https://electroinfo.net

girniy.ru 1
Сауатты қарыз алудың 5 қадамы



Кредит алу туралы шешім – жауапты шешім болып табылады.

Кредитті өтеуден, алу жылдам екенін қарыз алушылардың барлығы да түсінеді. Өзіңізді және өз отбасыңызды қарызға ұрындырмау үшін, әлеуетті қарыз алушы кредитті алу туралы шешім қабылдаудың алдында сауатты қарыз алудың 5 қадамын білген жөн:

1 қадам. Тауарды кредитке алуға мүмкіндігіңіз бар екеніне көз жеткізіңіз.

Тауарды кредитке алу туралы шешім қабылдардың алдында, сол тауарды алу қажеттілігі кредитке қызмет көрсетумен байланысты барлық тәуекелдерден асып түсетініне көз жеткізу қажет. Өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап, кредит бойынша ай сайынғы төлемдер отбасының бюджетіне аздап байқалуын бағалау қажет (әлеуетті қарыз алушының бюджетін мына: http://nationalbank.kz/?docid=1162&switch=kazakh жерден есептеуге болады).

Оңтайлы нұсқа – егер қарыз бойынша ай сайынғы төлем отбасылық бюджеттің 20%-нан аспайтын болса. Банктердің кредит беру туралы оң шешім қабылдауға құқылы болғанымен, егер оны өтеу есебіне ай сайынғы төлем қарыз алушы кірісінің 50%-нан аспайтын болса.

2 қадам. Кредиттеудің тиімді талаптарын табыңыз.

Банктік қарыз алу шартын жасаудың алдында, бірнеше банктің қарыз беру талаптарын зерделеу және мыналарға аса назар аудару қажет:


  • Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі (кредиттерді дүкендерде рәсімдеу жылдамдығы және ыңғайлылығы жоғары пайыздық мөлшерлемемен толтырылады);

  • Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – кредиттің нақты құны. ЖТСМ мөлшері аз болған сайын, кредиттеудің талаптары пайдалырақ. Банктік қарыз шартын жасау кезінде ЖТСМ 56%-дан аспауы тиіс. ЖТСМ мөлшерін өз бетінше есептеуге болады, мында: http://nationalbank.kz/?docid=1158&switch=kazakh );

  • Кредиттеу мерзімі (кредиттеу мерзімі ұзақ болған сайын, ай сайынғы төлем аз және үлкен сыйақы сомасы банкке төленуге тиіс);


  • Ай сайынғы төлем мөлшері, төлемдердің жиынтықты сомасы (ай сайынғы төлем негізгі борыштың бөлігінен, бір айға есептелген сыйақыдан және кейде банктің комиссияларынан тұрады; алынатын қарыз сомасын өтелуге тиіс сомамен салыстыру қажет (берешекті өтеу кестесі));

  • Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұл санкцияларының мөлшері (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) мөлшері (мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5% пайызынан, банктік заем шартының әрбір қолданылған жылы үшін берілген заем сомасының 10 пайызынан аспайтын).

  • Банктік қарыз шартының талаптары. Қарыз алушының қалауы бойынша банк танысу үшін шарттың үлгі нысанының көшірмесін беруге міндетті. Банктік қарыз шартында мыналар болуы тиіс:

1) шартты жасау күні;

2) банктік қарыздың мақсаты;

3) қарыздың жалпы сомасы және валютасын;

4) қарыз мерзімі;

5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (бекітілген немесе құбылмалы), сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайыздағы мөлшері, шарт жасау күнгі ЖТСМ мөлшері;

6) егер құбылмалы сыйақы мөлшерлемесі шартта көзделсе құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі;

7) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз тәртіпте);

8) қарызды өтеу тәсілі: аннуитетті (тең төлемдермен өтеу) немесе дифференцийцияланған (негізгі борышты тең үлестермен өтеумен) не банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс;

9) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі;

10) уақтылы төлемегені және сыйақы төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) есептеу тәртібі және мөлшері. Қарызды жеке тұлғаға беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұл, өсімпұл) шекті мөлшері, сондай-ақ «ҚР банктер және банктік қызмет туралы» ҚР заңында көзделген оларды есептеу тәртібі көрсетіледі;


11) қарыз беруге байланысты алынуы тиіс комиссиялардың толық тізбесі мен оның мөлшерлері;

12) тәртібі (касса арқылы, қашықтықтағы терминал арқылы банк шотына және тараптардың келісімі бойынша басқалар), қарыз және сыйақыны өтеу кезеңділігі;

13) қамтамасыз етуі (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері), қамтамасыз етусіз берілетін қарызды қоспағанда;

14) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағанда не тиісінше орындамағанда банк қабылдайтын шаралар;

15) шарттың қолданылу мерзімі;

16) қарыз алушы заңды тұлғаның банкке ұсынатын есептілігінің түрі және мерзімдері;

17) қарыз алушының (тең қарыз алушының) ол туралы кредиттік бюроға мәліметтерді беруіне және кредиттік бюроның банкке ол туралы кредиттік есебін беруіне келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауымен байланысты ақпарат болуын көрсету;

18) банктің почта мекенжайы және электронды адресі туралы ақпараты, сондай-ақ оның ресми интернет – ресурсы туралы деректері.

3-қадам. Банктің тарихы мен беделін біліп алыңыз

Кредиттерді беру – банк қызметінің лицензияланатын түрі. Осыған орай кредит беруге уәкілетті органның лицензиясы болуы керек. Кредитті уақытпен тексерілген, беделі бар банктен алған жөн. Алайда бұл жағдайда клиенттік базаны толықтырып келе жатқан және кредиттеудің жеңілірек талаптарын ұсынатын дамып келе жатқан банкке қарағанда кредиттеу талаптары қатаң болатынын ескеру қажет.

4-қадам. Қарыз бойынша міндеттемелерді мерзімінде орындаңыз

Банктік қарыз шартына қол қоя отырып, қарыз алушы берешекті өтеу кестесінде белгіленген қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындауға міндеттенеді. Қарыз бойынша төлемді белгіленген мерзімнен 2-3 күн бұрын енгізген дұрыс, бұл мерзімі өткен берешекті туындатуы мүмкін күтпеген жағдайлардан (демалыс және мереке күндері, банк жүйесіндегі іркілістер және т.б.) өзін-өзі қорғайды.


5-қадам. Кредит үшін ақы төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда банктің ұсынысын алыңыз да, Сіздің құқықтарыңыз және мүдделеріңіз бұзылған жағдайда жәрдем алыңыз

Күтпеген жағдай (мысалы: жұмыстан айрылу, кенеттен ауыру және т.б.) туындаған жағдайда қарыз алушы берешегін қайта құрылымдау: кредиттеу мерзімін ұзартқан, төлемдерді уақытша мерзімінен кешіктіру, сыйақы мөлшерлемесін өзгерту және т.б. үшін банкке хабарласуы қажет.

Банкпен түбегейлі диалог болмаған жағдайда ипотекалық қарыз шартын жасаған қарыз алушы өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін банк омбудсманына (www.bank-ombudsman.kz,  [email protected], мекенжайы: 050000, Алматы қ., Республика алаңы, 15-үй, офис 237, тел: +7 (727) 2 500 322, 2 500 344, +7 707 407 0117.), кредит алу орын бойынша ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына немесе ҚР Ұлттық Банкіне (www.nationajbank.kz көрсетілген мекенжайлар бойынша) өтініш беруге құқылы.