https://electroinfo.net

girniy.ru 1





Аспанымызда ақ көгершіндер қалықтасын.


Соғыс . . . Осы бір суық сөзде қаншама қайғы мен шер, сан қилы апат, адамдардың көз жасы жатыр десеңізші . . .

Бір сәтте көз алдыңа түнерген аспан, тапталған қасиетті қара жер, өртенген дала мен қала, үзілген нәзік гүлдер мен күңіренген ну орман елестейді.

Белгілі ақын Марат Ысқақов «Соғыс аты жойылсын жер бетінен» атты дастанында:

... Бұйра түтін бұлттарына жанасқан,

Қанды қолға қарғыс айтты қара аспан,

Жер мен Көктің арасында басып жүр

Көгершіндер мекенінен адасқан, - деп жан түршігерлік адамзат трагедиясын толғана суреттеген екен.

Сонау 1941 жылдың маусымында бейбіт тыныштықты бұзып, неміс басқыншыларының аждаһадай гүрілдеген танктері, көк аспанды дүр сілкіндірген жойқын самолёттері шекара шебін бұзып өтіп, әділетсіз соғыс басталған еді.

«Отан үшін отқа түссең, күймейсің, жаның үшін алыссаң, өлмейсің», - дегендей қолына қару ұстай алатын кәрі де, жас та қан майданға аттанды.

Ұлы Отан соғысы жалпы адамзат үшін өте қауіпті еді.

Алдыңғы шепте, Мәскеу түбіндегі қанды шайқастағы қазақстандық батырлардың ерлігі «мәңгілік ерлік» дастаны іспетті.

Мұз жастанып, қар жамылып, ыстық пен суыққа төзіп, сыз окопта өмір мен өлім үшін арпалысып, ата жауына қарсы тұрып, етігімен су кешкен жауынгерлердің ерен ерліктерін халық ешқашан ұмытпайды.

Ұлтымыздың мақтанышы, Халық қаһарманы, аты аңызға айналған дарабоз батыры Бауыржан Момышұлы 28 панфиловшылар дивизиясының полк командирі көп ұлттан құралған дивизияны басқарып, соғыстың стратегиясы мен тактикасын жете түсініп, фашистерге қарсы тойтара шабуыл жасап, майдан шебін қасықтай қаны қалғанша қорғаған.

Өр кеудесін оққа төсеп, жаралы күйде сүрінсе де «жаным – арым садағасы», - деп жауынгерлерге рух беріп, жарақаттанса да қызу шайқасты басқара білді.


Осы соғыста оққа ұшып, Отаны, елі, жері, халқы үшін қаза болған қазақтың арасынан шыққан ардақты ұлдарының бірі – Төлеген Тоқтаров жау зеңбірегінің амбразурасын кеудесімен жапса, жанып бара жатқан самолётімен жаудың қару-жарақ базасын құртып,ерлікпен қаза тапқан Нүркен Әбдіровтың, мерген қыздарымыз – Әлия мен Мәншүктің ерліктері өскелең ұрпаққа мәңгілік үлгі – өнеге болары сөзсіз.

Бұл соғыс ананы баласынан, сүйген жұбайынан, ағасын інісінен, туған-туыстарынан айырды.

Германияда ауыр жұмыстарда, концлагерьде, крематорий пештерінде қаза болғандарды адамзат ешқашан ұмытпайды.

...Гүлдерін өрт шалған соң өз бағымның,

Ызамен

Осы сырды қозғады мың,

Басылмай жүргеннен соң көкіректе,

Жоқтауы жиырма миллион боздағымның, - деп қаншама адамның өмірі қиылғанын, қаншама жауынгер еліне мүгедек боп оралғанын білеміз.

Ұлы Отан соғысы – қайтпас батырлықтың, қажымас табандылықтың, қанмен, термен келген Ұлы Жеңістің мәңгілік өшпейтін шежіресі.

Менің анамның жанұясынан 2 адам соғысқа қатысқан. Нағашы атам – Дүйсенов Айтқожа Украина жерінде соғысып, жаралы болып, елге аман-есен оралған. Ал, атамның ағасы Зікірия соғыстан оралмады, қайда қаза болғаны белгісіз.

Атам соғыс туралы айтқанды ұнатпаушы еді, өйткені көп қарулас достарынан айырылған, адам өлімін, жойқын соғыстың күндерін есіне алса, көзіне жас алушы еді ...

Соғыс өрті жердің бетін шалмасын, бейбіт аспанымызда ақ көгершіндер қалықтап, ана мен бала тыныштықта ұйықтасын!

Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі құтты болсын!


Көкшетау қаласы №18 орта мектебінің

11 сынып оқушысы Бақытжан Сейдеметов