girniy.ru 1 2 3


Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрінің

2007 жылғы «19» желтоқсандағы № 638 бұйрығымен бекітілген

Нормативтік құқықтық актілерін

мемлекеттік тіркеу тізімінде

2008 жылғы 28 қаңтардағы

№ 5115 тіркелген


Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың

үлгі ережесі


1. Жалпы ережелер

 

1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – жоғары оқу орындары) жалпы орта, кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік), кәсіптік орта (орта білімнен кейінгі) және жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар қабылданады.

2. Жоғары оқу орындарында студенттер контингентiн қалыптастыру бюджеттiк қаржыландыру мамандар даярлауға мемлекеттiк тапсырысты (бiлiм беру гранты) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа қаражат көздерi есебінен оқуға төлеу арқылы жүзеге асырылады.

Бiлiм беру гранты Қазақстан Республикасының азаматымен бiрдей басқа мемлекет азаматы болып табылатын қазақ ұлтының өкiлдерiне, Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының, Тәжiкстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтарына берiледi.

Басқа шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар жоғары оқу орындарына (бұдан әрі - ЖОО) Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген, сондай-ақ Қазақстан Республикасында бекітілген халықаралық шарттарға сәйкес қабылданады.

3. Жоғары оқу орындарына азаматтарды қабылдау ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (бұдан әрi - ҰБТ) немесе Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Бiлiм беру мен тестiлеудiң мемлекеттiк стандарттарының ұлттық орталығы (бұдан әрi - БТМСҰО) әзiрлеген технология бойынша өткiзiлетiн кешендi тестiлеудiң нәтижесi бойынша берiлген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негізде азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.


4. ҰБТ ағымдағы жылғы жалпы орта білім беретін ұйымдардың бітірушілері үшін өткізіледі.

Кешендi тестiлеу өткен жылдардағы жалпы орта білім беретін ұйымдардың бітірушілері, бастауыш және кәсiптiк орта оқу орындарын бiтiрушiлер (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі), ҰБТ-ға қатыспаған халықаралық оқушылармен алмасу желiсi бойынша шетелде оқыған жалпы бiлiм беретiн мектепті бiтiрушiлер, өзбек, ұйғыр және тәжiк тілдерiнде оқытатын жалпы орта білім беретін мектептi бiтiрушiлер, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, сондай-ақ оқу орындарын шетелде бiтiрген азаматтар үшін өткізіледі.

5. Азаматтарды ақылы негізде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындары жүзеге асырады.

6. Азаматтарды Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiне, Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрлiгiне, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің комитетіне, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiне, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министірлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына қабылдау 1-қосымшаға сәйкес кешендi тестiлеудiң немесе ҰБТ сертификатындағы балдарға сәйкес жүргізіледі.

7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтарды жоғары оқу орындарына медициналық мамандықтардан басқа ақылы негiзде қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Ұқсас мамандықтарға қабылдау бекітілген тізбеге сәйкес өткізіледі.

Кәсiптiк жоғары бiлiмi бар (жоғары) азаматтарды жоғары оқу орындарына ақылы негiзде қысқартылған мерзiмде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

8. Екi немесе одан көп елдер арасында мемлекетаралық келiсiмдер бойынша құрылған халықаралық жоғары оқу орындарына мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде белгiленген квота бойынша шетел азаматтарын қабылдауды жоғары оқу орындары дербес түрде жүзеге асырады.


9. Оқу орындарына оқуға қабылдау кезінде «Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 наурыздағы № 296 қаулысымен бекітілген қабылдау квотасы белгіленеді.

Ауылдық білім беру ұйымдарын бітірген азаматтар үшін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы белгіленген бакалавр және жоғары арнайы білім мамандықтарының тізбесі осы Қабылдаудың үлгі ережесінің 2-қосымшасына сәйкес белгіленеді.

10. Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жоғары бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша оқуға қабылдауды ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдары жүзеге асырады.

11. Азаматтарды арнаулы немесе шығармашылық дайындықты (бұдан былай – шығармашылық емтихандар) қажет ететін мамандықтарға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар (бұдан былай – шығармашылық емтихандар) нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады.

12. Кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 9 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.

Шығармашылық мамандықтарға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 1 шілде аралығында ЖОО қабылдау комиссиялары жүзеге асырады. Шығармашылық мамандықтарға түсетін азаматтар тек қана бір шығармашылық мамандықты көрсетеді.

6-тармақта көрсетiлген мемлекеттiк органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына өтiнiштердi қабылдау мерзiмiн тиiстi мемлекеттiк органдар белгiлейдi.

13. Шығармашылық мамандықтарға түсетін азаматтар өздері таңдаған ЖОО-ның қабылдау комиссиялары өткізетін шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихандар саны – екеу.

Шығармашылық емтихан 2 7 шілде аралығында өткізіледі.

Шығармашылық емтихан бойынша ең жоғарғы балл саны – 25. Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген талапкерлер осы мамандыққа түсу үшін кешенді тестілеуге жіберілмейді.


Шығармашылық емтиханды қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.

14. Шығармашылық мамандықтарға, сондай-ақ Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарынан басқа 6-тармақта көрсетiлген мемлекеттiк органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсу кезiнде өтiнiштер ЖОО орналасқан жерде қабылданады.


2. Кешенді тестілеуді өткізу

15. Кешенді тестілеу білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес тестілеу өткізу пункттерінің базасында (базалы ЖОО) өткізіледі. Шығармашылық мамандықтарға түсетін, сондай-ақ 6-тармақта көрсетілген мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсетін азаматтарға кешенді тестілеу азаматтың таңдаған ЖОО-ға бекітілген базалы ЖОО-да өтеді.

16. Жергілiктi жерде ұйымдастыру және ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу үшiн талапкерлердiң кешенді тестілеуін ұйымдастыру мен өткізу жөнiнде мемлекеттік комиссиялар құрылады (бұдан әрi - мемлекеттік комиссия).

Мемлекеттік комиссия тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды қолданған (ақпараттық материалдар, электронды жазба кітапшалары, калькулятор, ұялы телефон, пейджер және басқа да байланыс құралдары) талапкерлердің тестілеу нәтижелерін жою туралы шешім қабылдайды.

17. Кешенді тестілеуге қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтiнiшін, кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік) немесе кәсіптік орта (ортадан кейінгі) оқу орнының аттестатын немесе дипломын (түпнұсқа), тест сынағын өткiзуге қажеттi ақыны төлегенi туралы түбiртекті (квитанция), 3х4 көлемiндегi екi фотосуретті, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесiн тапсырады.

18. Кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өткізіледі.

19. Кешендi тестiлеуге келген талапкер куәлiгiн (төлқұжат) және емтиханға рұқсат қағазын көрсетуi тиiс.

20. Кешенді тестілеу азаматтардың қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде орта білім берудің оқу бағдарламалары көлемінде төрт пән: қазақ немесе орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және 3-қосымшаға сәйкес талапкердің таңдаған мамандығына байланысты пән бойынша өткізіледі.

21. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны 25. Әрбір тест тапсырмасының дұрыс жауабы бір балмен бағаланады.

Шығармашылық мамандыққа түсуші азаматтар үшін кешенді тестілеудің екі пәні бойынша балдары есептеледі: қазақ немесе орыс тілі және дүниежүзі тарихы.

22. Кешенді тестілеуге 2 сағат 30 минут бөлінеді. Тестілеуді қайта тапсыру рұқсат етілмейді.

23. Кешенді тестілеу нәтижелерін өңдеу кешенді тестілеу жүзеге асырылған жоғары оқу орнында өткізіледі.

24. Тестiлеуден кейiн өткiзiлетiн жауап парақтарын сканерлеу аяқталғаннан кейiн бiрден дұрыс жауаптар коды iлiнедi.

25. Сертификаттарды алу үшiн өткiзiлген тест нәтижелерiн мемлекеттік комиссия тест сынағы өткiзiлген күнi жариялайды.

26.  Кешенді тестлеу нәтижелері бойынша әр қатысушыға белгiленген үлгідегі сертификат толтырылады, оны мемлекеттік  комиссия тест сынағы өткеннен кейiнгi үш күнтізбелік iшiнде бередi.

27. Тест сынағының нәтижесiмен келiспеген азаматтың апелляцияға өтініш беруге құқы бар.

Апелляциялық комиссия әрбір базалы ЖОО-да құрылады.

Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша талас тудыратын сұрақтарды республикалық аппеляциялық комиссия қарайды.


3. Білім беру грантын тағайындау тәртібі

28. Бiлiм беру грантын тағайындау конкурстық негiзде белгіленген мемлекеттiк тапсырыс шегінде нақты мамандықтар және тiл бөлiмдерi бойынша жүргiзедi.

Тағайындауды білім саласындағы уәкілетті органның конкурстық комиссиясы жүзеге асырады.

29. Білім грантын бөлу конкурсына қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтiнiш, білімі туралы құжат (түпнұсқа), кешенді тестілеудің немесе ҰБТ сертификаты, 3х4 көлемiндегi екi фотосурет, 086-У нысанындағы медициналық анықтама, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесiн өткiзедi.


Білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған ЖОО мен мамандықтарды көрсетеді.

Таңдау пәндері сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.

30. Білім беру грантын алу үшін басым құқыққа ие азаматтар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына құқықты растайтын құжат тапсырады.

31. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды расталған аудармасы болуы тиіс.

Шетелдік білім беру ұйымдарымен берілген білімі туралы құжаттар белгіленген тәртіпте нострификаттанылуы тиіс.

32. Бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, бала кезден мүгедектер, мүгедек балалар таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысын ұсынады.

33. Білім беру грантын бөлу конкурсына қатысу үшін өтініштер 23-31 шілде аралығында қабылданады.

34. Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы азаматтар үшін белгіленген қабылдау квоталары (жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, I, II топ мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедек­теріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалар, бала кезінен мүгедек, мүгедек балалар, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар үшін) барлық мамандықтар бойынша бөлінеді.

35. Шығармашылық мамандықтарын таңдаған талапкерлер, оның ішінде “Алтын белгі” белгісінің иегерлері білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.

36. Білім беру грантын алуға арналған конкурста қазақ немесе орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша жинаған балдар ескеріледі.

Конкурсқа қатысу үшін төменгі балл деңгейі 50 балды құрайды, оның ішінде кемінде 7 балл бейіндік пәннен, (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10) ал қалған пәндерден кемінде 3 балл болуы қажет.


37. Білім беру гранттарын алуға ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаттары балдарына сәйкес конкурс өткізілген кезде:

1) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған оқушылардың;

2) жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталған), республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың (I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың ағымдағы жылғы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандығының олар жеңімпазы болып табылатын олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда басым құқығы болады.

Халықаралық және республикалық олимпиадаларды, ғылыми жарыстарды, орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстарды дайындау мамандықтары мен пәндері бекітілген тізбеге сәйкес болу қажет.

38. Білім беру гранттары бірінші кезекте осы үлгі ереженің 37-тармағына сәйкес ЖОО-ға түсуге басым құқығы бар азаматтарға тағайындалады.

39. Бұдан әрі білім беру гранттарын тағайындау талапкерлер өтініш білдірген тіл бөлімдері, жоғары оқу орындары және мамандықтардың реті бойынша ҰБТ немесе кешенді тестілеудегі сертификаттар балдарына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.

40. Тiл бөлiмдерiнiң бiрiнде босаған орындар мамандықтар iшiнде конкурстық негiзiнде тағайындау үшiн берiледi.

Бiлiм гранттарын конкурстық тағайындаудан кейiн қалған бос орындар мәлiмделген оқыту нысанына және тiл бөлiмiне қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының iшiнде қайта бөлiнедi.

41. ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаттары балдарының көрсеткiштерi бiрдей болған жағдайда бiлiм гранттарын тағайындау, сондай-ақ бюджеттiк қаржыландыру арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алудың басым құқығы жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға; бірінші және екінші топтағы мүгедек балаларға; соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне кепілдіктер мен жеңілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалаларға, бала кезден мүгедектерге; медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуға тиым салынбаған мүгедек балаларға, үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар, содан соң аттестаты немесе дипломының ең жоғарғы орта баллы бар азаматтарға беріледі.


42. Бiлiм беру грантын  алған азаматтарға білім беру саласындағы уәкілетті орган белгiленген үлгiдегi куәлiкті бередi.

Аталған куәлiк иелерiнiң тiзiмi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

43. Талапкерлерге кешенді тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия бiлiм гранттарын  иеленген азаматтарды тиiстi куәлiк алу керектiгi туралы хабардар етедi.

Бiлiм беру грантын тағайындау туралы куәлiк азаматтарға қабылдау комиссиясына тапсырылған құжаттарымен бірге 15 тамызға дейiн беріледi.

 

4. Жоғары оқу орындарына қабылдау

 44. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары студенттер қатарына қабылдауды 10-25 тамыз аралығында өткiзедi.

Азаматтар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына қабылдау туралы өтінішпен бірге жалпы орта (жалпы орта білім), кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік), кәсіптік орта (орта білімнен кейінгі) немесе жоғары білімі (түпнұсқа) туралы құжатын, 3х4 көлеміндегі 6 суретін, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаттарын, сондай-ақ білім беру гранты тағайындалғаны туралы куәлігін (ол болған жағдайда) қоса береді.

45. Мемлекеттiк бiлiм беру грантын алу құқығына ие болғаны туралы куәлiк алған азаматтар, куәлiкте көрсетiлген ЖОО-ға қабылдау туралы өтiнiш бередi және ЖОО ректорының бұйрығымен студенттер қатарына қабылданады.

Шығармашылық мамандық бойынша мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын тағайындау  туралы куәлiгi барлар өздерi арнайы (шығармашылық) емтихан тапсырған ЖОО-ға қабылданады.

46. Ақылы оқуға ағымдағы жылғы ҰБТ-дан өткен, жалпы орта білім беру ұйымын бітірушілер, тестілеу нәтижелері бойынша 50 балл келесі пәндерден: қазақ немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен, оның ішінде, бейіндік пәннен 7 балдан кем емес (әрбір шығармашылық емтиханнан 10 балдан кем емес), ал қалған пәндерден ең төмені 3 балдан жинаған кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады.


Оқуға қабылдау мамандықтар бойынша және тілдік бөлімдерге жеке жүргізіледі.

Шығармашылық емтихандар белгіленген мамандықтарға қабылдау осы емтихандар бойынша алынған балдары есепке алына отырып жүргізіледі.

47. 6-тармақта көрсетiлген мемлекеттiк органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына студент қатарына қабылдауды талапкерлердің медициналық, тәндік және психофизиологиялық көрсеткiштерiн ескере отырып осы жоғары оқу орнының мандат комиссиясының сертификат балдарына сәйкес қабылдаған шешімімен жүргізіледі.

48. Меншiк нысанына қарамастан жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органға белгiленген нысанда және белгіленген мерзiмде ақпаратты ұсынады, қабылдау өткізгеннен кейiн 10 күннiң iшiнде қабылдауды ұйымдастыру мен өткiзу жөніндегі қорытынды есепті, студенттерді қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін, сондай-ақ одан бас тартқан білім беру гранты иегерлері куәліктерінің түпнұсқасын және жоғары оқу орнына келмеген тұлғалардың мәліметтерін (А.Т.Ә, мамандығы) бередi.

49. Осы Үлгі ережеде регламенттелмеген мәселелердi ЖОО-ның қабылдау комиссиялары дербес түрде шешеді.


Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы №638 бұйрығымен бекітілген Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне 1-қосымша


Күштік және өзге құрылымдарға ведомстволық бағынысты

жоғары оқу орындарының тізбесі




Жоғары оқу орнының атауы

Ораналасқан жері

1.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясы

Алматы қ.

2.


Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды заң институты

Қарағанды қ.

3.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің Комитеті Қостанай заң институты

Қостанай қ.

4.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрлықтағы әскерлердің әскери институты

Алматы қ.

5.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кенес Одағының екі мәрте батыры Т. Я. Бегелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты

Ақтөбе қ.

6.

Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігінің Қаржы полициясы академиясы

Ақмола облысы

7.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі Көкшетау техникалық институты

Көкшетау қ.

8.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдерінің әскери институты

Алматы қ.

9.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Петропавл жоғары әскери училищесі

Петропавл қ.

10.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз институты

Ақтау қ.


11.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ұлттық университеті

Көкшетау қ.

12.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы

Алматы қ.

13.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты

Алматы қ.

14.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника мен байланыс әскери-инженерлік институты

Алматы қ.



следующая страница >>