girniy.ru   1 2 3

2.1.Кеңес дәуірінде зерттелуі.

Қазақ тіліндегі жергілікті диалектілерді арнайы зерттеу жұмысы шын мәнінде кеңес дәуірінде ғана басталды.

Диалектология мәселелері жөнінде ең алғаш мақала жазған белгілі жазушы – ғалым Жүсіпбек Аймауытов еді.

Осы күні ғалымдар қолданып жүрген «Жергілікті тіл ерекшеліктері» деген атауды алғашқы қолданған Ж. Аймауытов.

КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы 1937 жылы алғаш рет Алматы облысының кеген, нарынқол; Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал; қарағанды облысының Нұра аудандарына диалектологиялық үш экспедиция шығарды. Мұндай экспедициялар 1939 жылы Мақтаарал , Маңғыстау, Торғай аудандарында, 1940 жылы Сарысу, Арал, Орда аудандарында болып, материал жинады. Міне, осы кезден бастап күні бүгінге дейін Қазақстанның әрбір аудандарына жылма – жыл диалектологиялық экспедициялар шығарылып келді. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында да бұл жұмыс біржола тоқтап қалған жоқ. 1943 жылы академияның кейбір ғылыми қызметкерлері Түлкібас, Жуалы, Талдықорған аудандарында болып, материал жинаған. 1944 жылы Ж. Досқараев «Оңтүстік диалектісінің кейбір мәселелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Қазақ диалектологиясы қазақ тіл білімінде кейін қалыптасқан салалардың бірі болғандықтан, оның кейбір мәселелері тіл мамандары арасында көпке шейін пікір таласын туғызып келді.

19 ғасырдан, әсіресе оның екінші жартысынан бастап, орыс туркологиясы түркі тілдерін зерттеуде алғашқы қадам жасап, елеулі нәтижелерге жетті. Бірақ соның өзінде түркі тілдерінің әлі де белгісіз, ашылмаған сыры аз емес еді. Бірсыпыра түркі тілдерінің ревалюцияға дейін жеке тіл ретінде танылмай, тек наречие дәрежесінде қаралып келуі бұған айғақ бола алады. Профессор П. М. Мелиоранский алғашында қазақ тілі диалектісіз деп, соңынан кейбір ерекшеліктерімен таныса келе басқаша пікір айтуы да осыны көрсетеді.

Дәл осындай жағдайда ғасырлар бойы келе жатқан диалектілер бірден сіңіп, жоғалып кетті деу, әрине, артық болады. қайта жоғарыда айтылған жағдай диалектілік ерекшеліктердің белгілі мөлшерде сақталып қалуына мүмкідік берді.


Қазақ тілінде диалект бар ма, жоқ па деген пікір таласы 1953 жылға дейін созылды.

Қазақ диалектологиясының тарихында 1937 жылдан 1950 жылдың орта тұсына дейінгі зерттеу жұмыстарының ерекше орны бар.

Ж. Досқараев 1955 жылы «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» (лексика) деген атпен диалектологиялық сөздік шығарды.

С. Аманжоловтың ғылыми мұрасында қазақ тілінің диалектологиясы туралы еңбектері басты орын алды. Оның 1959 жылы шыққан «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты күрделі еңбегі автордың диалектология мен тіл тарихы саласында көп жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі еді.

Қазақ диалектологиясы үшін көп еңбек сіңірген ғылымның бірі – филология ғылымының кандидаты Ж. Досқараев. Оның әсіресе халық тіліндегі мол байлықты – диалектілік ерекшеліктер мен кәсіби сөздерді – жинаудағы еңбегі ерекше атап өтуді керек етеді. Бірнеше жылдар бойы экспедиция ісіне тікелей қатыса жүріп, Қазақстанның көптеген аудандарынан материал жинады. Әсіресе, оңтүстік өлкедегі халық тілі ерекшелігін жете зерттеп, оның жүйелі құбылыс екенін ғылыми дәлелдеп брді. Ж. Досқараев бұл іске үнемі басшылық етіп, бірнеше жылдар бойәы Қазақстан Ұлттық Ғылыми академиясында Тіл білімі институтының диалектология бөлімін басқарды. Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктері жинау әдістері жайында мақалалар жариялап, сұраулық жасауға қатысты.

Ж. Досқараевтың қазақ диалектологиясына сіңірген еңбегі мұнымен ғана бітпейді. Оның 1955 жылы шыққан «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері»(лексика) деген еңбегі тек қазақ тіл білімінде емес, туркология ғылымының диалектология сөздіктердің бірі болып табылады.

Ж. Досқараев қазақ тілі сөйленістерін зерттеуде салыстырмалы тарихи принципті қолданудың алғашқы үлгілерін көрсетті. Бұдан басқа Ж. Досқараев қазақ тілі диалектологиясы мәселелеріне арнап бірнеше мақала жазды.

Қазақ диалектолгиясы мәселелерімен профессор Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев та шұғылданды. Қазақстан Ғылым академиясының тарих және диалектология бөлімін басқарды. Оның «Диалекты в современном қазахском языке» және басқа ғылыми мақалаларында қазақ тілі тарихына байланысты қазақ диалектологиясының тероиялық мәні бар мәселелері сөз болды. қазіргі сөйленістерді тіл тарихындағы елеулі кезеңдермен байланыста қарап, қазақ диалектологиясының қалыптасу, даму тарихы туралы ілімді тереңдетті.



2.2. С. Аманжолов қазақ тіліндегі диалектілер туралы.

Профессор С. Аманжолов қазақ тіліндегі диалектілердің пайда болуы мен қалыптасу тарихын қазақ жеріндегі бұрынғы тайпалық одақтармен, жүздермен байланыстырып қарайды. Маркс пен Энгельстің тайпалар одағы халыққа ең таяу басқыш болып табылады деген белгілі қағидасына сүйене отырып, қазақ жеріндегі үш жүз – үш тайпалық одақ ретінде қазақ біртұтас халық болып құрылғанынан көп бұрын, 7 – 9 ғасырлардың арасында қалыптасты деп қорытынды жасайды. Жүздердің қалыптасу негізінде рулардың тайпаларға, тайпалардың тайпа одағына бірігуі жатыр. Қазақ жеріндегі тайпалардың қоныстанған жері. Шаруашылық ыңғайы, шығу тегінің жағындығына қарай ерте замандардан – ақ өзара жіктеле бастағаны тарихтан белгілі. Осылайша тайпалардың одағы болып табылатын жүздер келіп шыққан. Мұның өзі тілге әсер етіп, әр жүздің өз ішінде тілдің де біріңғайлылығы қалыптаса бастаған. Сөйтіп, үш жүздің қалыптасуымен үш жергілікті диалект пайда болған. Бұл үш тайпалық одақтың тілі даму барысында кейін бір – біріне жақындап, біртұтас қазақ тілінің қалыптасуына негіз, ұйытқы болды деген тоқтамға келеді. Автор жергілікті халық өміріне тән өзгерістер (шаруашылық, әдет – ғұрып, т. б.) мен көрші тілдердің әсерінен де тіл ерекшеліктері туғанына ескертеді.

Қазақтың халық тілі мен ауыз әдебиеті үлгілерінен жиналған материалдарды және қазақ тілінің тарихын зерттеу нәтижесінде С. Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бір деген қорытындыға келді. Олдар мыналар:

а) оңтүстік диалектісі – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазқстан облыстарын және Талдықорған мен Қызылорданың кейбір оңтүстік аудандарын қамтиды.

ә) батыс диалектісі – Батыс Қазақстан, Гурьев (Атырау), Ақтөбе облыстарын және Қызылорданың солтүстік аудандарын, Қостанайдың кейбір батыс аудандарын қамтиды.

б) солтүстік – шығыс диалектісі – Ақмола, Павлодар, семей, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақста облыстарын және Қостанай мен Талдықорған облыстарының кейбір аудандарын қамтиды.

Қазақ тілінің оңтүстік диалектісі. С. Аманжолов қазақ тілінің оңтүстік диалектісіне бұрынғы үйсін, қаңлы, дулат және жалайыр ьайпа одақтарының тілін жатқызады. Бұл одақтар ерте замандардан бастап – ақ Жетісу, сырдария және Алатау алқабын, яғни қазіргі Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының жерін мекен еткен, олар шығысында – Синьцзянмен (Шыңжан), ұйғырлармен, солтүстік – шығысында – найман, керей, қоңырат тайпаларымен, солтүстік – батысында – алшын тайпалары одағымен, оңтүстігінде - өзбек, қырғыздармен шектескен. Монғол шабуылына дейін де, одан кейін де, сол сияқты 16 – ғасырда қазақ хандығына қосылған кезде де, бұл тайпа одақтары Ұлы жүз болып аталды. Ерте заманнан бастап – ақ бұлардың қоғамдық, шаруашылық және мәдени ортасы бір болды. Соның нәтижесінде олардың бір кездегі тайпалық тілдері бірігіп, бір жергілікті диалект болып қалыптасты. Бұл – қазақ тілінің оңтүстік диалектісі деп аталады. Оңтүстік диалектісінің қалыптасуына Ұлы жүзге кіретін тайпалардың әр түрлі табиғи – тарихи себептерге байланысты басқа тайпалармен қарым – қатынасы нашар болғандығы да үлкен әсер етті. Мәселен, бұл тайпалардың солтүстігіндегі Балқаш көлі, Бетпақ дала, солтүстік – батысындағы ұлан – байтақ далалар, Қызылқұм және Арал теңізі осындай табиғи бөгеттер болып табылады. Онымен бірге бұл диалектінің қалыптасуына көрші өзбек, ұйғыр, қырғыз халықтарының тілі де әсер етті. Ұлы жүздің 17 – 19 ғасырларда Қоқан, Хиуа хандықтары қол астында болуы бұл диалектіге өзбек тілінің ықпалын күшейте түсті. Бірнеше тайпалық тілдердің негізінде қалыптасқандықтан және әр түрлі тілдердің әсері тигендіктен, оңтүстік диалектісінде кездесетін ерекшеліктердің сипаты біріңғай емес. Кейбіреулері жалпылама түрде кездеседі. Енді біреулерінің тараған көлемі шағын, белгілі бір ауданда ғана айтылады. Өзгешеліктердің ішінде оңтүстік диалектісінің басқа диалектілерден айырмасы көрсететін негізгілері бар және негізгі болып табылмайтын жеке ерекшеліктері бар, сол сияқты басқа диалектілерде ауысып кіргендері де бар. Оңтүстік диалектісінің С. Аманжолов көрсеткен негізгі ерекшеліктері төмендегідей.


Фонетикалық ерекшеліктер. С пен ш алмасуы: мысық – мышық, есек – ешек, масқара – машқара;

Ш мен ч алмасуы; шұқырау – чұрқырау, шана – чана, шеге – чеге, шикі – чикі, шүберек – чүберек. Бұл өзгешелік Қазақстанның шығыс аудандарында да кездеседі.

Д мен л алмасуы: теңдік – теңлік, тыңда – тыңла, маңдай – маңлай, адамау – аңламау.

Б мен п алмасуы: болат – полат, бітіру – пітіру, бейнет – пейнет, бақыр – пақыр, байқау – пайқау.

Ң мен н алмасуы: ертең – ертен, өлең - өлен, көбең – көбен, қалың – қалын.

М мен п алмасуы: маңай – паңай, мақта – пахта, мешпет – пешпет.

К мен г алмасуы: күріш – гүріш, көң – гөң, т. б. Бұл алмасу оңтүстік диалектісіндегі оғыз тілдерінің әсерін көрсетеді;

Б мен у ауысуы: кебіс – кеуіш, көпір – көуір, шылапшын – шылаушын // шіләужін.

Ж мен й ауысуы: о жақ – о йақ, бұ жақ – бү йақ, о (л) жерде – о йерде.

С мен т ауысуы: түгесу – түгету, қысу – қыту, сырқаттану – сырқастану, тұрпат – сұрпат.

А мен ә алмасуы: қатты – кәтті, қайтып – кәйтіп, керісінше, әйел – айал, едәуір – адауір.

Грамматикалық ерекшеліктері. Етістіктің жекеше 2 – жақ бұйрық райының - ғын, - гін, - қын, - кін, - ың, - ің қосымшалары арқылы жасалған тұлғалары кездеседі: суғырғын (суыр), айтқын (айт), келгін (кел), барың (бар), көрің (көр).

Бұйрық райлы етістіктің көпше 1 – жағының – лы, - лі қосымшалары арқылы жасалған тұлғалары кездеседі: баралы – барайық; келелі – келейік.

Қалау райдың бар, жоқ сөздері арқылы жасалған түрлері кездеседі: барғым бар – барғым келеді, барғым жоқ – барғым келмейді.

Көмектес септігінің - мынан, - бынан, - пынан қосымшалары арқылы жасалған түрлері кездеседі: атпынан келу – атпен келу, пойызбынан бару – пойызбен бару.


Септік жалғауларының қызметінде ауысушылық байқалады: мұғалімге оқыдым – мұғалімнен оқыдым. Арысқа тұрамын – Арыста тұрамын.

Лексикалық ерекшеліктері. С. Аманжолов оңтүстік диалектісінің лексикалық ерекшеліктерін 20 салаға бөледі. Берілген материалдар оңтүстік диалектісі мен әдеби тіл лексикасы арасындағы айырманы айқын көрсетеді. Оңтүстік диалектісінің лексикалық ерекшелігі халық өмірінің барлық жағын да қамтыған. Егіншілік пен бау – бақшаға байланысты сөздер өте көп және олардың кейбірі баспасөз арқылы әдеби тілге еніп, бүкіл халық пайдаланатын сөздерге айналып отыр. Оңтүстік диалектісінде өте ерте замандардан сақталып қалған, басқа жерде кездеспейтін сөздер де аз емес. Қазақ тілі лексикасының тарихын тексеруде бұлардың зор мәні бар.

Оңтүстік диалектісінде лексикалық ерекшеліктердің бәрін бірдей беру мүмкін болмағандықтан, төменде кейбір мысалдар ғана келтіріліп отыр: айуан, дәліз, далаң – ауыз үй, алдыңғы үй, аташ – пойыз, ауқат – тамақ, жұмыс, ашық – машық, топша, тұрым – топса, әтешкер, әтешкі- қысқаш, әтубер – абырой, бақуат – қуатты, бәдірен – қияр, бігіз – біз, білік // пілік – білте, бітпе – жазба, дава – таба, табадан, дақыл – нәрсе, зат, дарбаза – қақпа, дарын – жаршы, қабырға, дүр – шебер, маман, діт – ой, арма, еге – ие, егер – ер, етмал – ықтимал, жаған // жағлан – қайыс сандық, жам, кірлен, лөген – леген, шылапшын, жемелек – шашбау, жоғырмақта - жуықта, жозы – аласа үстел, жуалдыз – тебен ине, зәмбіл // зембіл – нәселке, зөңгі // зеңгі – басқыш, саты, зерен – тотаған, зілмендей – зілдей, кәттә - зор, үлкен, кепсер – сүзгі темір, кеуірт – күкірт, кеуіш – кебіс, қам – шикі, леген – табақ, мекпі, топы – тақия, төбетей, мұқым – тіпті, мүлде, мұттайым – қу, өтірікші, мыттық – арамза, нам – ат, есім, нам – дымқыл, ылғал, нанбай – үлкен, зор, өтпен – тұрақ, мекен, пая – сабақ, парбоз // паруаз – үй төбесіне салатын ағаш, пахнатты – күйлі, пешене – маңдай, бақыт, пісентті – жинақты, ұқыпты, сыйлықтау – сыйлау, таға – нағашы, тиқоры – негізінде, асылында, уақытылы – уақытында, үстін – діңгек , тіреу, шайдоз – қара құман, шақа – жүйе, рет, шыптахана – билет сататын орын т. б.


Оңтүстік диалектісінде әдеби тілмен салыстырғанда қалыптасуынада, мағынасында, қолдануда ерекшелік бар идеомалық, фразалық сөз тіркестері едәуір мөлшерде кездеседі. Мысалы, алағаудан болу – алаң болу, амалкесін іздеу – амал іздеу, аяқ қылып тастау – аяқсыз қалдыру, әдден тысқары – шамадан тыс, бәз уақытта – кей уақытта, белі ауыру – жаны ашу, біршек болу – бөліну.


2.3. Қазақ тіліндегі сөйленістік топтарға тән ерекшеліктер

Оңтүстік сөйленістер тобы

О.Нақысбековтің класификациясы бойынша бұл топ қа алты сөйленіс кіреді.

Олар: 1. Жетісу сөйленісі — Алматы (Талдықорғанмен қоса) облысының жерін қамтиды; 2. Шу сөйленісі - Жамбыл облысының жерін қамтиды; 3. Шымкент сөйленісі — Шымкент облысының жерін қамтиды; 4. Қызылорда сөйленісі — Қызылорда облысының күншығы-сынан бастап Түркістанға дейін Сыр бойын қамтиды; 5. Ташкент сөйленісі — Өзбекстан республикасының Ташкент, Бұхара облыстарын қамтиды; 6. Тәжік сөйленісі — оған Төжікстан республикасындағы қазақтар мекендеген аудандар жатады.

Оңтүстік сөйленістер тобының негізгі фонетикалық ерекшеліктері

1. Оңтүстік сөйленістер тобына ортақ фонетикалық ерекшеліктер.
д/л: маңлай — мандай, таңдай — таңдай, өңлеу — өндеу, анла - анда, шаңлақ — шандақ;

ж/й: Тіл алды ж дыбысы жарты дауысты й-мен алмасады. Қай, сол, ол, бұл сияқты есімдіктерден соң жақ, жер сөздері келгенде, көсемшелік тұлғадағы бара, келе, әкеле етістіктерімен жатыр көмекші етістігі тіркесінде кездеседі: қайер — кай жер, сөйер - сол жер, бұйақ — бұл жақ, бара патыр — бара жатыр,.келе йатыр — келе жатыр;

Оңтүстік сөйленістердің ерекшеліктерін талдауда пайдаланылған әдебиеттер: О.Нақысбеков. Қазақ тілінің ауыспалы говоры. Алматы


6/п: пытырау — бытырау, пітіру — бітіру, поразда — боразда (Жетісу), пал — бал, пүктеу — бүктеу, пейнет — бейнет (Шымкент), пата — бата, пәйге — бәйге, пүтін — бүтін, піту — біту (Ташкент), пұто — бұта, полат - болат, пақыт — бақыт, пәкі— бәкі (Шу), пүке, - бүге, пешпент — бешпет, пүтіл — бүтіл, пол — бол (Тәжік);

с/ш: текшеру — тексеру, тұрмыш — тұрмыс, оқымыш - оқымыс (Жетісу), шамал — самал, тышқары — тысқары, тұшамыш — тұсамыс (Шу), шондай — сондай, шабаз — сабаз, шорпа — сорпа (Шымкент), мышық — мысық, ешек — есек, ұқшау — ұқсау, пейшембі — бейсембі (Ташкент), шамал — самал, шамиян — самиян, шор жер — сор жер, шаты — саты, ашпаз — аспаз (Тәжік);

ң/н: өлен — өлең, көленке — көлеңке, қалын — қалың, біздін — біздің, елдін — елдің;

қ, к, г, ғ дыбыстары сөз ортасында не соңында сақталады: бігіз — біз, егер - ер (аттың), еге — ие, ештеңке — ештене, тірік — тірі, ұрық - ру;

л: ол, сол, бұл сілтеу есімдіктері басқа сөздермен тіркескестене, ал, бол, қал, сол, әкел етістіктері шартты рай, көсемше, болымсыз, қалау және бұйрық рай тұлғаларында келгенде түсіп қалады: со кісі — сол кісі, бұйер - бұл жер, асайшы — алсайшы, боса — болса, амай — алмай, босын — болсын, кеңдер — келіндер;

ш/ч: сөздің басында, ортасында жиі кездеседі: чал — шал, чекпен — шекпен, чалғы - шалғы, чам — шам, жиенчар — жиеншар, қамчы -қамшы, көңілчек — көңілшек.


2. Оңтүстік сөйленістердін бәріне емес, 2, 3 сөйленісіне ортақ фонетикалық ерекшеліктер.

е/а: дәража — дәреже, бекар — бекер, шидан — шиден (Шу), тиірмен — диірмен, дуниа — дүние, мәкам — мекем, жүннан — жүннен (Тәжік);

о/а: әбіржу — абыржу, жәутеңдеу — жаутаңдау, кәңкию — қаңқию. әсілі - асылы (Шымкент), әре — ара, тәрәп — тарап, кәтті — қатты, әтірап — атырап, пәре — пара, пәте — бата (Ташкент), жән — жан, зіндән — зындан, чәләшала, інәбат — инабат, дәнә - дана (Шу);

е/ә: кәм — кем, кәсел — кесел, мәйлі — мейлі, мәкән — мекен. мектәп — мектеп, мемләкәтмемлекет (Ташкент), дігәр — дігер, кәрәмәт - керемет, әгәр — егер, әшкәрәешкере (Шу);

о/ұ дұмалану — домалану, ұяну — ояну (Шу), құлдану — қолдану, сұрақы — сорақы, құртынды — қортынды (Қызылорда);

ү/і: дәстір – дәстүр, індеме - үндеме, ін-тін - үн-түн (Шу), інеміі — үнемі, ішбір — ешбір, іштеме — ештеме (Жетісу);

ұ/ы: тыман — тұман, былақ — бұлақ, мақыл - мақұл, мыздау — мұздау (Шу), қырсау — құрсау, мынша — мұнша (Жетісу);

уо, уә, ие дифтонгылары сөз басында айтылады: уот — от, уоңлы - оңлы, уөнім — өнім, уөгіз — өгіз, иел — ел (Шымкент, Ташкент);


т/д: дерезе — терезе, дағдыр — тағдыр, дүзелу — түзелу, дұзақ - тұзақ (Шу), деңіз — теңіз, дізгін — тізгін, дөңірек — төңірек, дұздау - тұздау (Қызылорда);

к/г: гәмпір — кемпір, гөрім — көрім, гәуле — кеуле, гөс — көс (Ташкент), гунәкәр — күнәкәр, гілем — кілем, гедей — кедей (Тәжік);

қ/ғ: ғайрат — қайрат, ғам — қам, ғалбыр — қалбыр, ғұмай — құмай (Ташкент), ғыжым — қыжым, ғоза — қоза (Тәжік.);

ж, (дж) аффрикат дыбысы сөздің басында, ортасында айтылады:
джыл — жыл, джауын — жауын, джол - жол, олджа — олжа, құлджа - құлжа.

3. Оңтүстіктегі жеке сөйленістерге тән фонетикалық ерекшеліктер.
Шу сөйленісінде: п/б: байда — пайда, біл - піл, бісу — пісу,

бікір — пікір, беріште — періште, берзент — перзент;

ә/а: абдан — әбден, қары — кәрі, айал — әйел, айбат — әйбат, жардам — жәрдем;

г/к: күл — гүл, үкіт — үгіт, ақылкөй — ақылгөй, ілкері-кейін -ілгері-кейін;

б/м: тоңмұзар — тоңбұзар, мейнет — бейнет, молжал — болжал, құрман - құрбан, кементай - кебентай;

ы/і: місәлі — мысалы, зіндән — зындан, чібіш — шыбыш, ізә -ыза, мінейір — мына жер;

ж/д: дүз — жүз (беттің жүзі, пышақтың жүзі, жүз сом), дүзім -жүзім, дүзік — жүзік.

Жетісу сөйленісінде: д/т: тайын — дайын, тұшпан — дұшпан, тәл — дәл, әтейі — әдейі, тоңкию — дөңкию.

Шымкент сөйленісінле: у/қ: асық - асу, сылақ, - сылау, бояқ -бояу, түзік — түзеу, ұрық — ұру.

Қызылорда сөйленісінде: з/с: барамыс - барамыз, табамыс - табамыз, біс — біз, өзіңіс - өзіңіз;


ы/а: жабаға — жабағы, жөн-жосақ - жен-жосық;

б/у: кеуіш — кебіс.

Ташкент сөйленісінде: қ дыбысы сөз басында түсіп қалады: әжі — қажы, әсірет — қасірет, әжет — қажет;

ғ дыбысы сөз басында түсіп қалады: алым — ғалым, ажайып -ғажайып, алам — ғалам, әдет-ұрып — әдет-ғұрып;

м/б: бәйрам — мейрам, небере — немере, бықын —мықын;

п/у: тауған — тапқан, қауады — қабады, кеуген — кепкен, шаудым — шаптым.

Тәжік сөйленісінде: һ дыбысының сөз басында сақталуы: һәуіз — әуіз, һасар - асар, һәр — әр (Тәжік.).

Грамматикалык, ерекшеліктер

1. Оңтүстік сөйленістерге ортақ грамматикалық ерекшеліктер.
Етістіктің бұйрық райының 2-жағы -қын/-ғын, -кін/-гін жұрнақтары арқылы жасалады: алғын, бергін, айтқын;

Тәуелдік жалғауының 3-жағына -ыс/-іс қосымшасы қабаттаса жалғанады: көбісі, бәрісі;

Шығыс септігі жалғауының орнына барыс септігі жалғауы қосылады: Ол мұғалімге оқыды;

Мезгілді білдіретін жатыс септіктегі кейбір сөздер барыс септігінде айтылады: күніге, жылыға;

Ертең, таңертең, кешке мезгіл үстеулері -гісін/-кісін қосымшалары арқылы айтылады: ертеңгісін, таңертеңгісін, кешкісін;

Ауданға қарайтын, қалаға қарайтын тіркестеріндегі қарайтын сөзі қарасты болып айтылады. ауданға қарасты, қалаға қарасты.

2. Оңтүстік сөйленістердің бәріне емес, 2, 3, 4 сөйленісіне ортақ грамматикалық ерекшеліктер.

-галы/-гелі көсемше тұлғалы сөзбен бері шылауы тіркесіп келеді: келгелі бері (келгеннен бері), оқығалы бері (оқығаннан бері) (Ташкент, Қызылорда, Шымкент, Шу);

-тұғын қосымшалы етістіктер жұмсалады: келетұғын — келетін, баратұғын — баратын (Шымкент, Қызылорда, Шу);


Көмектес септік -ман/-бан/-пан, -мыңан/-бынан/-пынан қосымшалары арқылы жасалады: атпан, түйеман, қайыспынан, арбамынан (Шымкент, Шу);

Жатыс септігіндегі мезгілді білдіретін кейбір сөздер барыс септігінде айтылады: күніге - күніне, жылыға - жылына (Шымкент, Шу, Жетісу);

Кейбір сөздер ырықсыз етіс тұлғасында айтылады: құрылынып — құрылып, тамылған - тамған, туылған — туған (Ташкент, Шымкент, Шу);

Уақыт сөзі -лы қосымшасымен айтылады: уақтылы — уақытында (Шымкент, Шу).

3. Оңтүстіктегі жеке сөйленістерге тән грамматикалық ерекшеліктер.

Жетісу сөйленісінде: қалау, тілек мағынасы -лы/-лі қосымшасы арқылы беріледі: жүр баралы, барсақ баралы. Бұл ерекшелік кейбір батыс сөйленістерде де кездеседі;

Шу сөйленісінде: ол, сол, бұл есімдіктеріне көптік жалғауынық тек -дар түрі қосылып айтылады: одар, содар, бұдар;

Ашық райдың ауыспалы келер шағының үшінші жағындағы -ды қосымшасы ықшамдалып, түрінде айтылады: барат — барады, жүрет — жүреді, келет — келеді;

Есім және етістік тұлғаларына -дүр қосымшасы жалғанады: боладүр — болады, түйедүр — түйе.

Шымкент сөйленісінде: мен, сен есімдікгері барыс септігінде маға, саға болып айтылады;

Етістіктің екінші жақ жіктік жалғауы -сын/-сін қалпында айтылады: барасын — барасың. келесін — келесің;

Бей- префиксі мен -хана қосымшасы жиі қолданылады: беймарал - жайбарақат, бейәбір — абиырсыз, бейауыз — бейпіл, құшхана -мал соятын жер;

-қыл/-ғыл, -кіл/-гіл бұйрық рай қосымшалары жиі кездеседі: айтпағыл — айтпа, байлап қойғыл — байлап қой, шақырғыл — шақыр;


-тағыны қосымшалы етістіктер айтылады: болаттағыны — болады да, келеттағыны — келеді де;

Нақ осы шақ бара йатырыппыз (бара жатырмыз), келе йатырыппыз (келе жатырмыз) тұлғаларында айтылады.

Қызылорда сөйленісінде: бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрі -сай/-сей қосымшасы арқылы жасалады: барсай — бар, барсаншы, жүрсей - жүр, жүрсеңші;

Жіктік жалғауының 2-жағы -сыңыз -сіңіз қосымшасы арқылы жасалады: барасыңыз — барасыз, жүресіңіз - жүресіз;

Біз, сіз есімдіктерінің 1,2 жақтағы сыпайы түрі бізің, сізің түрінде айтылады;

Қалау райдың келер шағы -қай/-ғай қосымшасы арқылы жасалады: барғай — барсаңшы, айтқай — айтсаңшы;

Есімшенің -қан/-ған, -тын/-тін жұрнақтары орнына -ар/-ер жұрнақтары жұмсалады: уәйімдей бастар еді.

Ташкент сөйленісінде: иран, тәжік тілдерінен ауысқан -бын, -бін, -баз, -паз қосымшалы етістіктер, -ана, -ене, -анда, -енде, -дап, -мен, -ман, -зар жұрнақты сөздер жиі кездеседі: тамашабін - жағымпаз, палбын — бал ашушы, қартабаз — қарташы, ішкілікбаз — ішкіш, кәуәппаз — шашлық жасаушы, маяна — еңбек ақы, айыбана — айып ақы, пезенде – шебер аспазшы, білімдан - білімді, алмазар - алма бақ;

Иран-тәжік тілдерінің сер-, пеш-, бәд-, ным-, префикстері арқылы жасалған сөздер жиі кездеседі-. серсакал — сақалды, пешқадам — алдыңғы қатарлы, бәдәжһіл — ашуланшақ, нымжан — өлсіз, німрең — реңсіз;

Өзгелік етістің -газ, -гез, -қаз, -кез жүрнақтарымен жасалған сөздер кездеседі: тұрғазу — тұрғызу, көргезу — көргізу, өткезу — өткізу.

Тәжік сөйленісінде: -ың, -ің етістіктің бұйрық мәнімен бірге тілек, қалау, сыпайылық реңдерін білдіреді: келің — кел, тұрың — тұр, берің — бер. Бұл ерекшелік батыс сөйленістеріне кіретін Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікменстан қазақтары тілінде де жиі кездеседі.



Лексикалық ерекшеліктер

1. Оңтүстік сөйленістерге ортақ лексикалық ерекшеліктер.
Егін, жер суландыру шаруашылығына, бау-бақша, жеміс, мал атауларына байланысты кәсіби сөздердің басым көпшілігі оңтүстік сөйленістердің бәріне тән: сүдігер, атыз, жүйек, көмбеқонақ, сота, қоза, жекелеу, оман арық, қауыншек, дембілше, пада, падашы, есек, қодақ, т.б. Күнделікті өмірде қолданылатын ортақ сөздерге мысал: ақыр — малға шөп салатын орын, асар — көмек, жәрдем, әпкіш — иін ағаш, дәйілше — 2-3 бұттық қап, жадағай — астарсыз жеңіл шапан, жуалдыз - тебен ине, келімдәрі - қызылбұрыш, кірлен - шылапшын, сым — шалбар, көрпелдес — кенже туған қозы, қошна — көрші, тана — бір жасқа дейінгі бұзау, зуала — қамыр нанның үзіндісі, ақта — піштірілген мал т.б.

2. Онтүстік сөйленістердің бәріне емес, 2, 3, 4 сөйленіске ортақ лексикалық ерекшеліктер.

Жетісу, Шу сөйленістеріне ортақ сөздерге мысал: кепсер — бауырсақ сүзгіш, мият — тірек, көмек, наубай — нан пісіретін орын, себет — талдан тоқыған ыдыс, чанда-чанда — анда-санда, шынтақ — трубаның иіні, ошақ пеш — дөңгелек темір пеш.

Ташкент, Шу, Шымкент сөйленістеріне ортақ сөздерге мысал: асадал — тамға қоятын сырлы, оюлы шкаф, байтаба — жүннен тоқылған шұлық, қойқосақ - кемпірқосак, мере — сөре, сапал - үлкен кесе, таңамал - таң сәрі, шайдоз — мыс құман, тураған — етті ұсақтап турап, сорпалап жасалған тамақ, асық — артық, ашық-машық - топса.

Ташкент, Шымкент, Қызылорда сөйленістеріне ортақ сөздерге мысал: кекпір — нан сүзгіш, тәбімше — ойымша, шәйлә — қамыс қора, шолпы — тесік ожау, шопақ — қауын-қарбыз дәні, жап — егіндіктегі кішкене арық, жарма — үлкен арық.

Шымкент, Қызылорда, Шу, Ташкент сөйленістеріне ортақ сөздерге мысал: бастырма — бір жақ қабырғасы ашық, төбесі жабық қора, бәдірен — қияр, жүдә — аса, өте, тіпті, мүлде, кеуіл — көңіл, таға — нағашы, шақа — бақыр ақша, нәренжу — жүдеу, арықтау, жертөле -жер үй, еге — ие.


3. Оңтүстіктегі жеке сөйленістерге тән лексикалық ерекшеліктерге мысал.

Ташкент сөйленістерінде: аюан — үйдің алдыңғы бөлігі, әндемі -үй сылайтын темір қалақша, бақуат — қуатты, дәш - дала, жам -шылапшын, зұлпын — есіктің ілгешегі, кәм — аз, кем, қам — шикі, мәйек — жұмыртқа, өтен — туып-ескен жер, әпше — әпке, кәлет — қате, манзұр - лайық, пәкизе — таза, әчі — ащы, жегене -жалқы; тұрақты сөз тіркестері: алағаудан болу — көңіл бөліну, әуірі басылу — желігі басылу, кумәнға шыгу — ақтау, құтқару, пеш қыліу — қыр көрсету, табым жоқ — көңілім жоқ, башаны шағу -зорлық істеу.

Қызылорда сөйленістерінде: атшөлке — киіз қамыт, айырқом -
желқом ер, көпе — марқа, бағлан, әтешкір - шымшуыр, егерше -
ершік, мойыншалғы — шәрпі, күртік — еттің наны, қарғын — ағыны қатты су, мәнпағат — күнкөріс, қылды бақыр — шелек, қайыс нан -
етке салатын нан, кеусандық — үлкен сандық, әуіт — шығырдың су
жиналатын жері, мастық — шығырдың арқалығы, шану — сену; тұрақты сөз тіркестері: бақадар әлінше — өз өлінше, кес болу - бөгет болу,
қайлы болу — көңілі қалу, мыш етпеу — шімірікпеу, құлақы әңгіме -ел аузындағы әңгіме, атымы келмеу — реті келмеу.

Шымкент сөйленісінде: ақаба — қақтың суы, аң — шұңқыр, жыра, аскеді — асқабақ, әсел — бал, дәбі — дәлелі, себебі, кәшек — мал жеген шөптің қалдығы, мәшке — бөдене аулайтын ит, молақан -қарақшы, нам — ылғал, дым, сыпа — үйдің төбесі, шақтау — бұтақтау, шекі — ерсі, шебік — кебеже, мизаж — ыңгай, басқыш — самауырдың түтін сөндіргіші; тұрақты сөз тіркестері: біршек болу - бірлесу, қосылу, бірігу, дәрпі кету — атағы шығу, сүйек қас болу –тұқымымен қас болу, тәннен шығу — разы болу, ыза шығу — су шығару, ынтығын қағу - ынтық болу.


Шу сөйленісінде: астана — табалдырық, булық — самауырдың түтін өшіргіші, елет — туыс, жоңғуыр — сүргі, жұрттық — жұрт жәрдемі, забын — ауыртпалық, зәк - дым, сыз, кенайы — жеңге, күрсі — мосы, мәрт — жомарт, мелдесу — бәстесу, насыр көже -кеспе көже, өлпең — ыстық, қапырық, тәс орамал — қол орамал, шажа — таудың биік басы, чілік — ойын аты, шабара — тор, чық —тұздық; тұрақты сөз тіркестері: ежіре қылу — келісу, мелдек ату — тойып тұру, чекенелеп құю — аздап құю, қамыры ашу — жаны ашу, ұқық қылу — жер аудару, нәзім қылу — мақтау.

Жетісу сөйленісінде: абетай - таза, әйбір - бұйым, нәрсе, бұлың -бөлме, жақамау — жақтырмай, дас — деген, шылапшын, дерен — үлкен, жуан, жамбақы — ұры, жозы — аласа дөңгелек үстел, зай — дымқыл, дым, көдек — есектің кұлыны, кунәйім – күнәлі, лақажда — жуырда, манақа — мән, себеп, мүкі — жөні, реті, науан — биік, үлкен, сердебе — сірне, кембе — жүгері, ыраң — таңертең; тұрақты сөз тіркестері: желге ауу — суық тию, қыдыра асу — тік, тура асу, суретке тарту — суретке түсіру, баран қылу — жария ету.

Тәжік сөйленісікде: мәстаба — ет, күріш, майдан жасалған тамақ, палаукеді — палау асқабағы, сукеді — ыдыс жасайтын қабақ,
ғыжым — пүліш, мөкі — өкшесіз аяқ киім, нім кесе — үлкен кесе,
ләлә - жайпақ табақ, пар - құс жүні, амбыр - тістеуік, мағыз -
керпенің жиегі, обы — суармалы егін, сәрвәнт. — судың көмейі, тоғыра кепе — қамыс кепе, зият — артық, жұма — сиыр, чақ — арық түрі; тұрақты сөз тіркестері: арқада қалу — артта қалу.



<< предыдущая страница   следующая страница >>