girniy.ru 1





Қазақстан Республикасы

Президентiнiң

2011 жылғы 4 наурыздағы

№ 1168

Жарлығымен

БЕКIТIЛГЕН



«Бухгалтерлік есепті автоматтандыруға және бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптарға жауап беретін автоматтандырылған

банк жүйесінің болуы туралы қорытынды беру»

мемлекеттiк қызмет стандарты


1. Жалпы ережелер


1. Бухгалтерлік есепті автоматтандыруға және бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптарға жауап беретін автоматтандырылған банк жүйесінің болуы туралы қорытынды беру жөніндегі мемлекеттiк қызметті (бұдан әрi – мемлекеттік қызмет) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының мемлекеттiк қызмет көрсететiн бөлiмшесiнiң (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет көрсететін бөлімше) мекенжайлары мен байланыс деректерi осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетiлген.

2. Көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.

3. Мемлекеттiк қызмет «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңы 30-бабының 5-тармағы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының л-2) тармақшасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының «Ұлттық Банктің бухгалтерлік есепті және бас бухгалтерлік кітапты автоматтандыруға қойылатын талаптарға сәйкес келетін автоматтандырылған банк жүйесінің бар болуы туралы қорытынды беру ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 112 қаулысы негiзiнде көрсетiледi.

4. Мемлекеттiк қызмет туралы ақпарат және осы Стандарттың мәтіні Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының үйінде тұтынушылар үшiн қолжетiмдi орында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) орналастырылған.


5. Ұлттық Банктің бухгалтерлік есепті автоматтандыруға және бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптарға жауап беретін автоматтандырылған банк жүйесінің болуы туралы қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) беру не қызмет көрсетуден бас тарту туралы қағаз тасымалдауыштағы дәлелді жауап көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтiң нәтижесi болып табылады.

6. Мемлекеттік қызмет заңды тұлғалар – екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – тұтынушы) көрсетіледі.

7. Мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмдерi:

1) мемлекеттiк қызмет тұтынушы өтініш жасаған және осы Стандарттың 11-тармағында белгiленген құжаттардың пакетi ұсынылған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн iшiнде көрсетiледi;

2) қажеттi құжаттар пакетi кезек күтпестен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшiгіне салынады;

3) қорытындыны не қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұтынушыға мемлекеттік қызмет көрсететін бөлімшенің жауапты орындаушысы кезек күтпестен почтамен жібередi не тұтынушыға не оның сенім білдірілген тұлғасына (сенiмхат негiзiнде) береді.

8. Мемлекеттiк қызмет тегiн көрсетiледi.

9. Құжаттарды қабылдау және беру жұмыс күндері сағат 13.00-ден 14.00-ге дейiнгi үзiлiспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейiн күн сайын жүзеге асырылады.

Құжаттарды қабылдау және беру кезек күтпестен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.

10. Мемлекеттiк қызмет Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының үйінде, сондай-ақ банктің банктік жүйесін сол жерде тексеру арқылы көрсетiледi.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының үйі мүмкiндiктерi шектеулі адамдарға қолжетiмдi болуы үшiн пандустары бар кiру есiктерiмен жабдықталған.


2. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбi

11. Тұтынушының қорытындыны алуы үшiн талап етiлетiн құжаттар:


1) сауалнама-өтiнiш;

2) қорытынды беру туралы еркін нысандағы өтініш;

3) автоматтандырылған банк жүйесін сатып алу туралы шарттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

4) бизнес-жоспардың нотариат куәландырған көшірмесінің бір данасы.

Жоғарыда көрсетілген барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тұтынушының бастамасымен автоматтандырылған банк жүйесін тексереді.

Қорытынды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепті автоматтандыруға және бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптар сақталған жағдайда беріледі.

12. Мемлекеттік қызметті алуға арналған сауалнама-өтініш осы Стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген нысан бойынша толтырылады. Шетел тiлiнде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкiне мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi аудармасымен ұсынылады.

13. Құжаттарды хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшiктен алуды және тіркеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының хат-хабар қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімшесі осы Стандарттың 3-қосымшасында көрсетілген мекенжай бойынша жүзеге асырады.

Хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімше сағат 09.00-ден бастап сағат 18.00 аралығындағы кезеңде әрбір екі сағат сайын арнайы жабдықталған жәшіктен құжаттарды алады. Құжаттарды алынғаннан кейін құжаттарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімше тіркейді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің басшылығына бұдан әрi мемлекеттік қызмет көрсететін бөлімшенің қарауы үшін жібереді.

14. Қорытындыны мемлекеттік қызмет көрсететін бөлiмшенің орындаушысы тұтынушыға почтамен жібередi не тұтынушыға не оның сенiм бiлдiрiлген тұлғасына (сенiмхат негiзiнде) береді.


15. Ұсынылған құжаттардың пакетi осы Стандарттың 11-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес келмесе не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепті автоматтандыруға және бас бухгалтерлік кітапқа қойылатын талаптар сақталмаған жағдайда қорытынды беруден бас тартылады.

Қорытынды алу үшiн құжаттарды қайта тапсырған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің жауапты бөлімшесіне оларды соңғы берген сәттен бастап өзгермеген құжаттар ұсынылмайды. Бұл ретте құжаттар жалпы негiзде қаралады және мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмi тұтынушының өтiнiштi және қажеттi құжаттардың пакетін қайта берген күнiнен бастап есептеледi.

Қорытынды беруден бас тарту себептерi жазылған дәлелдi жазбаша жауап осы Стандарттың 11-тармағында айқындалған құжаттарды ұсынған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн iшiнде берiледi. Жауап почтамен жiберiледi.


3. Жұмыс қағидаттары


16. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бөлімшелері тұтынушыға қатысты басшылыққа алатын жұмыс қағидаттары:

1) әдептiлiк;

2) көрсетiлетiн мемлекеттiк қызмет туралы толық ақпарат;

3) мемлекеттiк қызметтiң уақтылы көрсетiлуi;

4) тұтынушының қарауға ұсынған құжаттарының сақталуы;

5) тұтынушы құжаттарының мазмұны туралы ақпараттың қорғалуы және құпиялылығы;

6) тұтынушы құжаттарды алу үшiн келмеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң құжаттарды сақтау мәселелерін реттейтін нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген мерзiмде олардың сақталуы.


4. Жұмыс нәтижелерi


17. Тұтынушыларға мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижелерi осы Стандарттың 4-қосымшасына сәйкес сапа және тиімдiлiк көрсеткiштерiмен өлшенедi.

18. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң орталық аппараты бөлімшесінің жұмысы бағаланатын сапа және тиімділік көрсеткiштерiнiң мақсатты мәндерi жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының бұйрығымен бекiтіледi.



5. Шағымдану тәртiбi


19. Іс-әрекеттерге (әрекетсiздiктерге) шағымдану және шағымды дайындауға көмек көрсету тәртібін түсіндіруді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға жауапты бөлімшесі осы Стандарттың 5-қосымшасында көрсетілген мекенжай бойынша жүзеге асырады.

20. Егер тұтынушы қабылданған шараларға қанағаттанбайтын болса немесе мәселенi жоғары тұрған сатының қарауы талап етiлсе, онда тұтынушы шағымды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының атына не оның орнындағы тұлғаға жазбаша түрде жолдай алады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының не оның орнындағы тұлғаның атына берiлетiн мемлекеттiк қызметтi көрсету жөнiндегi шағымдар 050040, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша почтамен жіберіле немесе қолмен беріле отырып, жазбаша түрде қабылданады.

21. Тұтынушы мемлекеттік қызмет көрсететін бөлімшенің жауапты орындаушыларының iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетiлген мемлекеттік қызмет көрсететін бөлімшенің басшысына шағым жасай алады.

22. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда тұтынушының заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

23. Шағымдарды тiркеу, есепке алу және қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.

Шағымды беру кезінде іс-әрекетіне шағым жасалатын субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың қызметі, аты-жөні, өтініш жасау себебі мен талаптары көрсетіледі.

Шағымды қарау нәтижелерi туралы тұтынушыға жазбаша түрде хабарланады.

Қолмен қабылданған шағым жеке тұлғалардың өтiнiштерiн есепке алу журналында немесе заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында тiркеледi.


24. Өтініштің қабылданған күні мен уақыты, қабылдаған қызметкердің аты-жөні көрсетілген талон шағымның қолмен қабылданғанын растайтын құжат болып табылады.

25. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауы осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжай бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының үйінде тұтынушылар үшін қолжетімді орында орналастырылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесі сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады (www.nationalbank.kz).


______________________