girniy.ru 1 ... 31 32 33 34 35

ТҮСІНІКТЕР


«Алқа» - әдеби үйірмесі бағдарламасының фотокөшірмесінің негативі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі тергеу ісінде айғақ ретінде тіркелген. Бұрын Т.Жұртбайдың алғысөзімен “Ақиқат” журналында (1992, №7), түсініктемесі “Талқы” кітабында (1997) және Д.Қамзабекұлының түсініктемесімен “Өркен” (1992, 13 маусым) газетінде, Х.Болғамбаевтің Шығармалар жинағында жарияланған нұсқалар осы жолы өзара мәтіндік тұрғыдан салыстырылып ұсынылып отыр. Тергеу ісіне сүйенетін болсақ «Алқа» әдеби үйірмесін ұйымдастырған және оның бағдарламасын жазған Мағжан. 1925 жылы күзде Мағжан бағыт-бағдарды көшіріп, бес-алты дана етіп Ташкентке, Семейге, Ленинградқа, Орынборға жіберген. С

«Ақ жол» - газеті туралы» - Ташкент қаласында қазақ тілінде шығып тұрған. Мұнда алаш қайраткерлерінің біразы қызмет істеген. Қазақ елі мен жерінің тағдыры туралы барынша батыл пікірлерге орын беріліп, кеңес өкіметінің «коммунистік- колонизаторлық» (С.Сәдуақасовтың термині – Т.Ж.) саясатын әшкерелейтін мақалалар жарияланған. Газеттегі материалдардың мазмұні И.Сталинге арнайы аударылып берілген. «Ақ жол» газеті туралы үш деректі баспасөз бетіне ұсынып, «Ақиқат» журналының 1991 жылғы №1 санында жариялаған ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов. Сталиннің осы хаты қазақ баспасөзіне жалпылай идеологиялық қысым жасап, қатаң бақылауға алуға ықпал жасағандықтан да жинаққа енгізіліп отыр. Мақаладағы түсініктерді жасаған С.Қасқабасов.

Әдебиет мәселесі (Талқыға)” – “Ақ жол” газетінің 1925 жылғы 1 сәуірдегі санында жарияланған. Мұнда “Алқа” бағдарламасын оқығаннан кейін соған үн қосу ретінде жазылғаны жазу мәнерінен анық байқалады. Алғаш рет Ж.Аймауытовтың шығармаларын жинаушы арнайы топтың әзірлеуімен “Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылѓы 10 шілде күнгі санында қазіргі әріппен басылды. Ж.Аймауытовтың 5 томдық шығармалар жинағының 5 томына енді. Жинақтағы әдебиет талқысы мәселесіне тікелей қатысы болғандықтан да енгізіліп отыр.


Көркем әдебиетті саралау” – “Ақ жол” газетінің 1925 жылғы 21 сәуірдегі санында жарияланған. “Соңына «Ж» деп қол қойған. Содан кейін “Қазақ әдебиеті” газетінің 1992 жылғы 10 шілде күнгі санында жарияланған.

Өз жайымнан мағлұмат” - Жиырмасыншы жылдардың аяғында Смағұл Садуақасов сол тұстағы қалам қайраткеріне бірнеше сұрақтар беріп (анкета түрінде), олардың өмірі мен еңбектері туралы мәліметтер жинауды мақсат етіпті. Солардың біразы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталған. Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов және Мұхтар Әуезовтің өзінің өмірбаяндық («Өз жайымнан мағлұмат») қолжазбаларын бір кезде С.Садуақасовтың жұбайы Д.Әлиханқызы кезінде М.Әуезовке табыс етіпті. Анкетаға жауап алғаш рет “Қазақ әдебиеті” газетінің 1988 жылѓы 23 желтоқсандағы санында филология ғылымдарының кандидаты Т.Әкімовтің ұсынуымен жарияланды.

Көркем әдебиет туралы
– «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында “Екеу” деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін “Қазақ әдебиетінің” 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары - Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов деп, екі жазушының “Екеу” деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Нағында бұл - белгілі алаш мәдениетінің қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы тергеуге алынып, түрмеге қамалған. Мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында:

«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниал. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А. Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз, - дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағадаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»- деп анықтап тұрып көрсеткен.


Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: “Алқа” жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің мәдениет туралы саясатына қарсы шығып мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді” – деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Сондықтан да шындықты қалпына келтіру үшін алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақаланы нағыз иелері – А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет жариялап отырмыз.

«Көркем әдебиет туралы» - Әмина Мамыт келінінің бұл мақаласы жоғарыдағы әдеби пікір таластарға үн қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» жуналының 1927 жылғы бірігіп басмылған № 5-6-7 сандарында жарияланды. Бұдан кейін «Абай» журналында 1992 жылы К.Сейілханұлының алғысөзімен басылды. Әдеби пікірталасқа тікелей қатысы бар тұстары алынып, сәл ықшамдалып берілді.

«Көркем әдебиет туралы» - Қошке Кемеңгерұлының «Көркем әдебиет туралы» ( «Еңбекші қазақ», 1926 жылғы 1 желтоқсан), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 30 қаңтар) және Сәбит Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» атты мақалаларына пікір қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №2 санында жарияланған. Содан кейін тұңғыш рет осы жинақта басылым көріп отыр. Араб қарпінен крилл қарпіне қотарып, жинаққа дайындаған Т.Жұртбай.

«Әркім өзінше ойлайды» (Шаймардан мен Ыдырысқа жауап ретінде) – Жалпы сол осы жылдардағы әдебиет туралы баспасөз бетінен жиі орын алған пікір алысуларға С.Мұқановтің «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» («Қызыл Қазақстан», 1927, №1) атты мақаласы үлкен қозғау салған болатын. Пікірталасқа қатысқан Ы.Мұстамбаевтің «Көркем әдебиет туралы» («Қызыл Қазақстан», 1927, №2) және Ш.Тоқжігітовтің «Әдебиет мәселелері» («Қызыл Қазақстан», 1927, №3-4), «Тоқсанның тобы» туралы» («Қызыл Қазақстан», 1927, №8-9) атты пікірлеріне жауап ретінде жазылған бұл мақала «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №3-4 сандарында жарияланды. «Абай» журналының 1992 жылғы №1 санында Қ.Мұхамедхановтың ұсынуымен қайталанып, сәл ықшамдалып басылды.


«Біздің таластарымыз» - мақала Сәбит Мұқанұлының «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №3-4 сандарында жарияланған «Әркім өзінше ойлайды» атты мақаласына жауап ретінде жазылып, сол журналдың сол жылғы №7-8 сандарында жарияланды. «Жұлдыз» журналының 2006 жылғы №7 санында қайталанып басылды.

«Абай» - «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №7 және №8 сандарында жарияланған көлемді мақала сол кезде Абайды әдебиет тарихынан сызып тастауға арналған солшыл әдебиет сыншыларының пікіріне қарсы жазылған. Кейі Қ.Мұхамедхановтың алғысөзімен, Ғ.Сапаевтің крилл қарпіне түсіруімен «Абай» журналында жарияланған.

«Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» - «Советская степь» газетінің 1928 жылғы 2 тамыздағы санында орыс тілінде жарияланған. 1992 жылы «Ақиқат” журналының 1992 № 12 санында Әбілмәжін Жұмабаевтің аудармасымен қазақ тілінде тұңғыш рет басылды. Жинаққа сол тәржіма бойынша беріліп отыр.

«Ақын Абай және оның философиясы» - мақала І.Қабыловтың „Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» атты даулы пікіріне орай «Советская степь» газетінің 1928 жылғы 22 тамыздағы № 191 санында орыс тілінде жарияланған. 1992 жылы «Ақиқат” журналының 1992 №12 санында Әбілмәжін Жұмабаевтің аудармасымен қазақ тілінде тұңғыш рет басылды. Жинаққа сол тәржіма бойынша беріліп отыр.

«Роковое преступление» ( Из зала суда над атаманом Анненковым. По материалам Семипалатинской губернской газеты «Новая деревня») – Атаман Анненковтың Семейде өткен ашық сотында қоғамдық айыптаушы ретінде сөйлеген сөзі Семей губерниялық „Новая деревня” газетінің 1927 жылғы 23 тамыз күнгі санында жарияланған. „Абай» журналының 1998 №2 санында қайта басылды. Ы.Мұстамбаевтің соттағы айыптау сөзінің мағынасы түсінікті болуы үшін өзге де айыптаушылардың сөзінен қысқаша үзінді қоса берілген.

«Джумабаев и «Девяносто» (В порядке постановки вопроса)Мағжан Жұмабаевтің «Тоқсанның тобыры», «Толғау» (соңғы өлең М.Жұмабаевтің тергеушілерге берген жауабында еш жерде жарияланбаған – делінген - Т.Ж.) атты өлеңдерінің идеологиялық нысанын талдаған бұл мақала Қызылорда қаласында шығып тұратын «Советская степь» газетінің 1929 жылғы 24 мамыр күнгі санында пікір алысу ретінде жарияланған. Қ.Мұхамедхановтың алғысөзімен „Абай” журналының 1992 жылғы №4, санында қайта басылды.


«ЖОО-ның Қазақстан үшін маңызы» - 1926 жылдың 29-қазанында Ташкент қаласында Қазақ педагогтік жоғары мектебінің ашылу құрметіне арналған мәслихатта жасаған баяндамасының стенограммасы. «Қазақтың жоғары педагогикалық институтының бір жылдық жұмысы», — деген атпен 1928 жылы Ташкент қаласында орыс тілінде жарық көрген жинаққа енген. Сирек ұшырасатын жинаққа Халел Досмұхамедовтің, Смағұл Садуақасовтың, Елдес Омаровтың, Темірбек Жүргеновтің мақалалары, Ә.Диваевтің «Қазақтануға қатысты деректер» «Этнографиялық деректердің тізімі», «Сандал ағашындағы жазу» жазбалары, 1921-1926-шы жылдарда орыс жане шетел тілдерінде жарияланған қазақ тарихына қатысты еңбектердің А. В. Панков құрастырған библиографиясы топтастырылған. ҰҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында сақтаулы тұрған ф.ғ.д., проф. Т.Жұртбай ұсынған нұсқа бойынша Филология ғылымдарының докторы, профессор Сапарғали Омарбеков алғысөзін жазып, орыс тілінен қазақшаға аударып „Ақиқат” журналының 1994 жылғы №7 санында жариялады. Орыс тіліндегі

«Киргизская лите­ратура» - мақала алғаш рет «Трудовая Сибирь» журналының 1919 жылғы №1 санында жарияланған. Соңына «С.С-ов» деп қол қойылған бұл мақаланы С.Дөнентаевтің қызы Сәулет Сәбитқызы мен Айтқазы Дайырбеков Алтай өлкесінің мемлекеттік архивінен тауып, Көкшетаудың «Степной маяк» газетінің 1991 жылғы 4-5 шілде күнгі сандарында жариялаған. Олар бұдан кейін мақала авторының нақты есімін анықтау мақсатымен Мәскеу, Ленинград, Барнаул архивтеріне сұрау салып, нақты жауап ала алмаған. Нұрым Сансызбаевтың Омбы архивіне жолдаған сауалы нәтижелі болып, одан: «В архивном фонде Союза кооператив­ных объединений Западной Сибири «Центро-Сибирь» в документах об издании журнала «Трудовая Сибирь» имеется копия ведомости по оплате гонорара за статьи, помещенные в № 1 за 1919 г., где указано: «Фамилия автора - Садвакасов. Название статей и заметок - «Киргизская литература». Количество строк - 237. Расценка - 1 руб. К уплате - 237 р. (Ф. 151,оп.1,д.459,л.З)» - деген жауап алған. Н.Сансызбаевтің алғысөзімен «Абай» журналының 1997 жылғы №1 санында жарияланған.


«Предисловие к книге «Молодой Казахстан» - «Молодой Казакстан» деген атпен 1928 жылы Москваның «Огонек» баспасынан шыққан әңгімелер жинағына жазылған алғысөз.Жинаққа енген М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Б.Майлиннің әңгімелерін аударған да автордың өзі сияқты. Д.Қамзабекұлының, Н.Сансызбаевтің («Абай»,1997, №1) түсініктемесімен мерзімді баспасөзде жарияланған. Бұл жинаққа М.Әуезов мұражайының қорында сақталған нұсқа бойынша ұсынылып отыр.

«Өз жайымнан мағлұмат» - С.Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1928 жылы 29 қаңтарда берген жауабы. Жазушының мұражайының қолжазба қорынан алғаш рет ғалым Т.Әкім «Қазақ әдебиеті» газетінде (1988, 23 желтоқсан) ариялады, содан кейін Шығармаларының Елу томдық жинағына. Сол тұстағы әдеби пікір таласына тікелей қатысты болғандықтан да басылымға кіргізіп отырмыз.

«Алашорданың басты екі адамы» (Әуезұлы Мұхтардың хаты) – М.Әуезов түрмеден шыққан соң «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланған ашық хаты. Т.Жұртбай мен Т.Әкім құрастырған «Ескермедім...қабылдамадым» атты қызметтік кітапшада (1998) қайталап басылды, жазушының Шығармалар жинағының елу томдығына енді.

«Бывшие виднейшие руководители Алаш-орды...» (Заявление Ауэзова) - жоғарыдағы ашық хаттың орысша аудармасы «Казахстанская правда» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында басылған.

«В борьбе с голодом» - Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарындағы ашаршылыққа байланысты өткен мәжілістің хаттамасы. Осы отырыстан кейін кеңес өкіметінің қыр еліне деген өктемдігі мен бшығып кетті. Аштарға көмектесу үшін жер-жерге кетті. Кейін осы мәжілісте сөйлеген сөздері айып ретінде тағылғандықтан да хаттаманы беріп отырмыз әрі мұның деректік мәні де құнды. Алғаш рет «Абай» журналының 1997 жылғы №1 санында тарих ғылымының кандидаты А.Игенбай мен С.Жұртбайдың ұсынуымен жарияланды.

«Ермекұлы Әлімханның хаты» - Ә.Ермеков түрмеден шыққан соң «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында М.Әуезовтің хатымен бірге жарияланған. Тұңғыш жарияланымы.


«Заявление Ермекова» - М.Әуезовтің ашық хатымен бірге «Казахстанская правда» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында басылған. Баспасөзде тұңғыш рет жарияланып отыр.

«Докладная записка» - ОГПУ-дің Қазақстандағы құпия-саяси бөлімінің ерекше өкілетті өкілдерінің 1933 жылы 11 қыркүйек күнгі БКП(б) Өлкелік комитетінің хатшысы Л.Мирзоянға жолдаған өте құпия баян хаты. ҚР Президенті архивінің бөлім меңгерушісі Ж.Сүлейменов пен журналист Райхан Ахметова «Абай” журналының 1997 жылғы №2-3 сандарында жариялады. 20-30 жылдардағы әдебиет саласындағы саяси қысым мен жазалау науқанының кезекті бір қорытындысы есебі ретінде ұсынылған құпия мәліметті біз де жоғарыдағы пікір таластарына берілген „саяси баға” орайында жинаққа енгізуді жөн көрдік.

«Жазығым не?» - А.Байтұрсыновтың хаты. Тұңғыш рет «Ақиқат» журналының 1996 жылғы №9 санында жарияланған. Сол нұсқа бойынша ұсынылып отыр.

«Ұлтшылдық» - Ж.Аймауытов пен М.Әуезов шығарған «Абай» журналының 1918 жылғы №2 санында пікір алысу ретінде жарияланған. Оған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы журналдың келесі санында өзінің «Бір ауыз сөзін» қосқан. М.Тұрғамбаевтің өмірін зерттеуші С.Тәбәріковтің ұсынуымен «Абай» журналының 1992 жылғы №2 санында қайталанып басылды.

«Қазақ тілін іске асыру» - "Қазақ тілі" газетінің 1923 жылғы 24 желтоқсандағы N 124 санында жарияланды. «Абай» журналының 2003 жылғы №3 санында қайталанып басылды. Материалды архивтен тауып алып, баспаға әзірлеген семейлік қаламгер Сейітжан Тәбәріков. Мұнда көтеоілген мәселелер бүгін де өзінің құнын жойған жоқ.

Ортақшыл Мария” – А.Неверевтің “Большевичка Мария” атты әңгімесінің аудармасы. 1927 жылы Мәскеуде жоғарыда көрсетілген жинақта жарық көрген. Б.Қайрбекұлының алғысөзімен “Абай” журналының 1998 жылғы №1 санында қайталанып басылған.

Мен өмірге жерікпін” – А.Неверовтің “Я хочу жить” деген әңгімесінің аудармасы. Кеңес Одағындағы елдердің Мәскеудегі кіндік баспасынан 1927 жылы “Ортақшыл Мария” әңгімесімен біріктіріліп жеке жинақ болып шыққан. Мәкен Турағұлқызы Мұхамеджанованың жеке қорындағы нұсқа бойынша Т.Жұртбайдың дайындауымен “Жұлдыз” журналының 1989 жылғы №3 санында жарияланған. Кейіннен Б.Қайырбекұлы екі әңгіменің басын қосып, өмірбаяндық түсініктеме жасап “Абай” журналының 1998 жылғы №1 санында бастырды. Мәскеудегі Ленин атындағы (қазіргі мемлекеттік) кітапханада сақталған кітаптың фотокөшірмесінен крилл қарпіне түсірген М.Бейсенбаев. Тағыда бір микро-фильмге түсірілген көшірме Алматыдағы ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы.



<< предыдущая страница   следующая страница >>