https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3


Материалы

практического семинара, проведенного 2 июня 2010 года на тему: «Некоторые проблемы переводческой деятельности»


М.Ә. МҰХАМЕДЖАНОВ


ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі

басқармасының бастығы


КІРІСПЕ СӨЗ

Кезінде Міржақып Дулатов мынадай бір пікір айтқан екен: «Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі кемшіліктің қандай екенін білу керек». Алаш ардақтысының осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын айтқан ойы қазір де аса актуальды.


Кезінде орыс тілін ғылым тілі бола алмайды дегендерге қарсы: «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, бұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көру керек», - деп М.Ломоносов айтқандай, біз де тіліміздің бар мүмкіншілігін сарқа пайдалана алмай жүрсек, оның себебін ең әуелі, өзімізден іздегеніміз жөн шығар. Өйткені «жасандылық» пен «жасампаздықты» ажырата алмайтын, «басынан бал-бұл ұшты» деп тұрақты тіркестерді қалаған жерден ұшырып, қалаған жерге қондыратын сабаздар көбейіп кетті. Ондайларға мәселені «сұрақ» деп жазғанша, басты «құлақ» деп жаза салсаңшы дегің келеді.

Міне осы ойлардың бәрі құрметті әріптестер, аудармашы қауым, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасымен бірлесе отырып сіздердің бастарыңызды қосуға жетеледі.

Бүгінгі күні аударманың қажеттілігіне ешкім күмән келтірмеуі керек. Өйткені біз мәдениетаралық коммуникация заманында әлемнің көптеген халықтарымен аралас-құралас тіршілік етіп отырмыз.

Бүгінгі семинарға мемлекеттік органдарда, мекемелерде, кәсіпорындарда, акционерлік қоғамдарда, жеке меншік кәсіпорындарда қызмет ететін аудармашылар шақырылды. Олардың басым көпшілігі бүгінгі жиынға қатысып отыр.



Қ.С.ДҮСІПБАЕВА

С. Аманжолов атындағы

ШҚМУ-дың доценті, филология ғ.к.,

қазақ тілі және әдебиеті

кафедрасының меңгерушісі


ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫН КОДИФИКАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ БЕКІТІЛГЕН СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ


Құрметті практикалық семинардың қатысушылары, бүгінгі күннің келелі мәселелері аудармаға көңіл бөлуіміз, ол тілдің қажеттілігінен туындайды. Демек қазақ тіліне деген қажеттілік пайда болды деп білеміз. Осы орайда әдеби тіл, лингвоэкология мәселелеріне тоқталамыз.

Тіл білімінің негізгі міндеттерінің бірі әдеби тілді қалыптастыру. Тілді жетілдіру – барлық адамзаттың міндеті. Сол тілдің бүгіні мен ертеңі тілді қолданушылардың өз қолында. Сондықтан тіл білімі ғылымының бір саласы ретінде соңғы кездері зерттеле бастаған лингвоэкология ғылымы осы бағытта ерекше орын алады. Себебі, лингвоэкология әлеуметтік, психологиялық, философиялық ғылымдардың тоғысында пайда болған. Бұл ғылымның қазақ тіл білімінде де кең өріс ала бастағанын Н. Уәлиұлының авторефератында көрініс тапқан.Тілдік орта лингвоэкологиялық зерттеудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдық-тілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этнопсихологиялық факторлардың жиынтығы/1/.

Лингвоэкология ғылымдағы жаңа бағыт ретінде адам мен қоғамның тілдік аясын зерттей келе, ереже мен қағида, жүйелердің қалыптасуына әкеледі, ол тек экология үшін ғана емес, тілдің дамуы мен қоршаған ортаның проблемаларын шешу мүмкіндіктері үшін қажет.

Лингвоэкология сөйлеу мәдениетінің мәселелерін қамтитын тіл білімінің бір саласы ғана емес, ол адамзаттың рухани инабаттылығын сақтай отырып, балағат, әдепсіз және тұрпайы лексикадан қорғайды. Мәдени, рухани құндылықтарды сақтаушы ретінде тілге деген қызығушылықты арттырады.


Лингвоэкологияның тағы бір ерекшелігі ол ғаламдастыруда тіл мәселесін шешуге көмектеседі. Себебі тіл - әрбір ұлттың рухани-мәдени мұрасын сақтаушы, оны келесі ұрпаққа жеткізуші.

Тілдер арасындағы қарым-қатынас пен қоғам арқылы тіл экологиясын ғылым ретінде танып білуге болады. Тіл тек сөйлейтіндердің санасында өмір сүріп, онда әлеуметтік және табиғи ортаның басқа сөйлеушілермен арақатынасында қызмет атқарады. Тіл экологиясының аздап физиологиялық табиғаты (яғни сөйлеушінің санасындағы басқа тілдермен қарым-қатынасқа түсуі), біраз әлеуметтік (яғни коммуникативті құрал болып табылатын қоғаммен қарым-қатынасқа түсуі) қызметі бар. Тіл экологиясы оны оқып үйренген, қолданып басқа адамдарға үйреткен адамдарға байланысты өмір сүреді /2/.

Эколингвистикаға қажетті бірліктер ретінде тілдер арасындағы байланыс, тілдік тұлға ретінде адам және оны қоршаған ортасы болып табылады.Сонымен қатар тіл адаммен табиғат арасындағы үздіксіз қарым-қатынас құралы ретінде қарастырылады. Тілдің қызмет атқаруы мен дамуы – экожүйе деп көрсетілсе, ал қоршаған орта – тілдік концепт ретінде танылады. Лингвоэкология тілдің дамуының объективті бет-бейнесін көрсете білуге тиіс. Оған төніп отырған қауіп жөнінде қоғамға дабыл қағып, әдеби тілдің тағдырына адамдар, қоғам тіршілік етіп отырған тілдік орта қамқорлыққа алынып, қорғалуға тиіс. Лингвоэкологияның міндеті мен қарастыратын мәселелерінің құрамына қоршаған тілдік ортаны әртүрлі ластанудан сақтау, тазалау, сондай-ақ лингвистикалық нигилизммен күрес те енеді.- деп Н.Уалиұлы тіл тазалығын сақтауды да, қазақ тілі – қазақ халқының мәдени жадын, тарихи жадын жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, оларды қайта жаңғыртушы, ұрпақ пен ұрпақтың рухани дүниесін сабақтастырушы ретінде қазақтілділердің экологиялық рухани ортасының міндеті екенін көрсетеді.

Лингвоэкологияда тіл басқыншылығы деген ұғым бар. Бөгде тіл басқындылығы ана тіліміздің тілдік ортасын тарылта бастайды. Тіл өз “үйінде”, өз “мекенінде” зардап шегеді. Бөгде тіл алдымен басқару, ақпарат, ғылым-білім саласында үстемдік етіп салтанат құрады. Мұның өзі ұлттық тілдің интеллектуалдық, танымдық, ақпараттық әлеуетін әлсірете бастайды. Жаһандық қостілділік мәселесін жас ғылым лингвоэкология шешуі керек. Бұл ғылымның басты міндеті – тілдердің нормаларын және сөйлеудің ұлттық нақышын сақтау. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша лингвоэкология мәні – ол жер бетіндегі алуан түрлілікті, соның ішінде тілдің әр түрлілігін сақтап қалуға ерекше көңіл аудару. Қазіргі таңда оның басты мақсаты – ұлттық тілдің жекелігін сақтап қалу. Барлық байланысты жоққа шығаратын пуризмға қарағанда, лингвоэкология байырғы және кірме лексика арасындағы кейбір ұқсастықтарды жоққа шығармай, қолдайды /3/.


Мұндай тіл басқыншылығы тек қазақ тілінде ғана емес барлық тілдерде де кездеседі. Мысалы орыс тілінде И.А.Стернинның айтуы бойынша 90 жылдардың басы орыс тілінің бөгде тілдердің лексикасымен араласуымен ерекшеленді. Қазіргі лингвисттердің зерттеуі бойынша күніне 300 сөз орыс тіліне енеді екен. Ол сөздердің басымы ағылшын тілінен енген. Қазақ тіліне де ағылшын тілінен сөздер көптеп енуде. Ресей ғалымдарының пікірінше әсіресе көптеген кірме лексика газет, журнал беттерінде көрінеді, сондықтан газет, журнал бетінде кездесетін мәтіндерді оқу үшін алдымен ағылшын тілін оқыту мәселесі өзекті болып келеді /4/.

Көптеген тарихи жағдайларға байланысты қазақ тіліне шетел сөздердің ауысуы дәнекер тіл орыс тілі арқылы жүзеге асты. Шетел сөздер ғылым мен әртүрлі халықаралық деңгейде іске асып жатқан шаралардың негізінде көптеп енуде екенін Исланова Анаргүл «Шетел сөздердің белгілері мен деректері» атты кандидаттық диссертациясында атап, жұмыс барысында қазақ тіліне енген шетел сөздеріне толық сипат береді /5/. Қазақ тілінде кездесетін ағылшын тілінен енген сөздер ғана емес сондай-ақ француз, герман тілдерінен енген сөздер көп. Олардың қазақ тіліне ену жолдары тіл білімінде кең көлемде зерттеліп келеді. Себебі жаһандану үдерісінде қос тілділік, көп тілділік мәселесі бүгінгі күннен бастау алып жатыр. Мысалы қазақ тілінде кездесетін француз тілі сөздерін А.К. Ахмадина «Қазақ француз қостілділігі оқу саласында үдемелі түрде дамып отыр, себебі осы тілді тұлғалар көбінесе жасанды жағдайда үйренеді.» деп қазақ француз қостілділігінің мәселелерін ашып көрсетеді /6/. Е.АШтейнер «Вопросы фонтического и грамматического освоение англицизмов и германизмов в русской разговорной речи города.» атты кандидаттық диссертациясында орыс сөйлеу тіліндегі ағылшын және герман тілдерінің бірліктерінің өзгеріске ұшырап күнделікті қолданыстағы сипатына тоқталады /7/.Сол еңбекті оқи отырып қазақ сөйлеу тіліндегі ағылшын мен герман тілдерінің элементері дәл орыс тіліндегідей өзгеріске ұшырайтынына көз жеткіземіз. Ағылшын мен герман сөздерін дыбыстық құрамдық өзгерістерімен орыс тілі арқылы қабылдаймыз. Қазақ тіліндегі шетел сөздерінің көптеп енуін Қазақстанның эканомикасының қарқынды дамуымен байланысты. Сондай-ақ халықтың ғаламторды кеңінен пайдалануын айтуға болады.Олар орыс тілі арқылы қазақ тіліне еніп тілдік қолданысқа енген ағылшын сөздері. Солардың бірқатарына тоқталатын болсақ:


Әдетте жарыспалы қолданыстар дегеніміз - «ескі» мен «жаңаның» үзеңгі қағыса қатар қолданылуы. Мысалы, финанс – қаржы, рынок – нарық тәрізді жарыспасөздер тілдік қарым-қатынас машығында сабақтастық принципі бойынша, біразға дейін жарыса жүріп, келе-келе біреуі орнығады, екіншісі өзінен-өзі қалып қояды. Сөйтіп, «табиғи» түрде тіл өзін-өзі реттеп отырады. Сонымен бірге терминкомның белсенді араласуымен біралуан жарыспасөздер тез арада нормаға түсіп, ғылым тілінің кәдесіне жарап жатады. Олардың тілдік норма үрдісіне сай келетіні немесе ауытқитын тұстарына талдау жасап отыру тілші құзыретіне жатады. Бертін келе сөздің ықшам нұсқасына артықшылық беріліп, жарыспасөздер бір сабаға түсті. Онсыз да жаңа сөз бедерлеуде «жүгі ауыр» -шы, -ші тәрізді жүрдек қосымшаларды диқан, аспаз, куә сөздеріне телімей-ақ, үнемді қолдану жақсы нышанға бағаланар жайт. Ендігі жерде әлгідей сөздерді диқаншы, аспазшы, куәгер, куәші деп талғаусыз қолдана беру қалыптасқан терминдік норманы бұзу деп танылады. Алайда өткеннен тағылым алсақ, бүгінгімізді байыптай алар едік. Бірақ, амал не, баяғы бір ізді қайта шиырлай беретін тәріздіміз. Сондағы айтайық деп отырғанымыз – инвесторшы, бітімгерші сияқты сөздер.

Сөз танитын қазақ куәгер, зергер тәрізділерге -шы, -ші жұрнағын қосақтап, куәгерші, зергерші демес еді. Осы тәрізді бітімгер сөзін бітімгерші деу жаңсақтық болар еді. Алайда қалам билігі қолына тиген журналист ағайындар бітімгер деудің орнына бітімгерші деп, құрыққа сырық жалғап жібереді: «Испанияның 1,3 мың бітімгершісі Иракты тастап шыққаны оқырманға мәлім» («Жас Алаш», 6.05.04).

Қазіргі кезде инвесторшы деген қиыс қолданыстың «бағы» жанып барады. Дұрысы инвестор екеніне ешкім дауласа қоймас, онда инвесторшы деуімізге не жорық? Баяғыда механизаторшы, комбайнершы дегенді әрең қойдырып, кезінде Мемтерминкомның араласуымен комбайыншы, механизатор деп жөнге салып жіберген еді. Беделді газеттеріміздің бірі ендігі жерде құсбегі деген сөзді місе тұтпай, құсбегіші деуіне жол болсын? Оқып көріңіз: «Мысал үшін айта кетейік, бұған дейін құсбегішілер жарысының жеңімпазына 4 мың теңге беріліп келіпті» («Жас Алаш», 27.01.04).


Ертеректе, жетпісінші жылдардаға дейін, едәуір орыс сөзіне қазақ қосымшасының әрі-сәрі жалғануын Терминкомдағы тіл мамандары мен қалам ұстаған қайраткерлер бір ізге салып, жөн-жобасын көрсеткен болатын: электрлендіру (электрофикациялау емес), механикаландыру (механизациялау емес), алгоритмдеу (алгоритмизациялау емес), автоматтандыру (автоматизациялау емес), компьютерлендіру (компьютеризациялау емес), аттестаттау (аттестациялау емес), Аттестаттау комиссиясы (Аттестациялау комиссиясы емес). Алайда құнтсыздықтан болар, қалыпқа түскен норманы бұзып-жарып; аттестациялау комиссиясы, кадрларды аттестациялау дейтінді шығардық.

Дәл осы сияқты бүгінгі газет бағаналарында сертификациялау, индексациялау деген қате қолданыс етек алып барады: «Институтта астық және астық өнімдері сапасын зерттеу лабораториясы мен сертификациялау орталығы жұмыс істейді» («Егемен Қазақстан», 31.03.04); «Егер 2001-2003 жылдары барлығы 116 қазақстандық кәсіпорын басқару сапасын сертификацияласа, биылғы жылы бұл цифр екі еселене түспек» («Алматы ақшамы», 24.02.04). Бұл сөздердің дұрысы сертификаттау, индекстеу.

Кез келген термин – сөзжасамдық әрекеттің нәтижесі. Сөзжасамдық құрылымдарға жатпайтын тұлғаларды қолданып, жоқты жонғандай болып, оңай жерден термин жасай қоюды әдетке айналдырып жатқан сияқтымыз. Осы күндері жиі қолданылытын жылжымайтын мүлік дегендегі –ма,-й, -тын дегендер сөздің грамматикалық көрсеткіштері ғой. Бұл жерде бөгде тілдің недвижимое имущество деген сөзбе-сөз «көшірмесін» қоя тұрып, өзіміздің ана тіліміздің сөзжасам заңдылығы бойынша ықшам түрде орнықты мүлік деп алуға, ал «движимое имущество»-ны жылжыма мүлік деуге әбден-ақ болар еді.

Мұндай құбылыс мағынаға «зиян» тигізбей ықшамдау деп аталады. Алғашқы кезде егеменді ел, егеменді Қазақстан деген сөздер – егемен ел, егемен Қазақстан болып ықшамдалды. Бұл тәрізді үрдіске терминтүзуде кеңірек жол ашу сәтті қадам болар еді. Сондықтан да тіл амалдарына құнтпен қарап, орынды қолданайық дегіміз келеді.


Тілде жаңа сөздің пайда болуы – үлкен оқиға. Ол – сана-сезімдегі сонылықтың, ой-өрістегі өзгерістердің хабаршысы. Бірақ, амал не, қазіргі «жаңалық» дегендеріміздің біразы діттеген жерден шыға бермейді.

Солардың біралуаны – газ құбыры, ғарыш кемесі, ғарыш айлағы, әуе жолы, су жолы, жүк мәшинесі т.б. күрделі атаулар. Мұндай сөздерді газеттен оқып, радио-телехабарлардан естіп жатамыз. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ, әрине. Бірақ сөз қолданысымыз қиыс жолға түсіп барады. Жол атауларын тасжол, теміржол; көлік құралдарын өгізарба, атшана, атарба деп бір екпінмен айтушы еді ғой. Тас жолы, темір жолы; өгіз арбасы, ат арбасы, ат шанасы деген қазақты көрген жоқпыз. Олай болса, әуежол (әуе жолы емес), теңізжол (теңіз жолы емес), сужол (су жолы емес), газқұбыр (газ құбыры емес), жүкмәшине (жүк мәшинесі емес), ғарышайлақ (ғарыш айлағы емес) деп ықшамдап, біріктіріп жазуға да, радио-телехабарларда бір екпінмен біріктіріп айтуға да болар еді. Жұртшылықпен осы жайттарды да ойластырғанымыз жөн болар.

Бір кездегі қазақ тілінде алтайы түлкі, қазақы ер, арабы ат, қалмақы ер, асфаһани қылыш, асфаһани кілем, бұлғары садақ, үрімі мылтық тәрізді тіркесті атаулар едәуір кездесетін. Ал қазір осындай тіркесті атаулар жасайтын модельді терминтүзімде неге жандандырмасқа? Мұндай үлгілерді термин түзуде сала мамандары пайдаланса, ұтылмас едік. Мысалы, биолог, ботаник, зоолог тәрізді сала мамандары қолданатын алтай доланасы, алтай ұлары, алтай көртышқаны дейтін кейбір тіркесті атауларды осы модельге салып көрелік: Алтайы долана, алтайы ұлар, алтайы көртышқан десек, тілдік нормаға қайшы келе қоймас. Нұргелді Уәлиұлының пікірлеріне сүйене отырып мұндай модельдерді «жұмыс» істеткізу керек деп білеміз.

Бүгінгі практикалық семинардың ұйымдастырылуы осы бағытта атқарылып жатқан шара деп білеміз. Тіліміздегі сауатты аударма, тілдік норманың қалыптасуына өз деңгейінде үлес қосады, сондықтан сөздерді мемлекеттік терминдер комитеті бекіткен сөздіктер арқылы аударсақ, аудармада бірізділік пайда болады.



А.А. АЙТМҰҚАШОВА

С.Аманжолов атындағы

ШҚМУ-дың аға оқытушысы,

филология ғ.к.


ЕМЛЕ ЖӘНЕ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ – САУАТТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ


Орфография (грек. орфо – дұрыс, графо – жазу)- дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы.


  1. Жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі.

  2. Біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы.

Орфография тілдің белгілі-бір даму кезеңіндегі жазба тілдің нормаларын айқындайды деуге де болады.

2001 жылдан бері бірнеше дүркін орфографиялық сөздіктер (2001, 2005, 2007 ж) жарық көрді. Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында 1983 жылы ресми түрде бекітілген «Қазақ тілі орфографиясы негізгі ережелерінің» ең соңғы редакцияланған нұсқасы негізге алынды. Орфографиялық ережелердің аталмыш редакцияланған нұсқасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілді (2006 ж.), сондықтан ол жазу нормаларын заңдастыруда басшылыққа алынатын нормативті құжат деп есептеледі.

1. Сөздіктің сөзтізбесіне лексикалық, стильдік мағынасы жаңа едәуір сөз қосылды: Мысалы: сүтсірне (сыр), үкіметбасы, елорда, телім (участок), жасуша, дернәсіл (биол), айқұлақ (электронды мекенжайдағы таңба), тутұғыр, үлдір (пленка), хауыз, лаңкес (террорист), оқылым, оралман, тұсаукесер т.б.

2. Бұрын сөздікке енбеген, бірақ әдеби тілдің сөздік қорында бар қылауыш (кисть), қылсап (тіс щеткасы), алпауыт (олигарх), пайшерік (көмекші, қызметші), қылкүпек (мал ауруы), буылдық (өс), т.б. сөздерге сөздікте орын берілді

3. Соңғы сыңарлары –аралық, -нама, -тану, -хана, -жай, сондай-ақ бірінші сыңары әсіре-, көп- тәрізді бейдерек мағынадағы сөздермен келген атаулардың қатарына едәуір сөз қосылды: ғарышаралық, заңнама, жұлдызнама, емдәмтану, зертхана, жағажай, әсіреұлтшыл, көпдеңгейлі, көпбалалы, мұражай, әсіремемлекетшіл т.б.


4. Бұрын қолданылып келген кірме сөздердің қазақша баламалары берілді: Пайыз (процент), шәкіл (шкала), автодоғару (автопарковка), төлқұжат (паспорт), қолтабақ ( поднос), айлақ (порт), тақта (плита), емдәм (диета), түржинақ (ассортимент), ақуыз (белок), дәкетаңғыш (бинт), мойынтақ (галстук), әлеует (потенциал), күнпарақ (календарь), дәйексөз (цитата). Әдеби норма ретінде қазақша баламасы пайдаланылатын болғандықтан, олардың шеттілдік нұсқасы Сөздіктен алынып тасталды.

5. Бұрын бөлек жазылып келген ботаника, зоология терминдерінің бірінші сыңары түс атауларымен келетін немесе бір сыңары қой, сиыр, түйе, қоян, ат, аю, бөрі, ағаш, шөп, от, тікен, гүл, жапырақ, тамыр, құс, балық, тауық, құрт сияқты жалпы атаулар болып келетін өсімдік, аң-құс атаулары бірге жазылады. Мысалы: ақбидай, көкпияз, қараторғай, қызылқайың, ақтиін, ақшабақ, қараләйлек, сужылан, суықторғай, таскене, тасторғай, майсораң, майзығыр, қойбүлдірген, аюбалдырған, т.б.

6. Ауызекі тіл арқылы игерілген кірме сөздердің жазылуы көрсетілді: Мәйкі, бәнкі, соды, пәлте, кепкі, кәлөш, стансы, штангі, шұрып, шопыр, мәшине т.б.

7. Тірек сөзінің тіркесімдік қабілеті төмен болғандықтан, бірге жазылатын тіркесті сөздердің жазылуы көрсетілді: Қолорамал, беторамал, асқасық, шайқасық, қолсағат, қолайна, желдиірмен будиірмен т.б.

8. Алдыңғы сыңары бір сөзімен, сондай-ақ –ым, -ім жұрнағымен келген ұлттық өлшем атаулары бірге жазылды: Біркөш, біруыс, бірсалым, аспісірім, көзкөрім, етасым, атшаптырым т.б.

9. -лық, -лік, -шылық, -шілік, -лы, -лі жұрнақтары арқылы бірге жазылатын сөздердің қатары көбейді: Бұғышаруашылық, малшаруашылық, жантүршігерлік, жатжерлік, адамсүйгіштік, ашатұяқты, сүтқоректі, көпшілікқолды, ауырдәулетті т.б.

10. Соңғы жылдары қолданыс жиілігі артып отырған, бас әріппен жазылатын кейбір жалқы есімдердің емлесі көрсетілді: Алла, Құдай, Хақ, Құран, Тәурат, Інжіл, Елбасы, Наурыз, Қаршағыз т.б.

11. Әдебиеттер мен мектеп оқулықтарында жиі кездесетін, жазылуы қиын кейбір ертегі, миф кейіпкерлерінің аттары, сондай-ақ тұрақты эпитетпен, титулмен, құрметті атақпен келген жалқы есімдердің емлесі көрсетілді: Ер Төстік, Қожанасыр, Әз Жәнібек, Қаздауысты Қазыбек би, Бабатүкті Шашты Әзіз т.б.


12. Бұрын бөлек жазылып келген бірқатар тіркес біріккен сөз ретінде қосылып жазылды: Қолбала, қансонар, бойжету, ержету, бойұру, т.б.

13. Бір жаңа ұғымды білдіретін атау сөз іспеттес бірсыпыра тіркестер де біріккен сөз түрінде тұлғаланды: Ойтүрткі, ойтолғақ, алмаағаш, кестежіп, аяқмәшине, бормәшине, ішбүлгін, тастабақ, ауызүй, басқосу, т.б.

14. Құрал-жабдықтардың қазақша аттары техникалық атаулар ретінде қосылып жазылды: Ақаутапқы, әуетозаңдатқыш, бензоқұйғыш, дәнсепкіш, жылутартқыш, т.б.

15. Ерғашты (болу),жолсоқты (болып шаршау), пышақкесті (тыйылу), қағазбасты (болу), жүрекжарды (хабар) сияқты сөздер бұрын бейнелі тіркес ретінде бөлек жазылып келсе, енді біріккен сөз ретінде қосылып жазылуы ұсынылды.

Кейбір емле ережелеріне де өзгерістер енгізілді. Солардың біразымен таныстыра кетейік:

Екі дауысты дыбыстың ортасында келген й мен у дыбыстары бар сөздерді буындағанда, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады: да-уыс, са-уат, құ-йын (дау-ыс, сау-ат, құй-ын емес). Ал ұу, үу, ый, ій қосар әріптердің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздерді буындағанда, келесі буын дауысты әріптен басталады және солай тасымалданады: бу-ын, су-ық, қи-ын, ти-ын, жи-ын (тасымалдаудың бұл түрі қазақ тілі табиғатына қарай емес, қосар дыбыстарды и, у деген жалаң таңбалармен жазуға байланысты қолданылатын шартты ереже).

Алдыңғы сыңары дауысты дыбысқа аяқталып, екіншісі дауыстыдан басталатын кейбір жалқы есімдердегі қатар келетін екі дауыстының бірі түсіріліп жазылады: Қожахмет, Сарөзек, Сарарқа, Сарағаш.

Ескерту: а) Адам аттарының ішінде бек, хан, мырза, әлі, сияқты сөздермен жасалған есімдердің сыңарлары да әрдайым бірігіп жазылады: Құлмамбет, Бекмұхамбет. Соңғы кездерде байқалғандай жалқы есімдердің сыңарларын ажыратып жазу (Мырза Әлі, Бек Мұхамбет) тәжірибесі дұрыс емес.

ә) екі түбірден құралған бірқатар кісі аттары түбір тұлғалары өзгеріп біріккен түрінде жазылады. Мысалы: Дәметкен, Ұлмекен, Ұлбосын.


б) екінші сыңары қ, к дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттары екі түбірдің үндесу ыңғайына қараай да жазылады: алдыңғы түбір қатаң дыбысқа аяқталса, келесі сөз де қатаң қ, к әріптерімен жазылады. Мысалы: Қоскелді, Айткелді, Айтқожа, Сйітқұл, Аққыз; алдыңғы түбір дауысты дыбыс пен ұяң, үндіге аяқталғанда, келесі түбірдің басқы дыбыстары ұяңдап, ғ, г болып айтылса, ғ, г әріптері жазылады. Мысалы: Амангелді, Нұргелді, Нұрғиса, Нұрғожа, Есенғұл, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз. Ал қатаң түрде айтылса, қ, к әріптері жазылады. Мысалы: Әбілқайыр, Әбдіқадыр, Әбілқасым, Қаламқас, Бибікамал, Шәмшіқамар;

в) Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздерден жасалаған кісі аттары қатарынан екі дауыссыз дыбыстан басталмайды, олардың не алдынан, не ортасынан ы, і әріптерінің бірі жазылады: Ысқақ (Сқақ емес), Ырза (Рза емес), Ырсалды (Рсалды емес), Сымахан, Сыланов.

Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай, буын үндестігі бойынша, я жуан, я жіңішке болып жалғанады: мұғалім-ге, пленум-да.

Ескерту: Күнә, кінә, шүбә, іңкәр, күмән, Күләш, Күләй сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады, тек барыс, жатыс, шығыс жалғауы мен етістік тудыратын –ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады, мысалы, күнәсіз, күнәлі (бірақ күнәға, кінәлау), куәсі, куәлік (бірақ куәға), Күләштің (бірақ Күләшқа).

ауыл, дауыс сияқты бірен-саран сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, айтылу ыңғайына қарай соңғы буындағы ы, і әріптері түсіріліп те, түсірілмей жазыла береді.

Бас әріптерден қысқарған сөздер тек қана дауыссыз дыбыстардан тұрса, оларға қосымшалар соңғы әрпінің жуан я жіңішке айтылуына қарай үндесіп, я жуан, я жіңішке болып жалғанып, дефис арқылы жазылады. Мысалы: ТМД-ға, АҚШ-қа. Ал араларында немесе соңында дауысты дыбыс әріптер тұрса, қосымша сол дыбысқа үндесіп, жуан не жіңішке болып дефис арқылы жазылады. Мысалы: ЮНЕСКО-ның, НАТО-ға, БҰҰ-ның.


Күрделі есімдерден құралған мынадай атаулардың әрбір әрпі бас әріппен жазылады:

а) ең жоғарғы мемлекеттік қызмет аттары мен құрметті атақтар: Президент Әкімшілігі, Қазақстан Халық Қаһарманы.

ә) мемлекеттердің, республикалардың, жоғарғы мекемелер мен ұйымдардың күрделі атаауларының әрбір сөзі: Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы.

Ескерту: Әртүрлі мекемелердің, білім-ғылым ордаларының, партиялардың, ұйымдардың, бірлестіктердің, қорлардың т.б. күрделі атауларының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: Ғылым академиясы, Сыртқы істер министрлігі. Бұлардың бірсыпырасының алдында келетін Мемлекеттік, Ұлттық, Қазақстан Республикасы деген сияқты анықтауыштардың әр сөзінің бас әріппен жазылуы сақталады: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институты, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті.

Пунктуация – жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және олардың қолдану ережелерін зерттейді.

Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Олар сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралатындығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады.



следующая страница >>