girniy.ru 1 2 3 4
ӘОЖ 94(574): 339.543 «1868-1917» Қолжазба құқығында



БАТТАЛОВ ҚАЙРАТ ҚАНАТҰЛЫ


Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу және даму тарихы (1868-1917 жж.)


07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)


Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2008


Жұмыс С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің Отан тарихы кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Жұмашев Р.М.


Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Абилов Қ.Ж.


тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Абдрахманова Б.М.


Жетекші ұйым ҚР БҒМ-нің Р.Б. Сүлейменов

атындағы Шығыстану институты


Диссертация 2008 жылдың « 01» қарашасында сағат 14-00-де Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас ғимарат, № 1 кеңейтілген дәрісхана) жанындағы БД 14.50.12 біріккен диссертациялық кеңесінде қорғалады.

Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы «__» ___________ таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, т.ғ.д., профессор Т.Ә. Әлімбаев

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстанның тәуелсіздікке жетуі, саяси-экономикалық либерализация, елдің нарықтық даму жолына тұрақтауы мемлекеттің нарықтық экономика талаптарына сәйкес құрылымдарын дамыту қажеттілігін тудырды. Елімізде болып жатқан күрделі, ауқымды өзгерістер тұсында өзінің табиғи қызметі бойынша нарықтық қатынастардың жетелеуші институттарына негізделу қажет. Осындай мемлекет өміршеңдігі деңгейіндегі маңызға ие қазіргі құбылысқа - кедендік іс жатады. Егер де, қазақ даласының Ресей империясының қоластындағы кезеңде аталған сала белгілі бір дәрежеде дамып, кең таралса, жетпіс жылдық кеңестік жүйенің қоластында болған елде орталықтанған, жоспарлы экономика жағдайында аталған құрылымдардың маңызы мен қызметі шектелді. Сондықтан, Қазақстан үшін толық таным болмаған даму жолының айнымас құрылымдарын, құбылыстарын түсініп, қолдана білу үшін оның тарихи тәжірибесін зерттеу қажет.


Бүгінгі күні ғылыми айналымға қосылуға тиісті мұрағаттық және басқа да деректер Ресей империясының аймақтағы кедендік саясаты отарлау саясатының құрамдас бөлігі болып, оның жалпы отарлаушылық мүдделермен үндестігі, ортақтастығы, аймақтағы кедендік құрылымдардың Ресей үшін өлкедегі экономикалық мүдделерінің қорғау құралына айналғаны туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Сондықтан, Қазақстандағы Ресейдің отаршылдық экономикалық саясатының бейнесін толыққанды ашып-көрсету үшін отандық тарихтың өзекті мәселелер қатарына жататын өлкедегі кедендік іс тарихына ден қойып, арнайы зерттеудің қажеттілігі туындады.

Ресей Батыс Қытаймен шекаралас шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстан өлкесіне тек ХІХ ғасырдың ортасында әскери-саяси әрекеттерді жүзеге асыру барысында өз билігін орнатты. Кедендік құрылымдар Ресей үшін аймақтағы маңызды ішкі және сыртқы саяси міндеттерді шешудің, аймақты шаруашылық игеруді жеделдетудің, оны ресейлік капитализм шеңберіне қосудың құралына айналды. Осы геосаяси жағдайы қиын аймақта көршілес Қытаймен қарым-қатынастың негізгі қағидалары қалыптасты. Бұл орайда, Ресей империясының Қытайдың Шыңжаң аймағында геосаяси мүдделерінің ерекше маңызын, оның ресейлік мануфактуралық тауарларды өткізудің нарығы ретінде қарастырған капиталисттік топтар үшін экономикалық маңызын атап өту керек.

Геосаяси фактор ресей кедендік саясатының Батыс Қытайға көзделген бағытына маңызды әсер етті. Кедендік бақылауды орнату, өз мүдделеріне сай кедендік баждардың мөлшерін және жеңілдіктер сипатын реттеу - сауда-экономикалық қатынастар тарихының ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан, Орта Азия және Батыс Қытай аймақтарын дүние жүзінің кедендік мәселелері геосаяси сипатқа ие болған аймағы ретінде бағалауға болады. Осының барлығы тарихи ретроспективадағы патша үкіметінің кедендік саясатының аймақтық мәселелерін, кедендік құрылымдар тарихын көтеруге, Ресейдің аймақтағы кедендік саясаты мен осы саясаттың құралы ретінде қалыптасқан кедендік қызметтің қалыптасу және даму тарихын қазіргі тарихи ғылымның өзекті мәселелері қатарына қоюға негіз болды.


Диссертациялық зерттеу объектісі – кедендік функцияларға бөленген билік органдары мен кедендік құрылымдар болып табылады.

Жұмыстың зерттеу пәніне - Қазақстан территориясында 1868-1917 жылдар аралығында кедендік саланың қалыптасу және даму үдерістері жатады.

Тақырыптың зерттелу деңгейi. Отандық және ресейлік тарихнамада Қазақстан территориясындағы кедендік ісінің тарихы мәселелеріне арналған ауқымды арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Бірақ, мәселеге жанама байланысы бар мәселелер төңірегінде зерттеулер баршылық. Кедендік іс тарихнамасының ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХІ ғасырдың басын қамтуына байланысты оны оқшаулап, топтастыру жөн: бірінші кезең - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы (революцияға дейінгі тарихнама), екінші кезең - ХХ ғасырдың 20-шы және 80-ші жылдарының аяғына дейінгі аралық (кеңестік тарихнама), үшінші кезең - 90-шы жылдардың басы мен бүгінгі күнге дейінгі зерттеу жұмыстарын (посткеңестік тарихнама) қамтиды.

ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Ресейде кедендік мәселелерге арналған зерттеулер болмаған еді. Мәселеге зерттеушілік ынта Ресейдегі түбегейлі экономикалық реформалар кезінде туындаған болатын. Осы кезеңдегі ресейлік өнеркәсіпті дамытудың қажеттілігі сыртқы сауда саясаты мен кедендік тарифтер мәселесін қайта қарастыруға итермеледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында протекционизм мен фритредерлік саясат жақтастары арасындағы қарама-қайшылықтар өрши түсіп, А. Смит пен Ф. Лист еңбектерінде негізі салынған екі ағым арасында жоғары саяси-биліктік орта мен қоғамдық санадағы үстемдік үшін бақталастық кезеңі басталады. ХІХ ғасырдың орта шенінде Е. Осокиннің, Д. Толстойдың, С. Никольскийдің еңбектері жарық көреді [1]. Аталған жұмыстар зерттеу деңгейі бойынша төмен, бағыттылығы бойынша Еуропалық Ресейдің аумағын және оның батыс елдерімен кедендік қарым-қатынасын қамтитын еңбектер болатын.

Ал, кедендік саясат мәселелерін зерттеуге ресейлік қоғамдастық тарапынан ғылыми қызығушылықтың алғашқы толқыны ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіне жатады. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары басталған ресейлік өнеркәсіпті дамытудың жолдарының ізденісі кедендік мәселелерді ғылыми зерттелу қажеттілігін тудырды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында кедендік саясаттың жағдайына және тарихына байланысты көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Олардың қатарына - К. Лодыженский, Д.И. Мен­де­леев, И.М. Кулишер, М.Н. Соболев, Н.Н. Шапошников, Е.Ф. Брандт, П.Б. Струве және В. Витчевскийдің еңбектері жатады [2]. Осы авторлардың еңбектерінде экономика мен сыртқы сауда мәселелерімен тығыз байланыста кедендік іс дамуының негізгі бағыттары қарастырылады, оның арнайы-саяси маңызы туралы айтылады. Бұл бір жағынан кедендік саясат тарихы бойынша зерттеулердің бағыттылығын, сыртқы сауданы тарифтік реттеудің теориясы мен тарихы мәселелеріне ерекше назарды белгіледі. Басылымдардың бірқатары кедендік саясаттың (меркантелизм, фритредеризм, протекционизм), негізгі «кедендік шараларды» жетілдіру үрдісі мен мазмұнына олардың әсері негізінде жатқан экономикалық концепцияларды сараптаумен байланысты болды. Алға қойылған көптеген зерттеу мәселелері бүгінгі күні де өзекті болып келеді. Аталған еңбектерден ерекше - Д.И. Менделеевтің еңбегі. Ғалым 1891 жылғы кедендік тарифті жасауға тікелей қатысқан тұлға. Ғалымның теориялық ізденістерінің жеке саласы ретінде кедендік саясаттың «тәжірибелік жағы» - сыртқы сауданы кедендік-тарифтік реттеу болды. Д.И. Менделеевтің «кедендік мәселелерге қатысты ғылыми мұрасы», саланың дамуына ғалымның қосқан үлесі көпке дейін оның ғылымның химия саласындағы еңбектерінің, ғылыми ашуларының көлеңкесінде қалды. Алайда, соңғы онжылдықтарда ғалымның «кедендік мұрасына» ғылыми қызығушылық өсе түсіп, арнайы зерттеулер де туындады.


Ресей-қытай саяси-экономикалық қатынасар мәселесіне арналған революцияға дейінгі еңбектер қатарына Х. Трусевич, Абаковский, В.В. Птициннің еңбектері жатады. Бұл жұмыстарда көлденең түрде кедендік мәселелер де шолып өтілген. В.В. Птицин өзінің «Селенгинская даурия» атты еңбегінде мұрағаттық құжаттар негізінде Кяхта саудасының барысын, ондағы кедендік мәселелерді қарастыра отырып, оны Батыс Қытаймен шекаралас аймақтардағы саудамен салыстырады, оның Кяхта саудасынан тиімділік артықшылықтарын атап өтеді. Ресей империясының Түркістан өлкесінің көршілес елдермен саудадағы орыны мен рөлін, осы орайда кедендік тарифтердің бірқатар мәселелерін қозғаған А.Ф. Губаревич-Радобыльскийдің еңбегі де құнды [3].

Революцияға дейінгі кедендік іс мәселесі төңірегіндегі еңбектерді сараптай келе, бұл мәселеге қызығушылық тарихи дамудың революцияға дейінгі кезеңінде Ресей үшін қалыптасуына қоғамның әртүрлі таптары, оның ішінде өнеркәсіптік-қаржылық топтар әсер еткен кедендік саясат стратегиясын анықтауда дағдарыс пен өрлеудің сәйкес болуымен шартталғанын атап өту қажет. Әрине, кедендік мәселелерге арналған бірқатар көлемді және беделді зерттеулердің орын алуына қарамастан, осы зерттеулерде Ресейдің Қазақстан территориясындағы кедендік іс мәселесіне назар аударылмайды, жұмыстардың басым бөлігі Ресейдің жалпы кедендік саясат пен кедендік жүйенің даму мәселелеріне арналған және негізінен оның еуропалық шекарадағы кедендік тәжірибесін қамтиды. Сонымен қатар, кедендік мәселенің тарихнамасында ғылыми зерттеу объектісі ретінде басым түрде кедендік саясат, кедендік тарифтер мәселелері қарастырылады, нақты кедендік құрылымдардың, институттардың тарихы жанама түрде зерттеледі.

Ресейлік тарихи ғылымның дамуының кеңестік кезеңі кедендік іс пен кедендік саясат мәселелеріне қызығушылықтың төмендеу кезеңі ретінде сипатталады. Жеке меншік пен жеке сауда мәселелеріне біржақты жағымсыз көзқараста болған кеңестік идеалогия сауданы реттеу мен бақылаудың құралы болған кедендік институттардың да рөлін төмендетуге тырысты. Шартты түрде кедендік іс мәселелеріне арналған кеңестік тарихнаманы үш кезеңге бөлуге болады: 1 кезең – 1917-1930-шы жылдардың ортасы аралығы; 2 кезең – 1930-шы жылдар ортасы мен 1950-ші жылдардың ортасы; 3 кезең – 1950-ші ортасы мен ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы.


20-шы жылдары революцияға дейінгі кезеңнен кедендік саясат мәселелері бойынша еңбектерімен белгілі ғалымдар өздерінің белсенді зерттеу қызметтерін жалғастырды. 1933 жылы Қытай мен Жапонияның кедендік саясатына арналған жеке мақалалар бар «Шығыс елдерінің кедендік саясаты» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Бүгінгі күнге дейін өзінің түрі жағынан ерекше, жалғыз болып келетін басылымда көп дәрежеде халықаралық экспансия әсерімен дамып келе жатқан шығыс елдерінің кедендік саясатының спецификасы туралы тарихи материал жүйеленді. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы барлық ғылыми публикациялар тарихнаманың «бұрынғы мектебіне» сай академизмнің болуымен және теорияға ерекше назармен сипатталады. Әрине, ресейлік кедендік саясаттың аймақтық нұсқаларының мәселелері бұл еңбектерде қарастылмаған. Біршама қызығушылықты Ресейдегі кедендік істің тұрақталу үдерісін еуропалық елдердегі аналогиялық үдеріспен байланыстырып қарастырған И.М. Кулишердің еңбектері, ресейлік тарихнамада кедендік саясат мәселелерін марксисттік методология негізінде жазған С.А. Покровскийдің жұмысы да тудырады [4].

Кеңестік тарихнаманың үшінші кезеңі ресейлік және отандық тарихшылар тарапынан мәселеге біршама қызығушылықтың жандануымен ерекшеленді. Кедендік сала тарихы орыс-қытай экономикалық, дипломатиялық байланыс­тары, патша үкіметінің сауда саясатының тарихы, шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму тарихы, патша үкіметінің және Цинь биліктерінің Орта Азиядағы саяси қарым-қатынастары аясында қосалқы түрде өрбіді. Ресейдің Қытаймен шекара бойындағы кедендік саясатының кейбір тұстары ажыратылған тарихи зерттеулердің жеке бағыты – екіжақты орыс-қытай экономикалық байланыстарының тарихы бойынша зерттеулер болды. Кедендік мәселелерді ең көлемді қарастырған М.И. Сладковскийдің зерттеуі болып табылады [5]. Сыртқы сауданың статистикасының негізінде ол алғаш рет екіжақты қатынастар қарқын көрсетіп, XVIII-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы орыс-қытай саудасын реттеуге қолданылған ресейлік кедендік тарифтер сипаттамасын береді. Кедендік саясат мәселелеріне арналған зерт­теулермен қатар кедендік саланың, құрылымдардың тарихына арналған зерт­теулер туындады. Бұл бағытта Л.Н. Марковтың жұмысын атауға болады [6].


Орыс-қытай сауда-экономикалық байланыстар тарихнамасының бір ерекшелігі – екі ел арасында саудадағы басты сауда бағыты болған Кяхта саудасы мен Кяхтадағы сауда-кедендік мәселелерге арналған зерттеулер басымдық танытты. Аталған зерттеулер орыс-қытай қарым-қатынастарының жалпы, ортақ тенденцияларын анықтау, салыстырмалы түрде сауда бағыттарының маңыздылығын айқындау үшін қажет. Кеңестік кезеңде осы бағытта Е.П. Силин, Н.Е. Единархова, Ш.Б. Чимитдоржиев, А.Н. Хохлов және тағы басқалар зерттеулер жүргізді [7].

Осы кезеңдегі отандық тарихнамада да жалпыкеңестік тарихи ғылымға ортақ үдерістер жүріп жатты. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы аймақтық экономикалық мәселелерге қызығушылықтық өсуі В.С. Кузнецовтың, Э.М. Мамедованың зерттеулерінің туындауына негіз болды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы патша үкіметінің өлкедегі сауда саясаты, орыс-қытай қарым-қатынастары, керуендік сауда тарихы, аймақтық тарих мәселелері секілді отандық тарихтың өзекті мәселелеріне арналған еңбектер жарық көрді. Шыңжаңдағы 1871-1881 жылдардағы саяси жағдайға қатысты орыс-қытай қарым-қатынастары аясында сауда мүдделерін қозғайтын А.К. Сүтееваның ғылыми диссертациясы әзірленді. Қазақстандағы Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік мәселелерді жанама қозғаған Ж.Қ. Қасымбаевтың, Н.А. Алдабекованың мақалалары жарық көрді [8].

Кеңестік тарихнаманы сараптай келе, кедендік сала тарихы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналған ірі еңбектері туындаған жоқ, ал оның ішіндегі Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік істің тарихы осы кезеңде аймақтық орыс-қытай саудасының тарихын зерттеу тұрғысынан жанама түрде қозғалып, яғни арнайы зерттеу жұмысының объектісіне айналмады деген қорытынды жасауға болады.

Кеңестік кезеңде басталған Ж.Қасымбаевтың Ресей империясы мен Қытай арасындағы Шыңжаң арқылы сауда байланыстары бойынша зерттеулері отандық тарихымыздың жаңа кезеңінде де жалғасты. Ғалым кедендік мәселелерге арналған ізденістерін «Казахстан – Китай: караванная торговля в ХІХ – начале ХХ веков» атты еңбегінде жариялады. Еңбектің бір бөлімшесін автор Семей кедендік аймағының құрылу және қызмет ету тарихына арнайды. Автор Қазақ КСР-ның Орталық мемлекеттік мұрағатының тың деректерін алғаш рет айналымға енгізе отырып, өлкедегі кедендік құрылымдарды ұйымдастыру үдерісін, олардың қызметінің деңгейін және орыс-қытай саудасындағы рөлін айқындауға тырысады. Ж. Қасымбаевтың еңбектерімен қатар Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі тарихнамасында қазақ даласы арқылы орнаған орыс-қытай сауда байланыстары аясында зерттеулер де туындаған болатын. Олардың негізгілері – С.Б. Кожированың және В.В. Галиевтің зерттеулері еді. В.В. Галиевтің зеттеу жұмысында өлкедегі кедендік саланың қалыптасуы мен дамуының тарихына бір бөлімше арналады. Автор Ж.Қ. Қасымбаевтың алдыңғы кездегі тәжірибесіне негізделе отырып, мәселенің ауқымын кеңейтуге тырысады. Автор ғылыми айналымға бірқатар еңбектерді, дерек көздерін қосады. Отандық тарихнамада қазақ-қытай қарым-қатынастары аясында өзара экономикалық байланыстар тақырыбын көтерген Н. Мұхаметханұлының еңбегін, К.Ш. Хафизованың Орта Азиядағы қытай дипломатиясына арналған зерттеу жұмысын атап өту қажет. Сонымен қатар, отандық тарихнаманың соңғы жылдарында Қазақстандағы кәсіпкерлік тарихы бойынша Қ.Ж. Абилов, мемлекеттік басқару мекемелері бойынша Б.М. Абдрахманова, Қазақстанның кедендік ісінің тарихына арналған А.И. Шалтықов, Н.Х. Тілемесов еңбектері туындады [9].


Ресейде 90-шы жылдары көптеген жылдардағы үзілістен соң ресейлік кедендік сала тарихы бойынша арнайы зерттеулер жарық көрді. Кедендік істің қазіргі тарихнамасы қоғамның барлық салаларындағы түбегейлі өзгерістер аясында дамыды. Ресейде кедендік мәселелерді В.А. Моисеев, А.Д. Воскресенский орыс-қытай қарым-қатынастарының дипломатиялық тарихы, В.С. Мясников, В.Г. Дацишен орыс-қытай шекарасын қалыптастыру тарихы шеңберінде қарастырды [10].

Қазіргі кезде ресейлік тарихнамада ресейлік протекционизм тарихы бойынша арнайы зерттеулер жүргізілуде. Л.В. Куприянованың монографиясында ХІХ ғасырдың 40-80 жылдар шеңберіндегі үкіметтің «өнеркәсіптік-кедендік протекционизм» саясатының маңызды жақтары, экономикалық курстың жалпы және жеке тұстары, оның қалыптасуы кезіндегі ірі капитал мен биліктің өзара әрекеттестігі, ресейлік буржуазияның салалық және аймақтық топтары арасындағы күресі зерттеледі. Кедендік іс тарихын зерттеуге Ю.Г. Кисловскийдың монографиясы арналған. Бұл еңбек кедендік істің туындау кезеңінен ХХ ғасырдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Соңғы онжылдықтың бірқатар зерттеулері ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің кедендік саясатына арналған. Олардың арасында жалпыресейлік мәліметтер негізінде жасалған В.Н.Крихунов, Я.В.Бутовтың еңбектері бар. Осы кезеңде Ресейдің мерзімді басылымдарында, әртүрлі ғылыми журналдарда кедендік жүйе мен кедендік саясат мәселелеріне арналған бірқатар мақалалар жарық көрді. Олардың қатарына И.И. Мушкет, Н.П. Обухов, Р.А. Марченко, Е.М. Смирнованың мақалалары жатады [11]. Алғашқы онбесжылдық посткеңестік тарихнаманың сараптамасы кедендік іс пен саясаттың өзіндік «идаралық тарихнамасының» қалыптасуы туралы қорытындыға итермелейді. Идаралық тарихнама зерттеулерінің жалпы сипаты - оның «еуропоцентризмдік» бағыттылығы болып табылады. Тіпті аймақтық мәселелер Орталық Ресейдің мысалында ашып көрсетіледі. Ортаазиялық өлкедегі кедендік іске қатысты материалдар жоқтың қасы. Идаралық зерттеулермен қатар, соңғы жылдары тарихи ретроспективті сараптамаға негізделген Ресейдің аймақтық кедендік саланың және саясатының тарихына арналған күрделі зерттеу жұмыстары да туындауда. Олардың қатарында біздің зерттеу жұмысымызға географиялық жағынан жанама қатысы бар Н.А. Беляеваның және И.В. Переслегинаның [12] зерттеулерін атауға болады.


Отандық тарихнамада патша үкіметінің өлкені отарлаудың саяси, әскери және қоныстандыру шараларын зерттеуге басым назар бөлінсе, оның экономикалық тұстары толыққанды зерттелген емес. Сонымен қатар, отандық және ресейлік тарихнамада өлкедегі ресейлік мемлекеттік мекемелер қызметінің тарихы да толық қарастырылмаған. Ал, аймақты экономикалық отарлау саясатының маңызды құралы - кедендік қызмет бойынша арнайы зерттеу жұмыстары жоқтың қасы, мәселе төңірегі жанама зерттеулермен: Ресейдің жалпы кедендік саясаты мен кедендік сала, сауда-экономикалық байланыстар, орыс-қытай саяси-дипломатиялық қарым-қатынастар тарихына арналған еңбектермен шектеледі деп қорытуға болады. Бұл зерттеулерде Қазақстан территориясындағы 1868-1917 жылдар аралығындағы кедендік іс тарихы зерттеу объектісі болмағандықтан, мәселе күрделі және негізделген саралаудан өткен жоқ.

Зерттеу жұмысының мақсаты - 1868-1917 жылдар аралығында Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу мен дамуын нақты, кешендi әрi жан-жақты тарихи тұрғыда зерттеу болып табылады.

Осы мақсатқа жету бірқатар зерттеу міндеттерін шешу арқылы жүзеге асырылады:

- өлкедегі кедендік саясаттың жалпыресейлік кедендік саясаттағы тенденцияларымен байланысын, спецификалық ерекшеліктерін, оның сипатын айқындаған экономикалық және геосаяси себептер жиынтығын анықтау;

- 1876-1890 жылдар аралығындағы жаңа теорриторияларда жергілікті әкімшіліктері тұсында кедендік функциялардың жүзеге асу деңгейін сараптау;

- орыс-қытай келісімдеріндегі кедендік-тарифтік мәселелердің реттелу ерекшеліктерін, оның саяси-экономикалық аспектілерін айқындау;

- аймақтағы кедендік құрылымдарды қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету деңгейін зерделеу;

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың атқарған қызметін зерттеу.

Зерттеудің деректік негізі
. Қазақстан территориясындағы кедендік ісінің тарихына байланысты деректерді отандық ғылымда қалыптасқан классификация бойынша топтастыруға болады.


Халықаралық-құқықтық сипаттағы заңнамалық дерек көздеріне Ресей мен Цин империясы арасындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы шекараны, сауда барысын, кедендік сала бойынша істерді реттеген және болашақтағы кедендік істі, кедендік құрылымдардың қызметін ұйымдастыруда заңнамалық-нормативтік актілерге негіз болған келісімдер - 1851 жылғы Құлжа сауда келісімі, 1860 жылғы Пекин келісімі және оның қосымша келісімдер - 1862 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы құрлықтық саудасының ережелері, 1864 жылғы Шәуешек протоколы, 1869 жылғы «Ресей мен Қытай арасындағы құрлықтық саудасының жаңалған ережелері», 1881 жылғы Петербор келісімі жатады. Сонымен қатар, заңнамалық деректер қатарына жоғары деңгейдегі өлкенің кедендік саласына қатысты жарияларған қаулылары, жарлықтары, бұйрықтары кіреді. Кедендік істің құқықтық негіздемесіне қатысты деректерді «Ресей империясының толық заңдар жинақтарында», патша үкіметінің қаулылары мен бұйрықтарының жинақтарында, кедендік құрылымдарды ұйымдастыру бойынша заңдар мен бұйрықтардың арнайы жинақтарында, «Ресей империясының заңдар жинақтарының» кедендік және сауда мәселелеріне арналған тарауларында табуға болады.

Ал, мемлекеттік кеңестің кедендік тарифтер, сауданы жүргізу тәртіптері бойынша қабылданған заңды құжат мәтіндері жоғарыда аталған жинақтармен қатар сол кезеңдегі өлкелік мерзімді басылым беттерінде жарияланды. Мысалы, Түркістан өлкесіндегі «Туркестанские ведомости» ресми басылымында «Түркістан өлкесіндегі уақытша кедендік ережелер» және оған қосымша «Түркістан өлкесі үшін 1889 жылға арналған кедендік тариф», «Түркістан және Семей кедендік аймақтарын құру» туралы қаулы, «Түркістан өлкесіндегі Қаржы министрлігінің кедендік істер бойынша ерекше тапсырмалар шенеунігіне нұсқаулық» және тағы басқа заңнамалық деректер жарияланды. Мерзімді басылым деректеріне «Туркестанские ведомости», «Северный вестник» басылымында жарық көрген Түркістан мен Дала өлкелеріндегі кедендік істің жағдайы туралы баяндайтын мақалалар да жатады.


Статистикалық деректерге Кедендік алымдар департаменті жыл сайын жариялап тұрған «Обзор по внешней торговле России по европейским и азиатским границам» атты жинақтары жатады. Статистикалық дерек мәліметтері негізінде өлкеде саудаға қызмет көрсетудегі басты кедендерді айқындауға, көршілес аймақ кедендерімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Батыс Қытаймен шекаралас Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасуы мен дамуының тарихына байланысты қалың іс жүргізушілік деректер қабаты – негізінен мұрағаттарда шоғырланған. Мұрағаттық деректер арасында аталған дерек көздерінің барлық түрлерін кездестіруге болады, алайда, ең кең тарағандары – іс-жүргізушілік дерек түрлері.

Батыс Сібірдің генерал-губернаторының, Томск губерниясы және Семей облысының губернаторларының сауданы дамыту бойынша зерттеу экспедициялары, олардың патшаға тапсырған жылдық есептемелері, мәліметтерді жинақтау шаралары, Уградағы консулдың Батыс Сібірдің басты басқармасына жіберген мәліметтері Омбы облысының мемлекеттік мұрағатында (ООММ) «Батыс Сібірдің басты басқармасы» атты №3 қорда сақталған. Бұл қордың материалдарымен жұмыс істеу көптеген қиыншылыққа тап болды. Бұл қордың зерттеу үшін маңызды істеріне мемлекеттік құпия таңбасы басылып, ғылыми қауымдастық қолына берілмей отыр.

Кедендік мәселелер төңірегіндегі дерек көздерінің келесі бір көлемді бөлігі Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағатында (ҚР ОММ) шоғырланған. 1881-1883 жылдардан бері Дала генерал-губернаторлығының құрамына енген Семей және Жетісу облыстарындағы жергілікті әкімшіліктерге артылған Батыс Қытайдан келетін шайдан баждарды жинақтау және сауда барысын бақылау бойынша кедендік функцияларды жүзеге асыруға қатысты «Дала генерал-губернаторының кеңсесі» атты көлемді № 64 қордың, «Әскери министрліктің Жетісу облыстық басқармасы» атты № 44 қордың істері ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарындағы кедендік істің ұйымдастырылуы мен даму тенденцияларын айқындауға ауқымды мағлұмат береді.


ҚР ОММ-ында ХІХ ғасырдың 90-шы және ХХ ғасырдың басындағы кедендік саланың жеке құрылым ретінде қалыптасу және даму кезеңіне қатысты істердің басым бөлігі «Қаржы министрлігінің Кедендік алымдар департаментінің Семей кедендік аймағы бастығының кеңсесі» атты № 800 қорда, «Қаржы министрлігінің Жаркент учаскелік кедендік басқармасы» атты №126 қорда, «Семей кедендік аймағының Жаркент кедені» атты № 720 қорда, «Қаржы министрлігінің Хоргосс кедендік заставасы (1905-1912 жж. Қаржы министрлігінің Хоргосс кедендік өтпелі пунктісі)» атты №135 қорда, «Семей уческесінің кедендік инспекторы» атты № 824 қорда жинақталған.

Әсіресе, көлемді деректік ақпарат беретін № 800 қор болып келеді. Қорда ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы кедендік істің ұйымдастырылуы мен дамуына қатысты жан-жақты мәліметтер шоғырланған, мәселенің көптеген тұстарын кешенді зерттеуге жол ашады. Осы көлемді қордың мәліметтері диссертациялық жұмыстың басты деректік негіздемесіне айналды.

Бірқатар мұрағат қорларының сауда мәселелеріне қатысты мәліметтерінің ғылыми айналымға қосылу үдерісі - соңғы онжылдық кезеңінің құбылысы. Осы орайда, мәселе бойынша біршама қызығушылықты 2004 жылы жарияланған Семей өңірінің сауда мәселелеріне қатысты құжаттар жинағы да тудырады.

Іс-жүргізушілік деректерге жоғарыда көрсетілген Батыс Сібір әкімшілігінің ұйымдастырған Балкашкин және Павлов-Сильванский зерттеу экспедицияларының материалдарымен қатар Императорлық орыс географиялық қоғамының (ИОГҚ) Батыс бөлімшесінің Батыс Моңғолиядағы сауда жағдайын, жол қатынастарын зерттеу үшін ұйымдастырған М.В. Певцов, А. Адрианов, М.А. Брещинский, М.И. Боголепов пен М.Н. Соболев, В.Л. Поповтың экспедицияларының материалдары, сонымен бірге Орыс өнеркәсібі мен саудасына қолдау жасау қоғамындағы Н.Шавровтың Ресейдің Азиямен саудасына қатысты баяндамасы жатады [13].

Жеке сипаттағы дерек көзі ретінде біршама қызығушылықты Ресейдің Батыс Қытаймен шекара мәселелерін реттеу шараларына қатысқан И.Ф. Бабковтың автобиографиялық еңбегі тудырды [14].


Қорыта келе, Қазақстан территориясындағы кедендік істің тарихы ғылыми қызығушылық тудыратын жеке деректік базаға негізделетіні, оның ғылыми қауымдастық тарапынан сарапталып, белгілі бір жүйеге келтіру қажеттілігінің туындағаны туралы тұжырым жасауға болады.

Зерттеудің теориялық-методологиялық негізін - тарихи зерттеулердің арнайы - тарихи-генетикалық, салыстырмалы-тарихи, тарихи-проблемалық және жалпы ғылыми әдістері құрайды. Арнайы және жалпы ғылыми (диалектикалық, логикалық, проблемалық және т.б.) әдістерді қолданудың ғылыми нәтижелері тарихи деректермен жұмыстың нақты әдіснамасымен айқындалады. Тарихи мағлұматты айырып алудың тәсілдерін таңдауда дерек көзіне дербес құндылығы бар тарихи ақиқат фактісі ретінде қатынасқа жүктелу жөн. Бұл зерттеу процедураларының жиынтығы деп қарастырылған тарихи герменевтика тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берді. Осындай әдістеме кедендік істің аймақтық нұсқасын жасау үрдісінің мазмұнына, объект ретінде өлке спецификасына сәйкес ұйымдастырылған кедендік құрылымның қызметіне басым көңіл бөлуге, өзінің салдары бойынша кейде ресми жария етілген мақсаттарға қарама-қайшы кедендік реттеудің аймақтағы жеке шараларын қолдану бірізділігі мен ерекшеліктеріне назар аударуға жол ашты.

Зерттеудің хронологиялық шеңберi 1868-1917 жылдар аралығын қамтиды. Жұмыста Ресей құрамына әкімшілік тұрғыдан қазақ даласының толықтай кіріп, мемлекеттік шекараның жаңа белестерде ұйымдастырылып, Орынбор және Батыс Сібір кедендік шептерінің таратылуынан 1917 жылғы революцияға дейінгі кезең қамтылады.

Зерттеудің территориялық шеңберi - Қазақстанның бүкіл территориясын қамтиды. Ресей империясының оңтүстіктегі мемлекеттік мен кедендік шекарасы Орта Азияға ілгерілеуіне байланысты оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы кедендік істі ұйымдастыру Қазақстан территориясынан тыс территорияларда, Ресейдің ортаазиялық шекараларында жүрді. Сонымен қатар, аталған хронологиялық шеңбер аясында Қазақстан территориясында кедендік істің қалыптасуы Батыс Қытаймен ресейлік мемлекеттік шекара бойымен жүзеге асқаны анықталды. Сондықтан, зерттеудің территориялық шеңберін қазіргі Қазақстанның Қытай шекарасымен шектеуге тура келді. Сонымен қатар, диссертацияда Семей кедендік аймағының құрамында болған Қос-ағаш учаскесі диссертацияда қамтылады. Учаске құрылымдары Ресей империясының Томск губерниясының мемлекеттік шекарасында орналасты, белгілі бір территориялық ауытқудың болуына қарамастан, аталған учаскені зерттеуде қамту өлкедегі кедендік саладағы ортақ тенденцияларды айқындау үшін тиімді деп ұйғарылды.


Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертацияда қазақстандық тарихнамада алғаш рет 1868-1917 жылдары Қазақстан территориясында кедендік саланың тарихы мәселелеріне кешенді, жан-жақты және объективті зерттеу ұмтылысы жасалды. Жұмыстың ғылыми жаңалығы келесідей нәтижелермен сипатталады:

- кедендік саясаттың жалпы, азиялық және аймақтық деңгейлерінің өзара байланысы, ортақ тенденциялары және спецификасы көрсетілді;

- алғаш рет кедендік мәселелердің орыс-қытай келісімдерінде реттелу үдерісі сарапталды;

- алғаш рет жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызметтің тиімділік деңгейіне баға берілді;

- Семей, Жетісу өлкелеріндегі кедендік құрылымдардың құрылу және қызмет ету мәселелеріне жан-жақты, объективті және кешенді зерттеу жүргізілді;

- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың қызметінің бағыттары, кедендік қызметті іске асыру барысындағы кездескен қиыншылықтар, жағдайлары мен шарттары, тиімділік деңгейі анықталды.

Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы. Диссертация материалдарын тарих мамандарын даярлау бойынша арнайы курстарда қосымша мәліметтер ретінде пайдалануға, «Кедендік іс тарихы» арнайы курстарын, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы бойынша курстарды әзірлеу кезінде де қолдануға болады. Сонымен қатар, жұмыста жасалған тұжырымдар мен қорытулар революцияға дейінгі ресейлік мемлекеттік мекемелердің тарихын, 1868-1917 жылдар аралығындағы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу кезінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Отан тарихы кафедрасының отырысында, сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің ғылыми семинарының отырысында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары ҚР БжҒМ БҒСБК-нің мақұлдаған 4 журналдарында, 4 халықаралық конференцияларда, 1 республикалық конференцияда, 1 аймақтық журналда мақалалар ретінде жарық көрді.


Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:


  • ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік саясатының басты бағыты ретінде аймақтық сауда байланыстарына жан-жақты жағдай жасауға мүдделі болды;

  • 1876-1890 жылдары бірқатар маңызды мемлекеттік функцияларды атқару міндеткершілігі бар жергілікті әкімшіліктер тарапынан кедендік функцияларды атқару деңгейі төмен болды;

  • өлкедегі кедендік-тарифтік саясат қағидалары орыс-қытай келісімдерінде және сауда қатынастарын реттеудің ерекше түрі – сауда ережелерінде белгіленді;

  • Қазақстан территориясында кедендік саланың орталықтанған жүйеге айналу кезеңінде (1890-1817 жж.) кедендік құрылымдарды нашар материалдық-техникалық қамсыздандыру мен әлсіз қаржыландыру орын алды, нәтижесінде бұл кедендік құрылымдардың қызметіне кері әсер етті;

  • аймақтағы ауыр географиялық-климаттық, тұрмыстық жағдай және төмен жалақы көлемі кедендік қызметке жергілікті тұрғындардың қызығушылығын тудырмады, нәтижесінде аймақ құрылымдарындағы кадрлық таңдау төмен деңгейде болды;

  • ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік істі қайта ұйымдастыру кедендік басқару мәселесін қамтып, берік бақылау жүйесін орнатуда күрделі өзгерістерге арқау бола алмады.

Диссертацияның құрылымы терминдік сөздердің түсініктемесінен, қысқартудан, кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады.



следующая страница >>