https://electroinfo.net

girniy.ru 1
ӘОЖ 811.512.122 36



Иманқұлова Салтанат Меркібайқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті

Алматы қ., Қазақстан Республикасы
e-mail: [email protected]


АСПЕКТУАЛДЫЛЫҚ КАТЕГОРИЯСЫ


Аңдатпа. Мақалада қимылдың шаққа қатысты түрлі қырларын көрсететін семантикалық категория – аспектуалдылық туралы сөз етіледі. Аталған ұғымның мағынасы, терминдік анықтамасы, құрылымы, тілдік құралдардағы көрінісі, дискурстағы өзектілігі автордың көзқарасымен талданады. Аспектуалдылық жалпы тіл білімінде де, жеке тіл білімінде де соңғы он жыл ішінде қарқын алып келе жатқан функционалды семантикалық бағыттағы зерттеу нысаны болып табылады. Аспектуалдылықтың семантикалық аясы әлі толық зерттелмегені, бірақ негізгі аясы қимылдың түрлі сипаты екендігі талданады. Бұл мақаланың теориялық негізі А.В. Бондарко, Ю.С. Маслов, М.C. Жолшаева және т.б. функционалды грамматика жинақтарынан алынды.

Түйінді сөздер: функционалды семантикалық бағыт, аспектуалдылық, қимылдың өту сипаты, тілдік құралдар, қимыл шегі.


Иманкулова Салтанат Меркибаевна,

к.ф.н., доцент КазНУ имени аль-Фараби

г. Алматы, Республика Казахстан
e-mail: [email protected]


КАТЕГОРИЯ АСПЕКТУАЛЬНОСТИ

Аннотация. В данной работе были проанализированы семантические категории, отражающие разные стороны идеи времени – аспектуальность. В статье объясняется, что представляют собой данное понятие, определение термина, какова её структура, средства языкового выражения, их актуализация в дискурсе. Аспектуальность является тем направлением семантических исследований, которое последние десятилетия активно развивается в области общего языкознания или на материале отдельных языков. Семантическая сфера аспектуальности еще не полностью изучена, но основным в сфере аспектуальности является характеристика действия с точки зрения его протекания. Теоретической основой данной статьи послужили труды Бондарко А. В., Маслова Ю. С., Жолшаевой М.C. и некоторые сборники по функциональной грамматике.


Ключевые слова: функционально семантические направления, аспектуальность, протекание действия, языковые средства, предел времени.


Imankulova Saltanat Merkibaevna

associate professor of the Al-Farabi Kazakh National University

Almaty, Republic of Kazakhstan

e - mail: isalta [email protected]


CATEGORY OF ASPECTUALITY


Abstract. In hoc igitur et nos in semantic explorandae ratio ordinis splendor, aliud in tempus - aspectuality. Articulum figuram exponit ratione eius, quod est secundum rationem, dicitur quod in sermone suo demum actu. Ejusque directio Aspectuality verborum, quae in agro decennium active evolvere generalis Secundum codices linguae pertinere. Verborum ambitu aspectuality non perfecte, sed secundum quod est maxime proprium actionis aspectuality in terminis fluxus. Cognitionis quidem in hoc capite summa opera Bondarko A.V., Maslov C., Zholshaeva M.C., et ex collectis in Bibliotheca Annotation.

Key words: functionally semantic directions, aspectuality, flowing of action, language means, limit of time.

Қазіргі тіл білімі ғылымында тілді антропоцентристік, функционалдық, семасиологиялық, ономасиологиялық, гносеологиялық, сихолингвистикалық, прагматикалық аспект тұрғысынан зерттеу кең өріс алды. Дәстүрлі грамматикадағы тілдің құрылымдық жүйелік бағыты, яғни дыбыс жүйесінен бастап сөйлем жүйесіне дейінгі тілдік құралдарды жүйелеп сипаттау жеткіліксіз болып қалды. Тілдің табиғатын толық ашып, оны жан  жақты сипаттап жүйелеуге, қолданыс аясын кеңейтуге көмектесетін жаңа бағыттар енді. Соның бірі – жалпы тіл білімінде соңғы он жыл ішінде қарқын алып келе жатқан функционалды семантикалық бағыттағы зерттеу нысаны аспектуалдылық категориясы. Лингвистиканың осы бағытын зерттеп жүрген ғалымдар аспектуалдылық деген терминге түрлі анықтама береді. Атап айтқанда, А.М Пешковский «уақыт ағымындағы қимылдың өтуі мен бөліну сипаты» [1, 105 б.] деп функционалды семантикалық өріске топтастырылған семантикалық категориялардың белгілері ретінде қарастырады. Ал Г. Гий аспектуалдылықты «қимылдың ішкі сипатымен» тығыз байланыста қарастырса, Е.А. Реферовская: «Ұзақ болсын, қысқа болсын кез келген қимыл белгілі бір уақыттың тікелей мөлшеріне байланысты. Адам санасындағы уақыт ұғымы «қимыл – әрекет – ұзақтық» түрінде көрініс береді. Мұндай қимылдың «уақыты» оның ішкі қимыл сипатын көрсететін табиғатының бөлінбес бір бөлшегі, оған тән белгісі», – дейді [2, стр. 91].


Қимылдың семантикасы, қатынасы мен қалып күйі көптеген түркі тілдерін зерттеушілердің назарына ертеден түсті. П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринский, М.А. Терентьев, Н. Созонтов, А.В.Архангельский, т.б. ғалымдардың қазақ тіліне қатысты жазылған XIX ғасырдың екінші жартысында жарық көрген еңбектерінде қимылдың жасалуындағы ерекшеліктер көмекші етістіктердің қызметі тұрғысынан сөз етіледі. Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің қызметі мен мағынасына қатысты тіл білімінде әр түрлі көзқарастар мен пікірлер болды. Ол көзқарастардың, талас туғызып келген мәселенің бірқатары көрініс (орыс тіліндегі вид категориясы) категориясымен байланысты болды. Славян тілдеріне тән көрініс категориясы қазақ тілінде бар ма жоқ па деген мәселе көп уақыт шешімін таппай даулы мәселеге айналды. Кейбір түркітанушы ғалымдар (А. Казембек, И. Гиганов, Г. Алпаров, М. Иванов, К. Насыри, А. Мансұров, Г. Киекбаев Б.Н. Головин, Р.З. Мурясов, К.З. Закирьянов) аспектуалды мағыналы етістік формаларын вид категориясына қатыссыз қарастырады. Ал кейбір түркітанушылар (Н.К. Дмитриев, А.И. Харисов, Р.Н. Төреғұлова, К.З. Ахмеров) амалдың өту сипатын білдіретін аналитикалық және морфологиялық құралдардың бірқатарын вид категориясына жатқызғанымен, олардың өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады. «Н.К. Дмитриев, Н. Баскаков, Л.И. Харитонов, А.И. Харисов өз еңбектерінде түркі тілдерінде көрініс категориясы бар екендігін дәлелдеді. И. Ұйықбаев қазақ тілінің материалдары бойынша көрініс категориясына қатысты кандидаттық диссертация қорғады. Етістікті зерттеуші Ы. Маманов, Х. Махмудов, Н. Сауранбаев сынды ғалымдар да қазақ тілінде көрініс категориясы бар деген пікірде болды» [3, 16 б.].

Ал функционалды грамматиканы жан жақты зерттеген профессор А.В. Бондарко: «Аспектуалдылық – қимылдың уақытқа қатысты өту сипатын білдіретін морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік, лексикалық, лексика-грамматикалық т.б. тілдік құралдар және олардың өзара әрекеттесуін білдіретін функционалды семантикалық өріс», – деген анықтама береді [4, стр. 76].


А.В. Бондарконың еңбектерінде аспектуалдылық 1966 жылдан бастап тұтас өріс (бірыңғай функционалды семантикалық категория) ретінде қарастырылса, 1983 жылдан бастап бұл пікірді дұрыс талдамағанын айтады. Аспектуалдылықтың аясында көптеген жеке өрістердің бар екендігін, оларды ФСӨ аясына топтастыру керектігін айтады. Олар етіс, модальдылық, шарттылық өрістері. Шынында да, дәстүрлі грамматикада бұл құрылымдар грамматикалық категория ретінде танылып, олардың категория аясына сыймайтын түрлі қырларын жіктеу мәселесінде қиындықтар кездеседі. Мысалы, етіс категориясы жайлы құрылымдық грамматикада әдетте оның өзгелік етіс, ортақ етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс деген төрт түрі сөз болса, А. Байтұрсынұлының “Тіл − құралында” бұл сан 10 ға жетеді: «1) сабақты етіс, 2) салт етіс, 3) ортақ етіс, 4) өздік етіс, 5) өзгелік етіс, 6) беделді етіс, 7) ырықсыз етіс, 8) шығыс етіс, 9) дүркінді етіс, 10) өсіңкі етіс» [5, 42]. «А. Байтұрсынұлы етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты сабақты етісті етіс категориясына қосқан. Сонымен қатар сабақты етіспен оппозиция құрайтын, яғни, тура толықтауышты (объектіні) керек етпейтін салт етісті де осы категория шеңберінде қарастырған»,   деп кейінгі еңбектерде тұлғаға ғана мән беріліп, мағыналық ерекшелігі назардан тыс қалса, А. Байтұрсынұлы оқулықтарында кейбір тұлғалардың өзіндік мағыналық ерекшеліктері болатыны ескеріліп, соған байланысты жіктеліп отырғаны айтылады [6].

Дәстүрлі грамматикада аспектуалдылық түрлі тілдік құралдарды біріктіретін функционалды семантикалық категория ретінде түсіндіріледі. Бұл категорияның негізін шақтық формалар құрайды да, олар қимылдың өту сипаты деп аталатын лексика-грамматикалық категорияға топтастырылады. Бұл категория қимылдың басталуы, аяқталуы, жасалуы, жасалу үстінде болуы, созылыңқылығы, дағдылылығы немесе қысқалығы т.б. ішкі аспектілік сипатына қарай анықталады. Аспектуалдылықтың мағыналық шектерінде грамматикалық шақ жіктеу ұстанымдарының бірі ретінде алынады.


Аспектуалдылыққа уақыттың шектеулілік/шексіздік, белгілілік/белгісіздік, қимылдың өтпелі кезеңдері: тездігі, дүркінділігі, қайталануы, созылыңқылығы, ұдайылығы т.б. шегінің өзара айырмашылығы, жағдайы, қатынасы сияқты сипаттары жатады. Бұл аталғандардың барлығы қалай болғанда да, қимылдың «ішкі сипаттағы» құрылымын ашады.

Кез келген амал-әрекет ешқашан біркелкі орындалмайды. Қимылдың шапшаң я баяу, шұғыл не созылыңқы, тыңғылықты не босаң, біркелкі не үздік-создық т.б. түрлері кездеседі. Осы мағыналық реңктердің барлығы аспектуалдылық аясына енеді.

Сонымен аспектуалдылық шақ идеясымен байланысты қарастырылады. Бұл салаға аспектуалдылық (қимылдың ішкі сипаты), уақытша шектеу (локализованность – ішкі және сыртқы қимылдың ерекше ара қатынасы), темпоралдылық (ішкі қимыл) және таксис (қимылдың уақытқа қатынасы) жатады.

Аспектуалдылық пен аспектуалды қатынастардың семантикалық орталығы етістікті предикат болып табылады. Кейде аспектуалдылық элементтері предикаттық шектен шығып кетіп, сөйлемнің басқа бөліктеріне тарайды. Әсіресе бұл пысықтауыш қатынастарға байланысты (Дауыс ақырындап өшті). Аспектуалдық қатынастардың жеке предикативтік және пысықтауыштық сипаты предикаты бар (кешеннің өзегі), барлығы айтылым элементтерін сипаттайтын предикативтік кешенге бірігеді. Аспектуалдық мағынаны білдіретін (пысықтауыштан өзге) басқа тілдік құралдар, әсіресе жалғаулықтар мен демеуліктер, етістікті предикаттың айналасына топтасып, сөйлем құрамында оларды сипаттау мен жүйелеуге тікелей қатысады. Барлық жағдайда етістікті предикаттар аспектуалдық қатынастардың доминанты, орталық болып қалады.

Қимыл әрекет байқалмайтын, тіпті жоқ жерде аспектуалдылық көрінбейді. Бар келбеті осындай, сұр сұр... Бұл сөйлемде аспектуалдық қатынас көрінбейді. Ол студент. Екінші сөйлемде аспектуалдық қатынас бар, бірақ мұндай қатынастан қимылдың өту сипатын ажырату қиын. Осыған қарап, аспектуалдылықтың нақты да дәл шегі ажыратылмағандығын байқауға болады.


Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканы жан жақты зерттеген М.С. Жолшаева ғылыми зерттеу еңбегінде грамматикалық құбылыстардың табиғатын түсіндіруде оларды оқшау алып, жеке дара тұйықталған шеңбер аясында емес, басқа тіл деңгейлері элементтерімен өзара байланыста болатын кешенді тұтастық ретінде интеграциялық тұрғыдан қарастыруға ерекше мән берілу керектігін айтады. «Мұндай зерттеулер тілдік құбылыстың табиғатын толық әрі терең түсінуге жол ашады. Сондықтан қимылдың өту сипаты категориясын функционалды-семантикалық өріс теориясы тұрғысынан қарастыра отырып, қимылдың жасалу тәсілдері мен жасалу кезеңін білдіретін барлық тілдік құралдардың парадигмасы мен синтагмалық қатынасын көрсету және олардың семантикалық құрылымын ашу арқылы аталған категорияның табиғатын толық тануға болады. Бұл орайда қимылдың өту сипаты грамматикалық (тар мағынада) категория ауқымынан шығып, тілдің басқа деңгейлері арқылы да көрініс таба алатын категориялардың санатынан орын алады. Сөйтіп, аспектуалдылық семантикалық категория болып танылады да, оның тұрпат межесін құрайтын тілдік бірліктер парадигмасы бір ізге түсіп, сараланады» [7, 5 б].

Жалпы мағынада қимылдың шегі – бұл оның уақыт кеңістігіндегі уақытша шегі. Қимылдың ішкі және сыртқы шегі болуы мүмкін. Егер қимылдың уақытша шегі қимылдың өзінің сипатына қатысы болмай, сыртқы факторларға бағынышты болса (белгілі бір уақыттың мезгілін көрсету, сондай ақ басқа қимылдың болуы), онда ол қимылдың сыртқы шегі болып табылады. Мысалы, Мен жұмыста бүгін сағат алтыға дейін боламын. Оны оятпайынша, ұйықтай береді. Егер қимылдың уақыттағы өту шегі қимылдың өзінің сипатына қатысты болып, етістік мағыналарында көрініс тапса, онда ол қимылдың ішкі шегі болып саналады. Қимылдың бұл екі шегі өзара әрекеттесіп, қатар келуі де мүмкін. Мысалы, екі сағат жату, күні бойы жату деген етістіктер қимылдың созылыңқылығын білдіріп, өзара байланысты болып тұр.

Аспектуалдылықтың ішкі құрамы қимылдың жасалу кезеңі (даму сатысы) мен қимылдың жасалу тәсіліне қарай бөлінеді.


Амал-әрекеттің жасалу кезеңі оның басталуынан аяқталуына дейінгі аралық меже. Мысалы, айта бастады, алаңдай бастады, абыржи бастады т.б. тілдік бірліктер амал-әрекеттің басталу кезеңін білдірсе, айтып отыр, алаңдап отыр, абыржып отыр т.б. амал әрекеттің жасалу үстіндегі фазасын білдіреді.

Қимылдың жасалу кезеңімен байланысты аналитикалық форманттар: -п тұр, -п жүр, -п жатыр, -п отыр, -п бара жатыр, -п келе жатыр, - а түс, -а бер, -п кел, -п барады.

Қимылдың жалғасуын, созылыңқы әрекетті білдіретін -а бер форманты;

Қимылдың аяқталу кезеңімен байланысты аналитикалық форманттар: -п біт, -п қал, -п бол, - п шық, -п ал, -п қой, -п кет, - ып түс, -п бер, -п таста, -п өт.

Қимылдың қалай жасалғанын көрсететін мағыналық ерекшеліктерді білдіру амал-әрекетің жасалу тәсілі деп аталады. Мысалы, сасып қалды, жылап қалды сияқты тілдік бірліктер қимылдың тез болғандығын білдіріп тұр. Ал қуанысқан болды, көмектескен болды тілдік бірліктері қимылдың жасанды түрдегі көрінісін білдіріп тұр. Құлап қала жаздады, жылап жібере жаздады тілдік бірліктері қимылдың жетімсіздігін білдіріп тұр [8, 95 б].

М.С. Жолшаева аспектуалды семантиканы беретін синтетикалық формаларды мағынасына қарай қайталанатын қимылды; жетімсіз істелген қимылды; күшейтпелі қимылды білдіретін қосымшаларға саралап, модификациялаушы және сөзжасамдық деп ажыратады [7, 35 б].

Қорыта келгенде, қимылдың өту сипатын, аспектісін білдіретін семантикалық формаларда тек тілдік жағдаят қана емес, тілдік емес жағдаят, қатысымдағы түрлі прагматикалық жағдайлар да қамтылатындықтан, оның табиғаты да күрделі болып келеді. Аспекті мен шақ категориясының бір грамматикалық формадағы сыйыстырылған мағыналары функционалды-семантикалық аспектуалдылық пен темпоралдылық категорияларының тығыз байланыстылығын көрсетеді. Аталған категорияларды өзара байланыста кең ауқымды зерттеу – қазіргі қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа ие көптеген түйткілді мәселелердің ара жігін ажыратуға септігін тигізері сөзсіз.



Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении, М., 1956. – 512 стр.

  2. Реферовская А.Е. Аспектуальные значения французского глагола // Теория грамматического значения и аспектологические исследования. Л., 1984. c. 91-109.

  3. Дүйсембекова Л.С. Аспектуалдылықтың түркі тілдерінде зерттелуі. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. № 4 (144). 2013. − 14-18 б.

  4. Бондарко А. В. Принципы функциональной грамматики и вопросы аспектологии. Л.: Наука, 1983. с. 76-156.

  5. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы, 1989 −149 б.

  6. Жұбаева О. А.Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасындағы функционалды грамматика көріністері. www.mtdi.kz 25.05.201

  7. Жолшаева М. Қазақ тіліндегі аспектуалды семантика: форма және мазмұн. Фил. ғылым. док. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. − Алматы, 2009.– 57 б

  8. Әлкебаева Д.А. Қазақ тілінің функционалды грамматикасы. − Алматы, 2013.– 157 б

  9. Маслов Ю.С., К основаниям сопоставительной аспектологии - В кн. Вопросы сопоставительной аспектологии. Л., 1978. С. 21-103.


Referenses

  1. Peshkovski A.M. Russian scientificus syntax in lucem, M., 1956. – 512 p.

  2. Referovskaya A.E. Gallos verb sensus Aspectual / / Opera et studio grammaticae ratione aspektologicheskie. L., 1984. 91-109 p.

  3. Dүysembekova L.S. Aspektualdylyktyn turkі tіlderіnde zertteluі. KazYU habarshysy. Seriyasy forum. 4 (144). 2013. − 14-18 p.

  4. Bondarko A.V. Principles of functional grammar and questions aspectology. Leningrad: Nauka, 1983. 76-156 p.

  5. A. Baytursynyly Shygarmalary. − Almaty, 1989 −149 p.
  6. O. Zhybaeva. A.Baytursynylynyn tіltanymdyk myrasyndagy funktsionaldy korіnіsterі. 25.05.201 www.mtdi.kz


  7. Zholshaeva M.S. Quod autem in semantics Aspectual Kazakh Language:
    Forma et materia. Phil. gylym. q. alu ғylymi darezhesіn ushin dayyndalgan dissertatsiyasynyn aftoreferaty. − Almaty, 2009.– 57 p.

  8. Alkebaeva D.A. Kazak tіlіnіn funktsionaldy grammatikasy. − Almaty, 2013.– 157 p.

  9. Maslov U.S. Fundamenta comparative aspectology − In. Quaestionum comparative aspectology. Л., 1978. − 21-103 p.