girniy.ru 1


ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНДІК ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТӘЖІРИБЕСІН ТАЛДАУ


Г.К.Ордабаева


ҚазҰАУ, Алматы қ.


Бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың өлшемінің көрсеткіштері жоғары оқу орындары түлегінің өзгеретін ортаға, қоғамға тез бейімделе алуы, түлектің жаңа мамандықтарды меңгеруге уақыт пен күш шығармай еңбек ете алатын сабақтас салалардың саны, дұрыс басқару шешімдерін қабылдау қабілеті және жүйелі түрде басқару дағдысының болуымен анықталады [1].

Жоғары оқу орны жұмыстарының нәтижесі – білім алушылардың кәсіптік білім беру оқу бағдарламаларына сәйкес білімдері сапасымен анықталса, ал мамандарды даярлаудың сапалық өлшемі – мемлекеттік жалпыға білім беру стандартындағы біліктілік талаптарымен анықталған теориялық дайындық деңгейі арқылы бағаланатын маманның кәсіби құзыреттілігі болады.

Ғалым Б.Т.Кенжебековтың пікірінше, «жоғары білімді маманның кәсіби құзіреттілігі сол маманның жеке тұлға ретіндегі қасиеттерінің және ішкі психикалық жағдайларының күрделі жүйесі, оның кәсіби қызметі мен қабілетін іске асыру дайындығына, былайша айтқанда, іскерлігі мен мүмкіндігіне сай жұмыс істеу қажеттілігінен келіп шығады» - деп айтылады [2].

Бұл мәселелерді шешу үшін студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру жолдарын, олардың бойында өзіндік еңбек дағдысын дамытуда, шығармашылық белсенділігін және ынта-ықыласын тәрбиелеуде оқытушылардың жауапкершілігін арттыру керек.

Өзіндік жұмыстар студенттердің танымдық және кәсіби іс-әрекеттеріне қызығушылығының дамуына, білімдерін тереңдетуге, кәсіби біліктіліктері мен дағдыларының қалыптасуына мүмкіндік беріп, студенттің өз бетімен игеру арқылы алатын білімінің сапасына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да еліміздің жоғары оқу орындарында өзіндік жұмысты жаңаша, тиімді ұйымдастыру – бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отыр.

Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда болашақ маманды кәсіби бағытта даярлаудың, жоғары оқу орнының оқыту мақсаты мен пәнді оқыту мақсатының талаптары ескерілуі тиіс. Сондықтан студенттердің танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға әсер ететін әдістемелік тәсілдер мен стимулдарды жасауда студенттердің өзіндік жұмысын қандай да бір жүйе ретінде қарастыру қажет. Жүйе – белгілі бір тұтастықты құрайтын өзара байланысқан және өзара әрекеттесетін элементтердің жиынтығы [2].


Т.Т.Ғалиев жүйені «қойылған мақсатқа жету үшін қарастырылатын заңдылықпен байланысқан және өзара әрекеттесетін элементтердің жиынтығы» деп нақтылайды [3].

Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруға мынандай негізгі дидактикалық талаптар қойылады:


  1. студенттердің өзіндік жұмыс жүйесі негізгі дидактикалық міндетті шешуге, яғни студенттердің танымдық қабілеттіліктерін дамытуға, өздігінен білім алу, оны кеңейту және тереңдету, практикада қолдана білуге ықпал ету керек;

2)жүйе - теория мен практиканың байланысының, түсініктілік пен жүйелілік, саналылық пен шығармашылық белсенділігінің, жоғары ғылыми деңгейде оқыту қағидаларының талаптарына сай болу керек;

3) Жүйе құрамындағы жұмыстар түрлі біліктіліктер мен дағдыларды қалыптастыру үшін оқу мақсаты мен мазмұны жағынан әр алуан болуы тиіс [4].

Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру барысында оқытушыларда кездесетін қиындықтарды мұқият зерттеу, бізге, бұлардың көпшілігі оқытушының кәсіби шеберлік деңгейімен тығыз байланыста деген қорытындыға келуге мүмкіндік берді.

Сонымен бірге зерттеу барысында, өте тәжірибелі оқытушылар, студенттерді өзіндік жұмысқа мақсатты бағытта оқытуды жүзеге асыруда, өзінің педагогикалық іс-әрекеті барысында ешқандай қиындық байқалмайтындығы анықталды. Осы мақсатта олар әртүрлі тәсілдерді қолданады:

- мәтіннің мағыналы өңделуі, оқу материалы көлемінің көбеюі, ондағы алғашқы идеяны, қағидаларды, заңдылықтарды айқындау, тапсырмалардың жалпылама шешілу тәсілдерін меңгеру, студенттердің белігілі -бір түрдегі тапсырмалар жүйесін жасауы;

- оқу және тыңдау мәдениеті, қысқа және ең тиімді жазба тәсілдері (көшірмелер, жоспарлар, тезистер, конспектілер, аннотация, реферат, пікір, жалпы кітаппен жұмыс әдістері);

- есте сақтау (оқу материалын құрастыру, мнемотехниканың ерекше әдістерін тірек ретінде бейнелі және есту жадтарына қолдану);

- өзіндік бақылаудың әр түрін қолдануда, өз жұмысын кезеңмен бақылауда, тексеру «бірліктерін» айқындауда, біркелкі тексеруде және т.б. шоғырлауға назар аудару;


- қосымша ақпараттар іздестіру (интернет, библиографиялық материалдармен, анықтамалармен, каталогтармен, сөздіктермен, энциклопедиялармен жұмыс) және оны үй кітапханасында сақтау;

- емтихандарға, сынақтарға, семинарларға, тәжірибелік және зертханалық жұмыстарға дайындық;

- уақытты тиімді ұйымдастыру, уақыт шығыны және есебі, еңбек пен демалысты, қиын ауызша және жазбаша тапсырмаларды, еңбек гигиенасының жалпы ережелерін (режім, серуен, жұмыс орнындағы тәртіп, оның жарықтануы және т.б.). орынды орындау.

Біз, ой еңбегін ұйымдастырудың жалпы әдістерін, сонымен бірге, оқу жұмысының, мысалы, мәтінмен жұмыс жасаудағы, нақты тәсілдерін келтірдік. Осы айтылғандардың қалыптасуы, негізгі алғышарттардың бірі ретінде және сонымен бірге басқа да оқу пәндерінде студенттердің өзіндік жұмысының негізі ретінде қызмет етеді.

Бұл жағдайда, студенттердің өзіндік жұмысы аудиториялық жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру оқу іс-әрекеттерінің теориясына негізделеді. Әсіресе, бұл сыртқы бақылаудан өзіндік бақылауға өтуге және байланысына, сонымен бірге, ішкі бағалаудан өзіндік бағалаудың және оқытушы тарапынан бағалануының қалыптасуын болжайды. Сәйкесінше, студентте жұмыстағы шынайы өзбетінділік қабілетінің қалыптасуы мүмкін бе деген сұраққа болымды жауап алу, оқытушылар мен оқушылардың бірлесіп әрекет етуіне, олардың бұл жұмыстың өзіндік іс-әрекет түрлерінің ерекшелігін сезінуіне, субъектіге қоятын талаптарға сай болуына және оған интеллектуальды қанағат беруіне байланысты.

Жоғары оқу орындарында студенттердің өзіндік жұмысын оқыту бағдарламасының болуы қажет пе деген сұрақ, бұл бағдарламада не болуы керек екендігін белгілеуге мүмкіндік берді:

- білімгерлердің жеке танымдылық қажеттілігін кеңейтуде, тереңдетуде, жоғары оқу орнында алған біліміне диагностика қою;

- өзінің интеллектуальды, жеке тұлғалық және физикалық мүмкіндіктерін анықтау, әсіресе оқу орнынан бос уақытын дұрыс бағалау;

- өзіндік жұмыстың мақсаттарын анықтау — таяу және қашықтағы, яғни танымдылық қажеттілікті қанағаттандыруда ол қажет пе сұрағына жауап беру;


- зерттеу объектісін білімгерлердің өз бетінше таңдауы және өзі үшін таңдау себебін негіздеу;

- ұзақ мерзімді және таяу уақыттағы өзіндік жұмыстың нақты жоспарын жасау;

- өзіндік бақылау уақыты мен формасын анықтау.

Белгілі оқыту технологияларымен байланысты бағдарламаларды іске асыруда әрбір студент мыналарды біліп және қолдануға тиіс:

- өзіндік қабылдау және өзін-өзі бағалау технологиялары;

- өзін-өзі басқару технологиясы;

- аудиториялық сабақтардағы жұмыс технологиясы;

- студенттер еңбегін ғылыми ұйымдастыру технологиясы.

Студенттердің өзіндік жұмысын оптимальды ұйымдастыру, сонымен бірге тиімді, ойластырылған, жалықтырмайтын бақылау арқылы оның нәтижелілігін айқындау да маңызды. Бақылаудың әртүрлі әдістері мен формаларын мұқият зерттеу, олардың кеңес, коллоквиум, жеке әңгімелесу, коспектілерді оқу, жазбаша бақылау жұмыстарын тексеру, емтихан алдында тесттік сұрақтармен студенттердің білімін тексеру, мемлекеттік емтихандар, студенттердің қызығушылығын, пікірлерін және көңіл-күйлерін анықтау түрінде жүргізілетінін айқындауға мүмкіндік берді.

Оқытушылармен әңгімелесу барысында анығырақ мәліметтер алынды. Сонымен, қосымша сабақтар сабақты қандай да бір себептермен жіберген немесе білім деңгейі төмен студенттер үшін жүргізіледі. Бұл сабақтарда студенттер жіберілген сабақтары бойынша өзіндік сынақ тапсырады. Коллоквиум топтық (жазбаша немесе ауызша) бақылау жұмысы болып табылады, мұнда студенттер білімі бірнеше тақырыптар бойынша тексеріледі. Коллоквиум қорытындысы бойынша студенттер тарапынан жіберілген қателіктерге талдаулар жасалады, олардың себептері анықталады, келесі сабақтарға дайындық нұсқаулары беріледі. Жеке әңгімелесу негізінен үй тапсырмасын орындаумен байланысты. Жазбаша бақылау жұмыстары студенттерге алдын-ала ескертусіз жүргізіледі, мұның мақсаты курстың қандай да бір күрделі тақырыбы бойынша олардың білімін тексеру. Бақылау жұмысының нәтижесі топта, кафедрада талқыланады және сынақ немесе емтихан барысында ескеріледі. Компьютер көмегімен студенттерді емтихан алдында сұрау, пән бойынша жай білім деңгейін бақылауға есептелген. Алайда, компьютерлік техниканы барлық оқытушы және барлық оқыту пәндері бойынша қолданбайды. Ал мемлекеттік емтихан, қорытынды бақылаудың өзіндік формасы болып табылады.


Студенттердің өзіндік жұмысы, оқу іс-әрекетінің өзіндік формасы ретінде әрбір оқытушы тарапынан айрықша назар аударылуын талап етеді. Бұл оқытушының ұйымдастыру және басқару іс-әрекетінің маңызды екендігіне ерекше көңіл аударады және білімгерлердің оқу іс-әрекетінің шынайы субъектісі негізінде сезінуін қажет етеді.


ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


1. Кулекеев Ж.А., Пивень Г.Г., Нургужин М.Р., Каланова Ш.М., Падиарова И.П. Системы менеджмента качества организаций высшего профессионального образования. Теория и практика. – Караганда: Издательство КарГТУ, 2004. – 356 с.

2. Кенжебеков Б.Т. Жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру: пед. ғыл. докт. … автореф.: 13.00.08. – Қарағанды, 2005. – 40 б.

3. Галиев Т. Системный подход к интенсификации учебного процесса. – Алматы: Ғылым, 1998. – 303 с.

4 Лернер И.Я. Дидактические основы методов обучения. – М.:Педагогика, 1981. – 185 с.