https://electroinfo.net

girniy.ru 1
Мағауия Құнанбаев


Мағауия Абайұлы - ұлы ақынның Ділдәдан туған кенже баласы. Жасында молдадан оқытқаннан кейін, Семейдегі Городское училище деген орысша мектепке оқуға түсіреді, Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығып, оқи алмай ауылға қайтады. Осыдан кейін де әкесінің касында жүріп, өздігінен ізденіп білімін толықтыра береді. Өз ауылындағы мектеп-медреседе оқып, білім алды. Әкесінің ақындық қасиетін қадірлеп, өзі де ақындыққа беріледі. Мағауия әдебиет тарихында абайлық дәстүрді бойына мол сіңірген ақын болып қалыптасты, нәзік лирикалық өлеңдер шығару, сюжетті поэмалар жазуды әкесі Абай ақынның өнегесінен алды. Абайдың ақылының арқасында бірнеше поэма жазады. Ол жазғандары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медғат-Қасым». Өз махаббаты үшін күресіп, құрбан болған Еңлік пен Кебекті келер заман жастарына үлгі етіп жырлайды.

«Еңлік Кебек», «Абылай» поэмалары қолжазба күйінде қалып, оқушыларға таралмаған.

«Медғат-Қасым» поэмасының тақырыбы қазақтан жырақ, алыс елдерден, яғни Африка өмірінен алынған. Сол елді мекендеген адам қауымын реалистік шындық тұрғысынан көрсетеді.

Осылайша поэзияның үлкен үлгісін шебер танытқан Мағауия осындай романтикалық поэманы қазақ әдебиетіне кіргізді. Сол кездегі өнерлі жастар осы поэманы жаттап алып, әнге қосты.

Осыдан кейін де қазақ өмірінен алып, тағы бір поэма жазды. Ол «Еңлік-Кебек» жайындағы коспа поэма болды. Бұл поэмада Кеңгірбай бидің бейнесін шебер керсете білген. Еңлік-Кебектің өліміне себепкер биді кіналайды. Осылайша образдарды бейнелеуде, өткеннің қараңғылығын сынауда адамгершілікті ең үлкен мақсат етіп қойған Мағауияның поэмасы өз уақытындағы бағалы еңбек болды.

Небәрі 34 жыл жасаған Мағауия шағын ғүмырында қазақ әдебиетіне мүра боларлық тамаша туындылар тастап кетті. 1904 жылы 14 мамырда қайтыс болған Мағауия Ақшоқы мекеніндегі Құнанбай бейітіне жерленді.

Медғат-Қасым


Бір әңгіме қозғалды ойымдағы,

Мақсат болды әшкере болынбағы.


Бай мейірсіз,ер құлдан саза тартқан,

Африка, Ніл дария бойындағы.

Ол дүние болмаған шақ құлға бостан,

Жаңа ашылған Африка - бір гүлстан,

Кені қалың, егіні мол болған соң,

Ізденіп барған жан көп әрбір тұстан.

Қызығын Африканың жаңа тапқан,

Қақ жарып бір ықылымды Ніл дария аққан.

Бұрынырақ ізденіп талаппенен,

Мұрат деген бай кепті Мысыр жақтан...

Үй салған Ніл дарияның жағасына,

Су жайған тоғам алып даласына

Бақша қып жатып алды бір сахараны,

Жүз шақырымдай Занзибар қаласына.

Құлы көп, егіні көп бұл үлкен бай,

«Еңбек қып» малды жиған жанды аямай.

Құлды малша таяқпен жұмсаушы еді,

Адам деп обалына бір қарамай.

Бар еді Медғат деген жалғыз ұлы.

Мот қылып бұзып еді малдың  молы.

Қаталы әкесінен бетер еді,

Тітіреп тұрушы еді барша құлы.

Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,

Қара сұрлау пішіні, зәңгі затты.

Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,

Тәкәббар, тәуекелшіл бек қайратты.

Он сегізге келіпті биыл жасы,

Байға бек қадірлі еді мұның басы.

Бай бала ғып өсірген сатып алып,

Мария деген қызда ед бар ынтасы.

Медғатпен жақын еді ол қыз бірақ,

Қасымнан ұстаушы еді бойын жырақ.

Қызға бір күн бар сырын айтып еді,

Оңаша алып барып аулағырақ.

Қыз не ғылсын бұл құлды көңілі тоқ,

Кенелтіп жылы жауап берген де жоқ.

Жарынан жамн пішін көргеннен соң,

Дал болып әлгі арада қалды аң-таң боп.

Қасымда елемеді бойын тартып,

-Аузыңа алма бұл сөзді енді қайтып.

Ендігәрі мазамды ала берсең,

Жазаңды тарттырармын Медғатқа айтып.

Ашуы келді жастың қаны құрып,

Жүрегі тулап кетті ашу керіп.

-Құдай емес, сенгенің  Медғат шығар,

Жерге енсең құтқарман,- деді ақырып.

Қыз білдірді Медғатқа Қасым сөзін,

Қасымның әкелдірді қазір өзін.

Тік тілін Медғаттан да тартынған жоқ,

Сұп-сұр болып, қан басып екі көзін.

Ақырып Медғат жиды ол бар құлын,

-Әлін білмей асыпты- деді,- зұлым.

Насосқа Қасым итті отыртыңдар,

Бергенмін, -деп сөйлейді,- құнын- пұлын.

Оқша өтеді насостың миға зәрі,

Жаза емес мұнан басқа істің бәрі.