы.

Лизосомалық аурулар немесе жинақталу аурулары деп аталатын аурулардың үлкен тобы бар. Олар тұқым қуалайды, лизосомалық пигменттердің жетіспеушілігінен пайда болады.


ПЕРОКСИСОМАЛАР. Лизосомаларға ұқсас, бірақ, құрамында пероксидаза, каталаза және т.б. 15 шақты ферменттер бар. Олар эндогенді перекисьтердің синтезі мен ыдырауна қатысады. Электронды микроскопта олардың пішіні шар немесе элипсоид тәрізді болып келеді. Пероксисомалар түйіршіксіз ЭПТ-дан көпіршіктер тәрізді бөлінуден пайда болады.

Пероксисомалардың қызметтері:


  1. Оларда Н2О2 түзіледі.

  2. Каталаза ферментінің қатысуымен Н2О2 ыдырату арқылы, жасушаны өлуден сақтау.

  3. Экзогенді улы заттарды ферменттерінің қатысуымен залалсыздандыру.

  4. Жасушаның метаболизіміне қатысу.

Пероксисомалар ферменттерінің кемшіліктеріне байланысты пероксисомалық аурулар пайда болады. Одан ішкі мүшелер ауыр зақымданып, балалардың шетінуіне әкеледі.

Мембраналық емес органеллалар.

РИБОСОМАЛАР. Белок синтездеуге қатысады. Олар екі рибонуклеопротеидтық суббірліктерден тұрады – үлкен және кіші. Екі суббірліктер бірге орналасуы мүмкін, араларында ақпараттық РНК молекуласы орналасады. Бос рибосомалар - эндоплазмалық тормен бірікпей бос орналасады. Олар жеке немесе полисомалар түрінде болуы мүмкін. Бос емес рибосомалар - эндоплазмалық торға бекіген.

Рибосомалар қызметі:

  1. Бос рибосомалар мен полисомалар жасушаның өзіне қажет белоктарды синтездеуге қатысады.

  2. Эндоплазмалық торға бекіген рибосомаларда жасушадан «экспортқа» шығатын, яғни организмің қажетіне қолданылатын белоктар синтезделеді.

МИКРОТҮТІКШЕЛЕР. Микротүтікшелер фибриллярлық типті органеллаларға жатады, диаметрі 24 нм, ұзындығы бірнеше мкм. Олар іші бос тік ұзын цилиндрлер тәрізді, 13 шеткері жіпшелерден немесе протофиламенттерден құралған. Әрбір жіпше -  және  екі суббірлігінен тұратын глобулярлы белок тубулиннен құралады. Микротүтікшелердің екі ұшы болады: (-) және (+). (-) ұшында микротүтікшелердің деполимеризациясы өтсе, (+) ұшында тубулиннің жаңа молекулалары есебінен олардың өсуі өтеді. Кейбір жағдайларда (базальды денешік) (-) ұшы тоқтаған жерде ыдырау да тоқтайды. Оның салдарынан (+) ұшының өсуі арқылы кірпікшелердің көлемінде ұлғаюы өтеді.


Микротүтікшелердің қызметтері:


  1. Цитоқаңқа қызметін атқарады.

  2. Жасушада заттар мен органеллаларды тасмалдауға қатысады.

  3. Бөліну жіпшесін түзуге және митоз кезінде хромосомалардың ажырауына қатысады.

  4. Центриольдердің, кірпікшелердің және қылдардың құрамына кіреді.

Егер жасушаларды колхицинмен өңдесе, ол цитоқаңқа микротүтікшелерінің бұзылуына әкеледі. Мұндай жасушалардың пішіндері өзгеріп, бөліну қабілеттері жойылады.

МИКРОФИЛАМЕНТТЕР - цитоқаңқаның екінші компоненті. Олардың екі түрін ажыратады: 1) актиндік; 2) аралық. Сонымен қатар, цитоқаңқаның құрамына көптеген көмекші белоктар кіреді. Олар филаменттерді бір-бірімен немесе жасушаның басқа құрылымдарымен байланыстырады.

Актин филаменттері актин белогынан тұрады және оның полимеризациясынан пайда болады. Аралық филаменттер – олардың қалыңдығы актин филаменттерінен жуан, микротүтікшелерден жіңішке. Тіректік қызмет атқарады. Мысалы, бұл құрылымдар жүйке жасушаларының өсінділерінің бойында, десмосомалар аймағында, жазық миоциттердің цитоплазмасында орналасады. Әртүрлі типті жасушаларда аралық филаменттер құрамы бойынша ерекшеленеді. Нейрондарда үш түрлі полипептидтерден тұратын нейрофиламенттер түзіледі.

ЖАСУША ОРТАЛЫҒЫ. Бұл органелла жарықтық микроскоп арқылы көрінседе, оның нәзік құрылымын тек электронды микроскопта ғана зерттеуге болады. Интерфазалық жасушада жасуша орталығы ұзындығы 0,5 мкм және диаметрі 0,2 мкм екі қуысты цилиндрлерден тұрады. Бұл құрылымдар центриольдер деп аталады. Олар диплосоманы құрайды. Центриольдердің маңызы.

  1. Бөліну ұршығы микротүтікшелерінің құрылу орталығы болады.

  2. Кірпікшелер мен қылдарды құруға қатысу.

  3. Органеллалардың жасушаішілік қозғалуына қатысу.

Кейбір авторлар жасуша орталығының негізгі қызметтері деп екінші және үшінші қызметтерді санайды, өйткені өсімдік жасушаларында центриольдер болмайды, сонда да оларда бөліну ұршығы пайда болады.


КІРПІКШЕЛЕР МЕН ҚЫЛДАР. Бұл қозғалу органеллалары. Олар кейбір жасушаларда болады – сперматозоидтарда, кеңірдек пен бронхтардың эпителиоциттерінде, ұрық шығару жолдарында және т.б. Жарықтық микроскопта кірпікшелер мен қылдар жіңішке өсінділер түрінде көрінеді. Кірпікшелер мен қылдардың микротүтікшелерінің негізін жиырылмайтын белок тубулин құрайды.

Қосындылар.

Қосындылар – жасушаның тұрақсыз компоненттері (олардың құрылымы өзгеріуі мүмкін). Жасушаның өмірлік циклының белгілі кезеңдерінде ғана анықталады.

ҚОСЫНДЫЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ.


  1. Трофикалық қосындылар – жинақталған қоректік заттар. Мұндай қосындыларға гликоген мен май қосындылары жатады.

  2. Пигменттік қосындылар. Мысалы, оларға эритроциттердегі гемоглобин, меланоциттердегі меланин қосындылары жатады. Кейбір жасушаларда (жүйке, бауыр, кардиомиоциттерде) қартайған шақта лизосомаларда қоңыр түсті қартаю пигменті липофусцин жинақталады.

  3. Секреторлық қосындылар–секреторлық жасушаларда анықталады және организм қызметтерінің атқарылуына қажет биологиялық белсенді заттардан тұрады (белоктар мен ферменттер, бокал тәрізді жасушалардың шырышты қосындылары және т.б). Бұл қосындылар мембранамен қапталған көпіршіктер тәрізді, олардың құрамындағы өнімнің электронды тығыздығы әртүрлі болуы мүмкін және жиі ашық түсті жолақпен қоршалған.

Иллюстрациялық материалдар:








Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:
  1. Гистология, эмбриология, цитология, ЖОО арналған оқулық.- / Есимова Р.Ж., Нурсейтова К.Т. /М.: ГЭОТАР-Медиа, 2014ж.- 800 б.


  2. Гистология-1 : екі бөлімді оқулық / С.А. Ажаев. - Түркістан : Тұран 1-бөлім : Цитология және адам эмбриологиясы: медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. - 2011. - 201 б.: сур.

  3. Гистология-1 : екі бөлімді оқулық / С.А. Ажаев ; С. А. Ажаев, Т. Ж. Үмбетов. - Түркістан : Тұран 2-бөлім : Жалпы гистология. - 2010. - 336 б.: сур.

  4. Гистология, эмбриология, цитология, учебник для вузов.- / Афанасьев Ю.И., Юрина Н.А./М.: ГЭОТАР-Медиа, 2012г.- 800 с.

  5. Гистология, цитология и эмбриология.: Учебник для мед. вузов./ Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н./ М.: Медицинское информационное агентство, 2007. – 600 с./

  6. Гистология, цитология и эмбриология.: Учебник для мед. вузов./ Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н. / М.: Медицинское информационное агентство, 2013. – 640 с.

  7. Гистология, эмбриология, цитология: Учебник / ред.: Э. Г. Улумбеков, Ю. А. Челышев. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2009. – 408 с.

  8. Гистология. Эмбриология. Цитология : Учебник для студентов мед. вузов / Данилов, Р.К. - М. : Мед. информ. агентство, 2006. - 456 с

  9. Гистология, цитология и эмбриология: атлас для студ. медВУЗов. /Р.Б. Абильдинов, Ж.О. Аяпова, Р.И. Юй. - Алматы, 2006. - 416 с.

  10. Атлас микрофотографий по гистологии, цитологии и эмбриологии для практических занятий/ Юй Р.И., Абильдинов Р.Б./.-Алматы,- 2010.-232 с.

Қосымша әдебиеттер

  1. Возрастная гистология:учеб. Пособие /под ред. Пуликов А.С. Изд-во «Феникс», 2006. – 173 с.

  2. Наглядная гистология (общая и частная): Учеб. пособие для студентов мед. вузов / Гарстукова, Л.Г., Кузнецов С.Л., Деревянко В.Г. - М. : Мед. информ. агентство, 2008. - 200 с.

  3. Гистология. Учебное пособие, атлас \ Л.К.Жункейро, Ж.Карнейро. М., ГЭОТАР-Медиа, 2009. -576с.
  4. Гистология: Учеб.пособие: Комплексные тесты: ответы и пояснения / под ред. проф. С.Л.Кузнецова, проф. Ю.А.Челышева. - М.: ГЭОТАР-Медиа, 2007. - 288 с.


  5. Гистология: Атлас для практических занятий / Н. В. Бойчук [и др.]. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2008. - 160 с.

  6. Руководство по гистологии : в 2 т.: учеб. пособие / ред. Р. К. Данилов. - 2-е изд., испр. и доп. - СПб. : СпецЛит Т. 1. - 2011. - 831 с.

  7. Атлас гистологии: пер. с нем. / ред. У. Велша. - М.: ГЭОТАР-Медиа, 2011. - 264 с.

  8. Руководство по гистологии : в 2 т.: учеб. пособие / ред. Р. К. Данилов. - 2-е изд., испр. и доп. - СПб. : СпецЛит. Т. 2. - 2011. - 511 с.

  9. Гистология: Схемы, таблицы и ситуационные задачи по частной гистологии человека: учеб. пособие / Виноградов С.Ю. [и др.]. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2012. - 184 с.

  10. Аяпова, Ж.О. Цитология, эмбриология және гистология : Оқу құралы / Аяпова, Ж.О. - Алматы : Кітап, 2007. - 288 б.


Бақылау сұрақтары ( кері байланысы)

  1. Жасуша құрылысы

  2. Цитоплазма құрылысы, қызметі

  3. Цитолемма мен органеллалар құрылысының мембраналық сипаты

  4. Органеллалардың жіктелуі

  5. Жасушаның қызметтік аппараттары: синтетикалық, қорыту, энергетикалық, цитоқаңқа

  6. Жасушаның мембраналық және мембраналық емес органеллаларының цитофизиологиясы

  7. Қосындылардың жіктелуі

  8. Жасушааралық байланыс түрлері