https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 16 17
«Қостанай таңының» кітапханасы



ТҰМАРЫМЫЗ – ТҮРКІСТАН

Баһадүр бабалар туралы баян


Қостанай – 2013


Кітапты құрастырып, алғысөзін жазып, редакциясын басқарған

Сәлім МЕҢДІБАЙ,­

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

Қазақстанның құрметті журналисі.


Осы кітапқа байланысты өтініштер мен ұсыныстарды мына мекенжайға жіберіңіз:

110000, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 90. Меңдібаев Сәлімге.

Тел. (8 7142) 54-84-44, 54-27-70 (үй).


Бұл кітапта қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілік тыныстаған Қостанай-Торғай өңірінен шыққан атақты батырлар мен билер туралы сөз болады. Бұдан он шақты жыл бұрын рухани астанамыз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы кең түрде атап өтілгені белгілі. Сол күндері облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясы «Тұмарымыз – Түркістан» атты арнайы айдар ашып, сол баһадүр бабаларымыз туралы тың деректер жариялап еді. Бұл кітапшаға енген материалдардың негізі сол дүниелер.

Кітап туған өлке тарихына ден қоюшы ұрпаққа, жалпы оқырманға арналып отыр.

Бұл туындының тарихи зердені қалыптастыруға қосар үлесі мол деп білеміз.


Алғысөз

БАС ИЕМІЗ, БАБАЛАР!


Сәлім МЕҢДІБАЙ

2000 жылы рухани астанамыз – қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен аталып өтті. Халқымыз үшін ерекше белес болған осынау мерекеге дайындық барысында облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясы «Тұмарымыз – Түркістан» атты арнайы айдар ашып, сол шаһардағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген бабаларымыз жайлы мақалалар дестесін жариялаған болатын. Атап айтсақ, Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Шобан Жаманқұлұлы сияқты дулығалы дала дарабоздары жөнінде жазған едік. Кейін сол Әзірет-Сұлтан мемлекеттік мұражай қорығында Қанжығалы Айтбай батыр, Мадияр Жауғаштыұлының да мәңгілік тыныстағаны белгілі болды.


Сонымен Қостанай, Торғай өңірінен шыққан тоғыз бірдей баһадүр бабаларымыздың сүйегі ұлттық даңқ пантионында жатыр.

Қазақ елінің, қазақ жерінің тәуелсіздігі жолында қас дұшпанға қасқая қарсы тұрған сол даңқты бабаларымызды бүгінгі ұрпақ біле ме? Бұл орайда ойлануға тура келеді. Сондықтан да тарихи зердені қалыптастыруға себеп болып, ықпал ете ме деген ниетпен осынау пәтуалы істі Түркістан тақырыбына ежелден қалам тартып жүрген жан ретінде қолға алып отырған жай бар. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясындағы «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген нұсқауы да көкейде тұрғалы қашан... Бұл сауапты іске Қабылахат Сейдахмет, Қыдырбек Қиысқан сияқты талантты да тарихқа мейлінше жетік қаламгер інілерім де тікелей араласып, көмек қолын созды. Авторлар активін де кеңінен тартып отырмыз. Олардың ішінде Қайсар Әлім, Сағындық Досмағанбетов, Серікбай Шаймағамбетов және басқа белгілі қаламгерлер, Ертай қажы Балахмет, Әкімбек қажы Қабденов және басқа дін өкілдері бар.

Батыр бабалар ұрпағы осынау кітаптың дайындалып, баспадан шығуына байланысты ұсыныс, пікірлерін айтып, қолдау көрсетті.

Енді тарихи тұлға Қожа Ахмет Иасауи (1093-1166жж.) кім еді? Сол жөнінде деректер келтірейік.

Қожа Ахмет Иасауи – сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөздің өзінен-ақ кезінде оның қандай қадір-құрметке бөленгенін аңғаруға болады. Әкесі Ибраһим Махмұд Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ахмет Йасы (Түркістан) қаласында дүниеге келген. Шешесі ертерек өледі де, жеті жасында әкесі дүние салады. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туыс боп келетін Арыстанбаб екен. Ол өмірден қайтқаннан кейін, 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне көңіл қояды. Кейін Бұхарада Имам Жүсіп Хамаданидың діни медресесінде оқиды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналады... Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізеді. Бұны Ахмет: «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ. Пайғамбар белгілеген мерзімнен артық өмір сүрудің керегі жоқ», – деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берген. Ж.Аймауытов, ақынның 149-хикметіне сүйеніп, Иасауиді 125 жас жасаған дейді (онда 1041ж. туған болады).


Әзірет Сұлтан атанған бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы – «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХV-ХVІ ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте көп. Олардың көбі Стамбул, Қоқан, Ташкент, Москва, Алматыда сақталған. Түркі тілдес адамдар Ахметтің «Хикметін» қиындықсыз оқи алды. Бұл шығарма түркі халықтарының рухани жетістігі болып табылады. Ол – шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектісімен жазған ең алғашқы дарынды түркі ақыны.

Исламның сопылық бұтағы VІІ-VІІІ ғғ. пайда болды. Ал «Диуани хикмет» мұсылмандық жолының негізгі ережелері мен қағидаларын көрсетіп береді. Ұлы кітапта ақын исламдық төрт ұстынға – шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат мәселелеріне назар аударады. Шариғат – ислам дінінің заңдары, дәстүр-салттары. Тарихат – сопылық ілім. Хақиқат – құдайға жақыңдау, қосылу. Мағрипат – дінді танып-білу. Ахметтің ойынша, шариғат, тарихат, мағрипатсыз хақиқатқа (Аллаға жақындау) жетпек жоқ. Адамның өзін-өзі айқындауы оның рухани өмір танымынсыз, тіпті, қажет болса, жанын берер шынайы берілусіз мүмкін емес. Иасауи тақуалық пен сабырлылыкқа, тәубешіл болуға үндейді. Пайғамбардың «иман жаны – ұят» деген хадисін санаға құяды. Бұл о дүниеде жұмақка апаратын алтын көпір екен. Адамдарды әділдікке, қайырымдылық, мейірімділікке шақырады.

Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге таратты. Қожа Ахмет түркі халықтарының жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді. Ол жаңа діни идеологияны тәңірілік шамаңдықпен, зорастризммен біріктіре отырып, коғамдық-әлеуметтік санаға сіңіруде көп еңбек етті.

Ахмет Иасауи арқасында сопылық ілімнің философиялық жүйе ретінде түркі халықтары рухани дүниетанымында шешуші маңызы болды. Егер түркі халқы оған дейін Тәңірге сыйынса, енді олар бір Аллаға табынды. Осы арқылы олар Шығыс философиясы мен әлемдік діни пәлсапаны танып білді.

Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда Әзірет Сұлтан рухына арналып, Түркістанда архитектуралық ескерткіш орнатылды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: Қожа Ахмет Иасауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі. Қажылыққа келгендер алдымен Арыстанбабтың басына түнеп, содан кейін барып Ахметке тәу еткен. 1982 жылдан бұл ескерткіш мемлекет қарауында. Керемет ғимараттың ұзындығы – 65,5 м, ені – 45,5 м, биіктігі 37,5 метрлік қақпалы порталы бар. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.


2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған облыс делегациясының құрамында осынау қасиетті мекенде болып, бабалар рухына тәу еткенім бар. Ерекше естен кетпес сапар болды. Ол жөнінде осы кітаптың екінші бөлімінде толығырақ жазылады. Жалпы осындай кітап шығару мәселесі сол кезден бері көкейімде жүрген жай еді.

Бұл басылымда ұлттық даңқ пантионында мәңгілік тыныстаған тоғыз бірдей даңқты бабамыздың өмір жолы, ерлік жолы сөз болады. Бұл материалдардың бәрі дерлік кезінде өз қолымнан өтіп, облыстық баспасөзде жарияланған еді.

Кітаптың екінші бөлімінде Түркістанда болып, тарихи орындарға тәу еткен азаматтардың естеліктері, сол қасиетті мекенде жерленген батыр бабалардың ел тарихында ерекше орын алатын туған-туыстары туралы да тарихи-танымдық эсселер жарияланып отыр.

Құрметті оқырман! Осы басылым туралы ой-пікірлеріңіз, ұсыныс-тілектеріңіз болса, біз ризашылықпен қабыл алып, алғыс айтар едік.

Құрастырушының телефоны 54-84-44 (қызмет), 54-27-70 (пәтер).


І БӨЛІМ


ТҮРКІСТАНДА ТЫНЫСТАҒАН БАБАЛАР



  • Шақшақ Жәнібек

  • Қарабалуан Алдиярұлы

  • Мерген Бабасұлы

  • Мешітбай Сүгірұлы

  • Бекбаулы Өтейұлы

  • Әлібек Құдайбердіұлы

  • Шобан Жаманқұлұлы

  • Қанжығалы Айтбай батыр

  • Мадияр Жауғаштыұлы



Әуесхан ЖҮСІПҰЛЫ


Шақшақ Жәнібек


Қаһарсыздан хан қойсаң қасиетті болмайды,

Үлгісізден би қойсаң өсиетті болмайды.

Пірсізді пір тұтсаң қарекеті болмайды,

Құдай бергеннің әрекеті болмайды,

Адам бергеннің берекеті болмайды.

Шақшақ ЖӘНІБЕК.

Еліміз тәуелсіздік алып, дамудың жаңа жолына түсті. Осы кезеңде ел қорғаған, жер қорғаған ерлерімізді еске алып жатырмыз. Олай дейтінім өзінің әулетті тарихы болмаған елді кім сыйлап, мойындамақ. Еліміздің, халқымыздың даму тарихын ұлы империяның саясатымен ғана байланыстырып, өз тарихымызды ұмытып кетіп, енді ғана сол тарихты қалпына келтіру жөніндегі талпынысымыз бүкіл ұрпақ үшін қуаныш. Бәрімізге белгілі кейінгі жылдары өткенді еске алып, қазақтың тарихын жаңартып, келесі ұрпаққа айқын, сара жол салып беру жөніндегі игілікті істер атқарылуда. Әсіресе, қазақ халқының біртұтастығын, ата-мекенді сақтау жөнінде күрескен ерлеріміз бен даналарымыздың тұлғаларын жан-жақты көрсету жөнінде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Сол абзал аталарымыздың қатарында бабамыз Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек те бар екені бізге тарихтан белгілі.


Жәнібек – саясаткер, ол бүкіл қазақ халқының біртұтастығы үшін күресті. Кіші жүзге Еділ қалмағы шабуыл жасағанда бірге соғысады. Есет батырмен бірігіп, сол қалмақты 1742 жылы Атыраудан асырып, қайтып келместей етіп талқандап, қуып тастаған жоқ па еді. Ұлы жүздің жеріне Жоңғар қалмағы мен Хиуа хандығы шабуыл жасаған кездерде шайқастың нақ ортасында Жәнібек болған жоқ па еді. Яғни Жәнібек орта жүздің ғана жерін, елін ғана қорғап қойған жоқ, бүкіл қазақтың біртұтастығы үшін күресті. Сол сияқты Жәнібек үлкен дипломат дейтініміз қалмақпен немесе орыспен болсын келіссөздер жүргізгенде қантөгіске жол бермей, өз отанының тұтастығын, ешкімге тәуелсіздігін армандаған болатын. Осы сияқты ұлы істерде ол кісі өзінің көрегендігін, білімін, ақыл-ойын аяп қалған жоқ. Соның нәтижесінде қай халықтың алдында да үлкен беделге ие болды.

Жәнібек бабамызды кінәлайтындардың көбі, ол кісі Әбілқайырдың соңына еріп, алдымен орысқа беріліп кетті дейді. Ал, ойланып көрейікші, егер де ұлы көршіміз орыспен дос болмай, одақ құрмай тұрғанда қазақтың күні не болмақ еді. Шығыстағы қыли көз Қытай Жоңғар қалмағын қазаққа айдап салумен қатар негізгі көз тіккені қазақтың кең байтақ даласы емес пе еді. Біз орыспен одақ болмасақ Қытай қазақтан қорыққан жоқ еді ғой. Ақырында Жәнібекті бүкіл қазақ қолдаған жоқ па? Сонымен қатар Жәнібек қай деңгейде де келіссөз жүргізгенде қазақ жерінде орыс бекінісін салуға, орыс әскерінің керуен күзету, тағы басқа сылтаулармен қазақ жерін шарлауға келіспеді және сол айтқанын істеді.

Жәнібек билеп тұрған жерлерде, яғни Жаманқала (Орск) мен Қызылжар (Петропавловск) аралығында, ол кісінің көзі бар кезінде, орыстар бір де қазық қаға алмады. Тек қана 1752 жылы Жәнібек қайтқан соң 3 айдан кейін Қызылжар бекінісінің орнына қазық қағылды. Бұған қарап Жәнібек орыстарға беріліп, солардың айтқанын істеді деп бағалау жаңсақ пікір екенін ашып айтқымыз келеді. Әбілқайыр мен Жәнібекті орысшыл деп қарасақ, Абылай кім болады. Орыстармен достық қарым-қатынас жасауға ол да қол қойған жоқ па, Төле би бабамыз орыс патшасына хат жазып, елші жіберіп ұлы көршілік қарым-қатынас одақ құруды қалаған жоқ па еді. Осының барлығы Шығыстағы ала көздіктерден іргені аулақ салудың қамы емес пе еді. Олай болса, орыспен дос болмаймын деген, Жоңғар мен Қытайға өзіміз-ақ қарсы тұрамыз деген кім қалды? Сондықтан Әбілқайыр мен Жәнібек көрегендік жасап, орыстармен алдын-ала достасудың көзін іздесе, оның несі айып.


Мен, көбі аңызға сүйенген, бір әңгімені айтып қеткенді жөн керемін. Ол Жәнібектің тәкапарлығы жәйлі. Ол кісіге осындай атақ тағылған. Тұстастарының ішінде артық туған Жәнібекке қызыға да қызғана қараушылар аз болмаған. Мұндай тұлғамен көзбе-көз айтыс-тартысқа бара беру екінің бірінің қолынан келе бермеді. Әрине, мұндай жандардың бар тындыратыны сырттан айтатын ғайбат сөзі ғана. Қазақтың белгілі батырларының бірі былай деп мойындаған екен:

– Сол неменің басы тым шалқақ. Қасына барсаң қараптан қарап еңсең түсіп, аласарып қаласың. Аулақ жүргенің дұрыс-ау. Бірақ шеттейін десең аждаһаның көмейі секілді өзіне тартатын бір құдірет бар. Бұл дүниеден Жәнібекті мысы басатын адамды кездестірмей өтетін шығармын, тіпті Абылайдың өзі оған келгенде кейіншектей қалатынын қайтерсің, – депті. Аңыздың өзі негізсіз айтылмайтынын ескерсек, шын назар аударатын әңгіме емес пе.

Қазақтың үлкен сәуегейі, даңқты би Қаздауысты Қазыбек айтты деген мына бір сөз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Одан Жәнібектің барлық ұлылығы аңғарылып тұрады. Қаздауысты Қазыбек Жәнібектің астамшылығына шағым жасаған Орта жүздің ханы Әбілмәмбетке:

– Шындығына келсең, Жәнібекке төре де, қара да бәрі бір. Төрелерге илікпейтіні – төрелердің айдап әкелген елі, арқалап әкелген жері жоқ. Қараға илікпейтіні – қанша бай, қанша көп болса да мал мен жанды қатар ұстауға ақыл, билік, күш керек. Мен білетін қазақта бұл үшеуі тек Жәнібекте ғана бар. Тағдырдың оған іргелі ел мен мол жер сыйлағанын ескерсек, төренің де, қараның да күні оған еріксіз түсері анық, – депті.

Аңғарып қараған адамға Жәнібектің тәкапарлығы өркөкіректік емес, тектілік екені байқалады.

Ал енді Жәнібектің батырлығы туралы бұрын талай жазылған болатын, сондықтан әр оқиғаға толық тоқталмай-ақ негізгі кезеңдерге ғана назар аударсам деймін.

Жәнібек 1693 жылы Тосын деген жерде туған. Өз әкесі Қошқар, оның әкесі Көшей батыр болған кісілер. Ал Көшейдің әкесі Шақшақ қазақтың батырларының бірі – XVI-XVII ғасырда өмір сүрген, Есімханның бас батыры болған.


Жәнібек ең бірінші 1710 жылы 17 жасында нағашысы Ұлы жүздегі Бектас датқаға барып сәлем беріп, бәсіре ат мініп қайтады, ол тұлпар (күрең ат) Жәнібектің жан серігі болады. Содан жолдағы елдердің қарияларынан бата алып келе жатып, Қарақұмда өтіп жатқан бүкілқазақтардың съезі үстінен шығады. Онда жоңғарларға соққы беру жағын шешкен екен. Қолбасшы болып Қанжығалы Бөгенбай белгіленеді. Сол жылы 17 жасар Жәнібек қалмаққа қарсы жорыққа қатынасатын болып, Қабанбай батырдың отрядына қалады. Соғыс екі жылға созылып Жәкең үлкен ерлік көрсетеді. Қалмақтың атақты батырын жекпе-жекте жеңеді, сөйтіп даңқы шығады, қазақтар үлкен жеңіске жетеді.

Одан кейін 1717 жылы қазақтардың үлкен отрядын бастаған Жәнібек өзінің ерлігімен тағы да көзге түседі.

Тарихта 1723 жыл басталды, кенеттен шабуыл жасаған жоңғарлар қазақтың біраз жерін басып алады, оған қарсы шабуыл ұйымдастыруға қазақ хандарының алауыздығы кесел келтіреді. Сонымен 1723-1725 жылдарды ақтабан-шұбырынды деп атаған.

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ақтабан-шұбырынды» деген тіркес Шақшақ Жәнібек айтқан дейді:

Сонда Шақшақ Жәнібек сөз сөйлепті,

Балалар! Осы жолды ұмытпа,депті.

«Ақтабан-шұбырынды»мұның аты,

Құдай қосса алармыз да кекті.

1724 жылы Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Өтеген батырлар бас қосып, жоңғарларға соққы беру мәселесін қарастырады. Сонымен 1726 жылы Түркістанның оңтүстік шығысында Ордабасы деген жерде үш жүздің өкілдері бас қосып, жоңғарларға соққы беру мәселесін талқылап, Әбілқайыр хан бастаған жасақ құрып, шабуылға шығады. Жәнібек орта жүздің ең үлкен отрядын бастап, бұл жолы да үлкен табысқа ие болды. Ол жерді кейін «Қалмақ қырылған» жер деп атап кетіпті.

Қазақ жасақтарының ең жарқын табысы 1729 жылы болады, ол шайқасты «Аңырақай шайқасы» деп атады, сол жолы Төле биге соғып, малшы болып жүрген Абылайды (Сабалақ) көріп, тілдесіп, сынап, келесі жылы (1730) үш жүздің жасақтары бас қосатын жерге шақырады. Сол шайқаста Абылай үлкен ерлік көрсетіп, өзінің тегін адам еместігін танытады. Содан бастап Абылай мен Жәнібектің арасы ажырамайды. Шайқас аяқталған соң Қарауылдың атақты биі Қанай бастаған 9 адамы Жәнібекке апарып, батасын алады. Ол кезде Жәнібек орта жүздің батагөйі, абызы атанған кез. Осы жағдайды Абайдың тапсырмасымен «Сабалақ» деген поэма жазған Көкбай ақын былай деп суреттейді:


Шақшақ Жәнібек қазақтың білімдісі,

Өзі ер, әрі тақуа, молда кісі,

Сол уақытта қазақтың бірден қойған,

Ақсақал, ел ағасы, ырымдысы.

1732 жылы 7 мың адамы бар жоңғарлар Орта жүзге шабуыл жасайды. Орта жүз жасағын басқарған Жәнібек аз адаммен әлгі үлкен отрядқа ойсырата соққы беріп, жеңіске жетеді. Ол оқиғаны суреттеген Тәтіқара ақын былай дейді:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлыболат найза.

Алдынан су, артынан жау қысқанда,

Ерлігі ер жігіттің осындайда.

Жәнібек 40 жасына дейін соғыс істеріне тікелей араласып, өзінің ақыл-парасатының, ер жүректілігінің арқасында ақылды басшы, жаужүрек батыр, әділ би атанды. Бұхар жыраудың:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шықты төрт тірек,деп жырлауы тегіннен-тегін еместігін көрсетеді. Бізге тарихтан белгілі Кіші жүз Әбілхайыр ханның күшімен 1731 жылы Россияның қол астына өтіп, қалмақ шабуылынан құтылды. Енді жоңғарлардың назары Орта жүзге ауады. Сондықтан Орта жүз де өзінің Оңтүстік-шығыс шекарасын сақтап қалу үшін 1738 жылы Россиямен бірігуге кіріседі. Бұл жұмысты жеделдету үшін Жәнібек үлкен күш жұмсағаны белгілі.

1739 жылы Орта жүзді басқаратын сұлтан болып Абылай тағайындалады. Сол кезден бастап Абылай мен Жәнібектің арасы ажырамайды.

1740 жылы Ұлытауда жүрген Абылайды ұйықтап жатқан жерінде қалмақтар тұтқынға алып кеткен. Жәнібек пен Қазыбек екеуі тізе қосып, бірнеше дүркін тиімді келіссөздер жүргізіп, құтқарып алады.


Жәнібектің осы сияқты батырлық, саясаткерлік, дипломатиялық істерінің жемісті жүргізуі арқасында 1743 жылы 11 июльдегі Елизавета Петровнаның Жарлығымен Жәнібекке І-дәрежелі Тархан атағы берілгенін білеміз. Бұл ол кісінің өз еңбегінің жемісі деп қарауымыз қажет.

1750 жылы Абылай хан Ұлытаудан арнайы келіп, ауырып жатқан Жәнібектің көңілін сұрап, Орта жүздің ханы болар алдында батасын алады.

Жәнібек 1752 жылы жазғытұрым кезінде қайтыс болып, үш жүздің шешімімен Түркістандағы Ахмет Иасауидің кесенесіне жеткізіліп жерленеді.

(25 шілде, 2002 ж. «Қостанай таңы»).


Сұлтанғали ОСПАНОВ



следующая страница >>